Көгілташты салған Көкі жайлы

1417

Бұхар хандығында Шәмсі Мұхаммед есімді молда өмір сүріпті. Осы молда ханға келіп, «сахарада көшіп-қонып жүрген қазақ деген халық Мұхамбет пайғамбардың дінін шала біледі. Шариғат заңын дұрыс орындамайды. Сондықтан бұл халықты дінсіз деп танып, шетінен ұстап базарға құл қылып сатуға жарлық беріңіз» дейді.
Хан кеңесі болып, «қазақ халқының бір өкілінен шариғат заңынан емтихан алайық. Одан өте алмаса, құл етіп сатуға жарлық береміз» дейді. Шабармандардан хабарды естіп, қазақтар жиналып кеңеседі. Ортаға Көкі есімді жігіт шығып: «Бұхарға барып сауалдарына жауап беріп, елімді құлдықтан құтқарамын» дейді.
Елдің батасын алып, жолға шығады. Көкі Бұхарға бесін кезінде келіп, Шәмсі Мұхаммед қызмет ететін мешітке кіріп, жұртпен бірге намазға жығылады. Намаз аяқталып, соңғы бата берілген кезде Көкі қолын жеңінен шығармай бетін сипайды. Осыны байқаған Шәмсі Мұхаммед жендетіне:

— Ана адамды шариғат заңын бұзғаны үшін сазайын бер, — деп бұйырады. Сол кезде Көкі:
— Молдеке, тұра тұрыңыз. Құдайға құлшылық еткен кезде қолымызды ашық қалдырып, басқа денемізге киім кимейміз бе? Қасиетті Құранда «Алла Тағала тек киім киіп құлшылық еткендерге құлақ асады» деген емес пе? Сол себепті қолым да денемнің бір бөлшегі болған соң жеңіме жасырып едім. Қате десеңіз, ханға барып төрелік сұрайық, — дейді.

Ханға келіп мән-жайды түсіндіреді. Хан оның жауабына риза болып, сарайына барлық бұқаралық ғалымдарды жинайды. Көкі ислам шариғатының бүге-шігесіне дейін жетік білетін білімдарлығымен Бұхара ғұламаларының таңдайын қақтырады. Оған тәнті болған хан:

— Қандай тілегің бар, орындайық, — дегенде Көкі:

— Мен осы Бұхардың ортасынан медресе салып, бала оқытсам деймін, — дейді. Бұл тілегіне бұхарлықтар келіскен соң:

— Тек бірнеше шартым бар.

1. Өмір бойы бес уақыт намазын қаза жібермеген;
2. Дәретсіз жер баспаған, ешкімге ешқашан зұлымдық ойламаған;
3. Ешқандай зинақорлық жасамаған, ғұмыр бойы тақуашылығынан айны­маған;
4. Есігінен қараған қайыршының меселін қайтармаған;
5. Мұсылмандық парызды бұлжыт­пай орындаған;
6. Үйіне келген қонақты қайдан келгенін сұрамай қонақасы берген;
7. Ешкімнің атақ-дәрежесіне қара­мастан шындықты бетке айтқан;
8. Ешқашан Құдайдан басқаға құлдық ұрмаған адамға ғана мешіт құрылысын бастауға рұқсат етемін.

Сонда мұсылмандығымыз өзгеге өнеге боларлықтай дәрежеде деп астам ойда жүрген дүйім Бұхар жұртынан бұл шартқа сай келетін бірде бір адам шықпайды. Сөйтіп Көкі сол медресені жалғыз өзі салған екен деседі.

Медресені салған кезде де, ханнан бірде бір қаржы алмапты. Өзі сыпырғыш жасап, базарға әкеп сатып, содан түскен ақшаға медресенің кірпішін сатып алады екен. Тойып тамақ ішпей, тапқан ақшасын мешіт құрлысына жұмсайды. Алты жыл дегенде мешітті бітіріпті. Кірпіш дайын болған соң мешіт салуға рұқсат сұрайды.

Бұхар халқы мұнарасы аспанмен тілдескен мешітті көргенде таң-тамаша боп қалады. Көкінің тақуалығына риза болып бұл қасиетті мешітті оның құрметіне «Көкі тас» деп атайды». Кейін келе ол мешіт «Көгілташ» аталып кетіпті. Сан ғасыр бойы бүкіл Орта Азия руханиятына қызмет еткен сол оқу орны дәстүрлі қазақ мұсылмандығына орнатылған ескерткіш ретінде күні бүгінге дейін тұр. Бұл мысал қазақ халқының діни-ұлттық бірегейлігіне сынмен қарап, сына қаққысы келгендерге берілген тарихи жауап іспетті.

Халел Досмұхамедұлы

Пікір

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню