Кемпірбайдың соңғы сөзі

images

«1950 жылдары Семейге келген Мұхтар Әуезов Қайым Мұхамеджановты ертіп алады да, бұрынғы ет комбинатының жанына барып, молдасына құрып отырып, қоңыр дауысымен күңіренте аят оқиды. Батасын қайырып, бет сипап болғаннан кейін таксиге отырып, обкомға тарт­ады. Алайда бірінші хатшы кезіге алмай, кабинеттен көңілсіз шығады. Кешке Қайым Мұхамеджановтың үйінде қонақасы жеп отырып: «Менің бүгінгі әрекетімді түсіне алмай, мына кісіні жын қағып кетті ме деп ойлаған шығарсың. Ештеңе де қаққан жоқ, бұл – жан күйзелісі. Жаңағы ет комбинатының астында қазақ сөз өнерінің сүлейі Кемпірбай жатыр. Алладан үміті жоқ аруақ атқырлар басқа жер таппағандай, доңыз сойып, нәжісін төгетін мекемені әруақты ақынның бейтінің үстіне салыпты» дейді көзіне жас алып отырып Бұл деректі Ермек Балташұлы деген автор «Қазақ әдебиеті» газетіне «Ассалаумағалейкум, Нар Кемпірбай» деген атпен жариялаған.

Кемпірбай 1834-1895 жылдары өмір сүріп, Құнанбай, Алшынбай, Шөже ақын, Әсет, Абай сияқты ірі тұлғалармен замандас болған. Кемпірбайдың дүние салар алдында Әсетпен бақұлдасуы қазақ әдебиетіндегі шдеворлардың бірі саналады. Алысқа бармай-ақ, бір ғана Кемпірбайдың сөз саптасына қарап, сол кездегі қазақ мәдениеті мен дүниетанымының барлық иірімдерін анық көруге болады. Әдетте ондай көркем иірімдер діннің философиясы терең сіңген, өркениет тамырын өте тереңнен тартатын халықтарға тән болады. Мысалға:

Аузыма айырларда сөз салмасаң, 

Қонғаның, өлең шіркін, бекер ме еді? — деген шумақта өлең өнерін адамға таңдап жүріп қонатын Алланың айрықша нығметі етіп сипаттайды. Одан бөлек:

Ер Дәуіт жеті жаста иектеді,

Жақсының суын іштім құдығынан, — деген шумағында пайғамбарлар рухының мәңгі өлмей, оның кие, қасиетінің кейінге жұғысып отыратынын меңзейді. Себебі, діни қиссаларда Дәуіт пайғамбар әрі ақын, әрі әнші ретінде сипатталады. Екіншіден, ұсталармен бірге ақындықтың, әншіліктің пірі саналады. Ол ән салғанда ұшқан құс, жүгірген аң тоқтап тұрып тыңдайды екен.

Әсетжан, осы аурудан өлем білем,

Алланы аманатын берем білем, — деп екі ауыз сөзбен кеудедегі шыбын жанның Алланың аманатқа берілген қасиетті рухы екенін мойындайды.

Кеудемнен көкала үйрек қош деп ұшты,

Сол шіркін, кәрі жолдас өлең білем.

Кеудемнен көкала үйрек қош деп ұшты,

Сол шіркін, жалғыз ұлға қонбас білем, — деген шумағына қарап өлең өнерінің иесі өзі емес екенін мойындайды. Яғни, құдіретті өнер Құдайдың ұлықсатымен қонбаса өз қалауымен баласына дарыта алмайтынын ашық айтады. Бұл көзқарас адам бойындағы рухтың қасиетінен туындайтын барлық творчествалық қасиетті ерекше кие дарытып танитын өркениетті адамның танымын әйгілейді.

Басымда отырды өксіп қимай-жоқтап,

Кете алмай басқа жақта айналсоқтап.

«Серігім қош аман бол, Кемпірбай» деп,

Жылады бұрынғы өткен күнді жоқтап, — деп бейне бір өлең өнерін киесімен адамша қоштасады. Әсіресе, Кемпірбайдың осы сөздерін тебіренбей тыңдамай мүмкін емес.

Келдің бе, ажал шіркін, алайын деп,

Құрықты сала құлаш салайын деп,

Азырақ аялдашы ажал батыр,

Жатырмын өзімдағы барайын деп, — толғайтын жерінде ажалдан қорықпайтын, өзінің ана дүниедегі жағдайының жаман болмайтынына сенімді болатын рухы өр, жүрегі таза мықты момынның кейпін танытады. Алланың ақ ажалына қарсылықсыз мойын ұсынады.

Жырды бастан-аяқ тыңдасаңыз Сіз де бір сәт Кемпірбайдың рухымен әсерлескендей болып ерекше күйге бөленесіз.

Пікір

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню