Ілияс (Л.Толстой)

полл

Уфа губерниясында Ілияс деген башқұрт жігіт болды. Әкесі дүниеден озғанда Ілияс кедей еді. Әкесі оны үйлендіріп қана үлгерді. Бірақ Ілиястың өзі іскер, шаруақор болатын. Жайлап мал-дүниесін көбейте бастады. Ол кезде оның жеке меншік жері, 7 биесі, 2 сиыры және жиырма шақты қойы бар еді. Әйелі екеуі ертеден кешке дейін еңбектенді. Ерте тұрып, кеш жатты. Сөйтіп жылдан жылға байи берді. Тынымсыз еңбектің арқасында Ілияс 35 жылда жерін үлкейтті. Қазір Ілиястың 200 жылқысы, 150 ірі қарасы, 1200 қойы болды. Жылқышылары үйір-үйір жылқысын, падашылары табын-табын сиырын, қойшылары отар-отар қойларын бақты. Сауыншылары биелері мен сиырларын сауып, қымыз, сары май, ірімшік жасайтын. Ілиястың одан да басқа дүниесі көп болды. Төңіректің бәрі Ілиястың тұрмысына қызығатын. «Ілияс бақытты ғой, төрт құбыласы түгел, не арманы бар екен,» — дейтін. Ілиясты бақуатты адамдар іздеп келіп танысып жатты. Кейде тіпті өте алыстан адамдар іздеп келетін. Ілияс болса әрине, бәрін құшақ жая қарсы алады. Қонақтың түр-түсін талғамай, кім болса да қой соятын. Ет асып, шәй беріп, қымызына дейін тартатын.

Ілиястың екі ұлы мен бір қызы бар. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ілиястың тұрмысы төмендеу кезде ұлдары әкесімен бірге мал бағысатын. Кейін тұрмысы түзелген соң ұлдары неше түрлі өнер шығарып, біреуі ішкілікке беріліп кетті. Үлкен ұлы біреумен төбелесіп сол кезде қайтыс болды. Екіншісінің үйіндегі келін кердеңдеу шығып, бөлек шығаруға мәжбүр болды. Ілияс оған енші беріп, алдына малын салып бөлек отау етті. Сөйтіп Ілиястың мал-дүниесі кеми бастады. Ұзамай қойларына топалаң түсті. Көбісі қырылып қалды. Келесі жылы қуаңшылық болып – шөп шықпай қалды. Қысқы жұттан мал тағы қырылды. Сөйтіп жүргенде бір үйір жылқысын қырғыздар барымталап кетті. Осылайша бар байлығының берекесі кетті. Өзі де бұрынғыдай емес, күші азайып қартайыпты. Жасы да 70-ке келген еді. Тұрмысының нашарлағаны сонша қасқыр ішігін, қалың түкті кілемін, күміспен зерлеген аттың ерлерін, алты қанат киіз үйін, ақырында ұстап отырған аздаған малына дейін сатты. Сөйтіп алаңсыз тып-типыл қалды. Енді әйелі екеуі амалы қалмай жұртқа жалдана бастады.
Оларды көршісі Мұхамедшах аяп кетті. Мұхамедшахтың өзі бай да емес, кедей де емес, бір қалыпты өмір сүретін жақсы адам еді. Ол Ілиястың дастарханынан жеген талай дәм-тұзды есіне алып, оны аяп: «Ілияс ата, кемпіріңіз екеуіңіз біздің үйге келіп тұрыңыздар. Жазда бақшамда шамаңыз келген істі жасарсыз, қыста малдың жем-шөбіне қарарсыз, ал әжеміз бие сауып қымыз ашытсын. Ас-суларыңыз, киімдеріңіз менен. Одан бөлек жандарыңызға тағы не керек, айтарсыздар,» — деді. Ілияс алғысын жаудырып, кемпірі екеуі Мұхамедшахтың үйіне келіп тұра бастады. Алғашында біраз қиналды, сосын үйреніп кетті. Сөйтіп қариялар шамаларына қарай ғұмыр кешіп жатты.
Мұхамедшахқа мұндай адамдарды үйінде қызметке ұстау пайдалы еді. Себебі, жасы келген кісілер кезінде өздері де қожайын болған, тәртіптің бәрін біледі. Олар ерінбейді, жалықпайды, шамаларының жеткен жеріне дейін жұмыс істейді. Бірақ, Мұхамедшах бір нәрсеге таң қалаушы еді. Осындай жоғары деңгейдегі адамдардың мұндай төмен жағдайға дейін түсіп кеткеніне таң қалатын.
Бірде Мұхамедшахтың үйіне алыстан құдалары қыдырып келеді. Ауыл молдасы да кісілердің арасында болады. Мұхамедшах бір семіз қойын сойып күтті. Ілияс етті жіліктеп жатса, кемпірі қазанға салып, қонақтарға қызмет жасады. Қонақтар қалың кілем үстіне төселген төрт қабат көрпешеге отырды. Шынтағында құс жастық. Қымыз ішіп әңгіме-дүкен құрды. Ет желініп, шәй ішіліп, енді қымыз ішуге кіріскен еді, есік аузынан қараң еткен Ілиястың сұлбасы көрінді. Сол кезде Мұхамедшах жайлап қонақтарына қарап:
— Ана есік алдын жүрген ақсақалды байқадыңыздар ма? — деп сұрады.
— Иә, анау жүрген шал ма? — деді қонақтары.
— Ол қария бұрын осы төңіректегі атақты бай болған адам. Есімі — Ілияс.  Естіген боларсыздар?
— Әрине естігенмін, — деді құдасы. — Бұрын көрген емеспін, бірақ атын талай естігенмін.
— Енді ол байғұстың ештеңесі жоқ. Біздің үйде жұмыс істеп жүр, кемпірі бие сауады.
Қонақтар таң қалып, басын шайқасты:
— Иә, өмір деген алма-кезек. Бірде олай, бірде былай. Біреуді жоғары көтерсе, енді біреуді төмен қарай құлдилатады. Ақсақал бұрынғы өмірін  аңсайтын шығар? — деп сұрады бір қонақ.
— Кім біледі, бір қалыпты ғұмыр кешіп жатыр. Үндемейді. Жұмысты жақсы істейді.
— Ол кісімен сөйлесуге бола ма? Бұл қарияның өмір жайлы пікірін естісек.
— Несі бар, болады! — деді Мұхамедшах. Сөйтіп сыртқа қарай айқайлап:
— Ілияс ата, ішке кіріп, қымыз ішіңіз. Апамды да ертіп келіңіз.
Үйге Ілияс кемпірімен бірге кірді. Қонақтармен амандасып, бата жасап, босағаға тізерлеп отырды. Кемпірі де кіріп әйелдердің жанына барып отырды.
Ілиясқа қымыз құйған ыдысты ұсынды. Ол қымыздан аздап ұрттап дастарханға қойды.
-Ақсақал, жағдайыңыз қалай? — деді қонақ. — Бұрынғы өміріңіз есіңізге түсіп, мына біздерге қарап, ішіңіз күйіп кетпей ме? Кезінде қандай бақытты едіңіз, ал қазір қандай уайым-қайғыда жүрсіз?
Ілияс мырс ете қалды да:
— Егер саған қазіргі басымнан өтіп жатқан бақытымды айтсам, қызығар едің. Одан да оны менің кемпірімнен сұра. Ол жүрегінде не болса соны айтады. Өмірі өтірік айтқан емес.
Сосын қонақ Ілиястың әйеліне қарап:
— Ау, апатай, бұрынғы бақытың мен қазіргі сорың жайлы айтып берші, — деді.
— Ол енді былай ғой, шырағым. Шалымыз екеуміз жарты ғасыр бірге өмір сүрдік. Міне, мал-дүниеміз қалмағалы екі жыл болды. Қазір кісі есігінде қызметте жүрміз. Енді ғана бақытқа қол жеткізгендей болдық. Ал бұрынғы өмірім тұрғанымен сор екен, — деді кемпір.
Бұл сөзге қонақ та, Мұхамедшах та таң қалды. Орнынан көтеріліп кемпірге анықтап қарай бастады. Кемпір болса жүзі нұрланып күлімдеп тұр. Шалына махаббатпен қарап қояды. Шалының да жүздері нұрланып, күлімдеп тұр екен. Кемпірі тағы да:
— Шын айтып тұрмын, әзіл емес. Елу жыл бақыт іздеп, бай кезімізде таппап едік. Енді қолымызда ештеңе қалмаған кезде, жұрттың есігінде қызметші болып жүріп, сол бақытты таптық. Енді бізге ештеңе керегі жоқ,» — деді.
— Сонда сол бақытыңыз не болды? — деді қонақтар.
— Ол былай шырақтарым. Бұрын біз бай едік, шалымыз екеумізде бір сағат бос уақыт жоқ болатын. Не әңгімелесуге уақыт жоқ, не жан-дүниемізді ойлауға уақыт жоқ. Тәңірге табынуға, болса да, уақыт жоқ. Жүректі неше түрлі мәселе шырмады! Біресе аяқ астынан күтпеген қонақ келеді. Жорғалап оның алдында жүгіреміз. Қонақтарды қайтарсақ, қарамағымыздағы жұмысшыларды қадағалаймыз. Олар тамаққа тойып алып ұйықтай бергісі келеді. Ал біз өз дүниеміздің қызықшылығын көргіміз келеді. Сөйтіп күнәға бұрынғыдан бетер бата береміз. Біресе құлындар мен бұзауларды ит-құс жеп кетпесін деп уайымдаймыз. Немесе барымташылар жылқы үйірін айдап кетпесін деп түн ұйықтамаймыз. Көз ілінсе де, көңіл сергек жатады. Түн тұрып қора-қопсыны тексеріп келесің. Енді тыныштала берсең, тағы бір уайым шығады. Қысқы жем-шөпті қайдан дайындаймын деп ойлайсың. Оны айтасың, біз шалымыз екеуміздің әңгімеміз жараспайтын. Ол былай істеу керек дейді, мен керісінше олай істеу керек деймін. Содан ұрыс-талас шығады. Қысқасы отбасында береке жоқ еді. Біз солай бір уайымнан екінші уайымға дейін, бір күнәдан екінші күнәға дейін батпаққа батып, бақытты өмір сүрген жоқпыз.
— Ал енді ше?
— Қазір, шалымыз екеуміз таңертең ерте тұрып алып амандық сұрасамыз. Бұрынғыдай уайым жоқ. Айтысып-тартысатын ештеңе жоқ. Қазір тек қожайынды ренжітпей қызмет жасайық деген уайым бар. Жұмысты шамамызға қарап шын ықыласпен атқарамыз. Үйге келсең дастархан толы ас, қымыз да жеткілікті. Жаурасаң тезек бар, тұтатасың да жылынасың. Үстімізде тонымыз. Әңгімелесуге де мүмкіншілік бар, рухани өміріңді ойлауға да уақыт табасың. Жаратушыңа да құлшылық қыласың. Елу жыл іздеген бақытты енді таптық.
Қонақтар күліп жіберді.
Ілияс:
-Ағайындар, бұл күлетін нәрсе емес. Бұл адам өмірі. Кемпіріміз екеуміз байлықты жоғалтқанға дейін ақымақ болып, орынсыз жылаппыз. Ал қазір Құдайдың өзі бізге ақиқатты ашты. Ал біз бұны ермек үшін емес, сендерге жақсылық тілеп айтып отырмыз, — деді.
Сол кезде көп ішінде отырған молда:
— Бауырлар, бұл сау ақылдың әңгімесі! Ілияс Хақиқатты айтты. Ол жөнінде діни кітаптарда да жазылған, — деді қолын көтеріп.
Қонақтар күлкіні дереу доғарып, ойлана бастады.

Аударған Жүрсін Кәрім

Пікір

  • Мына орыстарың таза қазақ қой

    Бауыржан 29.05.2015 16:26 Ответить
  • Толстай абыз көшпенді халықтардығ өмір салтымен жақсы таңыс болған тəрізді. Мына əңгіме жандүниемізге жақын, əсерлі, көз алдымда елестеді де отырды!

    Аманкелді Садуақас 02.02.2018 23:34 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню