Дін мешітте ғана емес мәдениетте де гүлденсін

DSC_0095

Мамырдың 4-6 аралығында Түркістан қаласында Матруди ілімін тану бойынша халықаралық симпозиум өтті. Оған 15 шақты шет елден  ғалымдар келіп, жиған-тергендерін ортаға салып, ойларымен бөлісті. Мақсаты біреу. Дінді тұтынғанда қасаң догмаға қатып қалмай, адам ақылын мейлінше тиімді пайдалану. Тоқырап бара жатқан рухани һәм мәдени кеңістікке жан бітіру. Бұл мәселені реттеуде Матруди мектебінің ғұламалары мың жыл бұрын бәрінен озық шыққан екен. Тарих толқынында Ислам мен Құранды жалпы мұсылман жұртына ұтымды әдіспен ұқтырудың ілкіде екі ірі мектебі қалыптасқан. Бірі хиджаз аймағындағы арабтық танымға негізделген әшғари мектебі. Екіншісі, орта ғасырда әлемдік тәртіпке ықпалы өте зор болған түркі тектес ғұламалар мектебі. Ғалымдардың айтысына қарағанда теологиялық айтыс-тартыс сол кездің өзінде-ақ қызған. Яғни, Ислам басқа аймақтарға таралып, өзге жұртты шарпығанда  ұлттық таным мен төл мәдениет мәселесі көтерілген. Исламға дейін де мемлекет құрып, өз мәдениеті мен өркениетінде өмір сүрген  халықтар Исламға сол күйі жұтыла салмапты.

Сол сияқты түркі ғұламалары да «Ақиқат, Құран, пайғамбар келді. Енді бұрынғы ескі түсінік пен әдет ғұрыпты түгел тастаңдар» демепті. Олар сұрақты «көнеден жанымызға нәр беріп  келе жатқан төл мәдениетіміз бен  өркениетімізді жойып алмай, керісінше оларды  Құран нұрымен  суарып,  күшейтіп  алсақ бола ма» деген ракурстан қойыпты. Сондықтан да, Матруди мектебінің өкілдері проблеманы өте қарапайым жолмен шешкен. Мысалы,  әшғариліктер жаңа мәдени құбылысты көрсе автоматты түрде «бұл нәрсе Құранда бар ма» деп сұрайды.  Самарқан қаласының ғұламалары «бұл салт пен сана  Құран рухына қайшы емес пе» деп сұрайды. Егер жергілікті дәстүр мен ғұрып Құран рухымен қайшылыққа келмей, керісінше моральдік тұрғыда онымен үндесетін болса, оларды діннің бір бөлшегі ретінде дамытуға тырысқан. Нәтижесінде Ислам кемелдініп, Орта Азияда мәдени құбылыс ретінде айқын көрініс тапты. Сол жерде Қаратышқанова есімді ғалым әйелдің баяндамасын тыңдадым. Ұмытпасам мынадай пікір айтылды. «Арабтарда Исламды дәстүрімізбен қайтсек үйлестіреміз деген мәселе болған жоқ. Себебі, пайғамбар сол ортадан шыққандықтан ол проблемаларды бірден шешіп тастады.

Яғни, Мұхамбет пайғамбар замандастарының надан түсініктерін жойды да, ақылдың күшімен ары қарай әлемдік деңгейде дамуға жол ашты.  Осылайша Құран нұрының себебінен олардың  мәдениеті және төл танымы тез  тіріліп шыға келді. Орта Азияда бұл құбылыс басқаша сипат алды. Яғни, көнеден келе жатқан барлық түркілік  таным мен ұғымдар Құран мен Исламның рухымен үндесуі тиіс еді. Егер ондай гармония болмаса бұхара халық жаңа дінді қабылдамас та еді». Маған осы пікір қатты ұнап қалды.  Қазір бұл тенденция қайта басталды.  Дүниетанымы таяз қазақтар Исламды қабылдаған соң өз мәдениетін өзі бөтенсіп үркіп, қорқып, сасып отырады. Қашан көрсең олар «Қазақтың осы салты Құранда бар ма? Суннаға қайшы емес пе»  деп басын қатырып отырады. Осылайша олар мәдени кеңістікте  тоқырауға тез ұшырап, ақылдары цемент боп қатып қалады. Соның кесірінен  олар әртүрлі дауға  шатылып, абыройларын тез түсіріп алады. Осындай шырғалаң талай қазақтың басын қатырған соң  дін ғалымдары Матруди мектебінің өкілдері қалдырған ілім-білімді  қайта жаңғыртауға мәжбүр болып отыр.

DSC_0196

Жоспар бойынша бұл жиын сәуір айының 16-18 аралығында өтуі керек еді. Бірақ тура сол күні біздің президент Ердоғанмен бірге Түркістанға зиярат жасамақшы болады. Маңызды жиын сол күні, сол сағатта, сол минөтте кейінге шегеріледі. Барлық ғалымдар ұшаққа алған билеттерін ауыстырады. Шаруасын жарты жыл бұрын жоспарлап алып істейтін АҚШ, Англия, Германия сияқты тәртіпті елдің ғалымдары мұндай шұғыл өзгеріске бейімделе алмапты. Ол жақтан ешкім келмей қойды.  Бұл маған зор соққы боп тиді. Себебі, түрікше білмеймін. «Ағылшынша тілдесіп, олардан  біраз ілім алсам» деген дәмем далбаса боп қалды. Оның үстіне Түркиядан келген ғалымдардың кейбірінде жамағаттық психология толық өлмеген. Адамға жұғымы жоқ. Ондай лоббистік миссияны біздің де біраз   мамандар арқалап жүр. Оларға да қызыққам жоқ. Через не хочу келген қазақтар жансыз жазылған баяндамаларын асығыс-үсігіс оқып жатқан. (Бірақ фуршетте активный екен) Бірақ, қазақтарға арқа сүйеп, жастарды ғылымға баулығысы келіп, шын ниетімен шапқылап жүрген түрік ғалымдары да баршылық.

DSC_0186

Уфадан  келген өкіл — таза молда. Ғылымға еш қатысы жоқ. Башқұрттар әбден езілген халық. Бізден алыс. Танымдары таяздау. Бақылау қатаң.

Татарстаннан келгендерді Кремль тағайындаған болса керек, екеуі де өте сақ жүрді. 2011 жылы Қазан қаласында қастандықтан қаза тапқан марқұм Уәлиулла Якубов туралы сұрап едім, екі көзі алақ-жұлақ етіп, қарадай терлеп кетті. «Кремль духы мықты татарды діннің басына өлсе тағайындай ма» деп ойладым ішімнен.

DSC_0105

Сонда да маған Құдай қарасты. Вена қаласынан Филип есімді 35 жасар ғалым келіпті. Ислам тарихын әбден зерттеген мықты маман. Араб, ағылшын тіліне судай. Ислам діні жайылған талай елдер мен аймақтарды жаяу аралаған нағыз жанкештінің өзі. Аңқылдаған ақжүрек адам екен. Бірақ мысқылдап, әзілдеп сөйлеуді де қатырады. Танысқан сәттен бастап  ақтарылып қоя берді. Венаның немісі болғанымен консерваторлық мінезі басым. Төрт баланың әкесі. Бұл Еуропа үшін ерекше құбылыс.

— Кім боп істейсің? Сен де ғалымсың ба? —  деді.

— Жоқ. Мен еріктімін. Матруди туралы білгім келді. Сосын өзім үшін келдім.

— Дінге қатысың бар ма, сонда?

— Бар. Өзімше рухани ізденем. Бұқаралық ақпарат құралдарының таққан ярлыгы бойынша мен «аса қауіпті зікірші сопымын». Қоғам да мені солай таниды.

— Сонда сен суфилік орденнің өкілісің бе?

— Бұрын болғам. Қазір жоқ.

— Неге жоқ?

— Себебі, оларды соттап, таратып жіберген.

— Сонда сендер қай зікірді көбірек айттыңдар? Жария ма, құпия ма?

— Жариясын. Яссауидің хикметтерін ара зікіріне қосып айтушы едік. Маған сол көбірек ұнайтын.

— Қызық екен. Мен осы жаққа шақырту алған кезде ішімнен «Қазақстанда үкімет Яссауи мен Матрудиді мемлекеттік деңгейде көтергелі жатыр екен. Бұл бір жақсы бастама» деп қызығып келіп едім. Сенің сөзіңе қарасам керісінше сияқты ма, қалай?

— Солай десе де болады. Бұл Түркия ғалымдарының қозғауымен өтіп жатыр. А так, Яссауиді ресми діни орталықтар насихаттауға құлықты емес.

— Оған не дәлел?

— Біріншіден Яссауиді қаралаған шалдыр-шатпақ салафиттік жазбалар әлеуметтік желіде ашықтан ашық жазыла береді. Оған  қарсы емеспін, әрине. Пікір алуандығы болу керек дегенді мойындаймын. Бірақ ресми дінді ұстап отырған орталық оларға қарсы жауап бермейді. Олар Яссауидің хикметтерін насихаттағаннан көрі, екі әйел алудың пайдасын уағыздағанды көбірек ұнатады. Екіншіден осы жиынға келген жергілікті ғалымдармен сөйлесіп көр. Сосын өзің білесің.

— Жақсы көрейін. Әлі екі күн уақыт бар. Енді саған бір сұрақ. Әдетте, бұл ілімді қожалар таратады. Қазір Қазақстанда қожалар институты бар ма?

— Ағартушы ретінде жоқ. Ру ретінде бар. Олардың кейбіреулері    аталарынан қалған көне кітаптарды сақтап қалған. Бірақ үзілген дәстүрді жалғай алмады. СССР кезінде большевиктер олардың көрнекті өкілдерін түгелге дерлік қырып жіберген. Бертінде кейбір қожалар рухани  ілімді  тірілтпек  болып, ұрпағын Араб елдеріне оқытып әкелген. Нәтижесі керісінше болды.

— Келген соң көзқараста  қайшылық күшейді ме ?

— Солай десе де болады.

— Ия, Ислам тарихын білмегеннің кесірі ғой. Менің мамандығым негізінен Ислам тарихы.  Сондықтан тура осы көзқарас пен таным тартысын өте жақсы білем. Егер СССР кезінде бәрін қырып жіберсе, сен кімнен сабақ алдың?

— Мен оралман қазақтан оқыдым. Ауғанстаннан келген. Әкесі  мына Қызылорданың қазағы болған. Өзі Кабулда  суфилік мектепте ілім алған.

Осыдан соң ол қызығып, маған сұрақтарды жаңбырша жаудырды. Далада бір сағаттан аса уақыт тұрдық. Сопыларға қатысты даудың ұңғыл-шұңғылдары туралы талай оқиға айтып бердім. Мұқият тыңдады. Ішке кірер алдында ол:

— Сен  осыдан соң матрудилік идеяларды  көпшілікке насихаттайсың ба?

— Иә.

— Онда бір ақыл айтайын. Ешқашан «бір ғана таным үстемдік құрса» деп армандама.

— Неге?

— Себебі, бір ғана таным өкілдері  үкіметпен  бірігіп, үстемдікке ие  болса, бара-бара радикалданады. Яғни, саны көбейіп алған соң азшылық топты езе бастайды. Езгіден қарсылық туындайды. Теке-тірес күшейе келе соғысға ұласуы мүмкін. Сондықтан «матрудилік көзқарас тірілсе болды, барлық бәледен бірден құтыламыз» деген иллюзияға сеніп қалма. Қолыңнан келсе тек тепе-теңдікке ұмтыл. Барлық жамағат  пікірлерін тең дәрежеде айтуға құқылы болғаны жақсы. Сонда ғана нағыз бәсеке басталады. Тарихты да қарап отырсаң солай. «Орта Азияда да тек қана матрудилік көзқарас жайылды» деген өтірік. Қолжазбаларды оқып отырсаң екі тараптың да көзқарастары алмасып жүре береді. Дәстүр атаулыны қырып-жоятын салафилік тенденция күшейгенде матрудилік өзінен өзі ес жинап алады. Бұл Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша солай. Мысалы өзің ойлап қара, тап қазір көз алдыңда тарих жасалып жатыр. Оны жәй адам байқамайды. Мен ғалым ретінде осыны аңдап тұрмын. Қазір мына симпозиумның да өтуіне түрткі болған  бірінші ғалымдар емес, салафилік тенденция. Солай ғой? Егер олар қазақтың мәдениеті  мен танымына қауіп туғызбағанда ғалымдар дабыл қағып, мынадай жиын жасамас еді. Мен айтайын, мына жиын елдің болашағы үшін өте-мөте маңызды.  Сондықтан салафилерге де алғыс айту керек. Олар болмағанда сен де матрудилік туралы естіп білмес едің. Мысалы, сен өзің бірінші рет Матруди деген адам атын қашан естідің?

— 2011 жылы естідім. Бір ғалымнан  «Ол кім?  Несімен атақты? Қандай көзқарас ұстанған» деп сұрадым. Ол  «Матруди тұңғыш рет ақыл туралы терең толғаған ғұлама. Ол араб уағызшыларына «Алланы бір деп тануда Құранға мұқтаждығым жоқ. Құран түспесе де, Пайғамбар келмесе де адамның ақылы күллі тіршіліктің тағдыры бір ғана Ұлы Жаратушының қолында екенін айыра алады. Сондықтан, әр бір  үкім мен нұсқауды ақылдың елегі мен сүзгісінен өткізу керек деген әдісті ұстанған» деді. Бұл көзқарас маған ұнады, — дедім.

— Иә, дұрыс айтады. Адам ақылы тоқтаусыз ойлана берсе көпқұдайлыққа емес, бірқұдайлыққа барып тіреледі. Ол соны меңзеген.

DSC_0353

Сонымен ішке кірдік. Жиын жалғасып жатты. Ертесіне тағы жолықтық. Үзілісте мені көріп, жүгіріп  келді.

— Мен сенің кешегі айтқандарыңды тексердім, — деді.

— Қайсы?

— Яссауи, зікір, хикмет  туралы ше.

— Иә?

— Қазақстандық 2-3 ғалыммен сол туралы сөйлестім. «Осындайлар  болыпты ғой. Солар туралы не білесіңдер» дедім. Олар маған кешегі сен айтқан үкіметтің версиясын сол күйі қайталап шықты. «Олар тіпті Иранмен байланысты шиғалар» деп соқты.  Бірақ өздері арнайы зерттемеген.

— Ауғанстанмен байланыстырса түсінуге болады. Иран, шиға дегенді қайдан тауып алады? — дедім.

— Бұл саған таңсық боп көрінуі заңды. Мен үшін түк те жаңалық емес. Бұл қалыпты құбылыс. Ислам тарихында ондай оқиға жиі болған. Бір діни топты ығыстыру керек болса, Иранмен байланыстырғысы келетін әдіс бұрыннан бар. Сүннилердің шиғаларды жек көретін қасиетін тиімді пайдаланады. Оларға апарып жапсыра салу өте оңай. Себебі мемлекет, шекара деген соңғы 100 жылда пайда болған заттар ғой. Одан бұрын діни кітаптар да дәруіштер де бір елден бір елге кедергісіз өтіп, сапырылысып жүре беретін. Орта ғасырда  мемлекеттік идеология, шекара, виза, паспорт деген жоқ. Қалаған адам, ұнатқан адамына барып ілім ала беретін. Сондықтан кез келген діни ағымды  Иранмен байланыстыра салу оп оңай, — деп күлді де маған қарап:

— Сонда бұлар кәдімгі академиялық ортадан шыққан ғалымдар ғой, солай ма?

— Иә, әртүрлі университеттің атынан келіп тұрған жоқ па.

— Сонда сіздерде іштен зерттеу деген тәсіл жоқ па? (Insight) Мен сөйлескен қазақ мамандарының бір де біреуі олармен кездесіп көрмеген.

— Иә, солай. Мысалы мен осы жерде солармен бірге жүрмін. Бірақ олар маған  «мен сол істі зерттеп жүр едім. Көзқарасыңызбен танысып, біліссем деп едім» деп сұраған емес. Керек десеңіз кейбір мамандар заказбен жазылған мақалаға да сілтеме жасай салады, — дедім.

— Иә, көріп тұрмын.  Ғалымдарың «ерекше» әдіспен зерттейді екен. Бізде олай емес. Бір мәселені қолға алған соң, соның ішіне кіру деген болады. Мысалы мен Ирактағы, Камбоджадағы, Индонезиядағы мұсылмандарды зерттеуге барғанда, басымды қатерге де тіккен кездерім болды. Пәлен ауыл, пәлен қыстақта түген деген шейх бар деп естісем соның алдына жеткенше тоқтамаймын. Мен оның үйіне жетем дегенше ол жайында миллион түрлі алып қашпа әңгіме естимін. Оны танитындар да танымайтындар да «ол андай адам, ол мұндай адам» деп бұрқыратып жатады. Менің міндетім негізгі кейіпкердің өзімен сұхбаттасқанша бір де бір тұжырым жасамауым керек. Шейхтың ханакасына жетіп, олармен бірге бірнеше күнді бірге өткізген соң ғана картина анық көрінеді. Мен мына сақалымды жіберіп, мұсылманша қойып алғандықтан олар көбіне мені Исламды қабылдаған деп ойлайды. Кедергі аздау болады. Әрі қауіп қатер азаяды, — деді.

Хош, сонымен не керек, екі күнді солай пікір алмасып өткіздік. Үшінші күні мені сол жердегі жас теологтар қонаққа шақырды. Менімен бірге Түркістанға еріп барған  дәстүрлі әншімді алып, кездесуге бардым. Шығар алдында Филипке:

— Мені мұнда жас мамандар қонаққа шақырып жатыр. Көңіліңіз соқса жүріңіз, — дедім. Ол:

— Қуана-қуана барам. Мұндай  кездесулер менің  зерттеу жұмысыма жол ашар еді. Қайда барамыз?

— Маған ілес, — дедім де ертіп алдым.

DSC_0394

Содан 1-2 жыл бұрын өзбектердің үйін жалдап тұрған бірнеше студенттер бұрынғы иесіне барып «оу, акам, біраз шетелден қонақтар келіп еді. Кеңірек үй керек. Бізді бір қонақ етіп жіберсеңіз. Шәймен ішетін онша мұншамызды өзіміз ала келсек. Не диорсыз»  депті. Олар бірден  келіскен. Шұбырып барсақ, кәдімгі өзбек ағайындар келіндерімен, қыздарымен қызмет етіп шауып жүр. Кең залына кіріп, 15 шақты қазақ шәниіп жатып алдық. Төрге Филипті сықитып отырғызып қойдық. Шәй, тамақ ішіліп болған соң бәрі «ән тыңдайық» деді. Жеті атасынан бері жыр айтып, ән салып келе жатқан жас жігіт домбырасын қолына алды да, Біржан салдың «он саусағынан» бастап құйқұлжыған арқаның әндерін бірінен соң бірін шырқай бастады. Қанша дегенмен Венада туып өскен неміс емес пе, музыкалық талғамы жақсы дамыған. Арқа әндерінің  адам жүрегін бірден баурап алатын сазды мелодиясын естіген кезде бірден елең ете қалды. 3-4 ән шырқалған соң немісің әннің кайфына кіріп алды да, ауылда  көкнәр қосылған шайды ішіп алып, жүзімнің астында елтіп жататын  шалдар  құсап, ақыл-есінен айрылып біраз уақыт  балқып кетті. Шағын концерт біткен соң ол есін жинап:

— Мына әндердің нашары жоқ екен. Шетінен шедевр ғой. Қазір әлем бойынша таза дауыспен айтатын дәстүрлі  әншіні кездестірудің қаншалықты қиын екенін жақсы білем-деді. Сол жерде оған бір жас студент сұрақ қойды.

— Мистер Филип, қазір біздің елде мазһабтарға қатысты діни дау-дамай, айтыс-тартыс қайнап жатыр. Кәләмдік тұрғыда да мыжыңбай әңгіме өте көп. Біз енді маман ретінде мазһабтың дін емес  екенін жақсы білеміз. Мазһаб — дін принциптерінің қоғамға енуіне жол ашатын құрал ғана. Заман озған сайын мазһабтың да айла-амалы өзгеріп тұрады. Өзгермейтін діннің моральдік заңдары ғана. Ал, қазір мұсылмандар өзі ұстанатын мазһабқа тура келмеген кез келген адамды қудалауға бейім тұрады. Осылайша мазһаб деген мәселе қоғамды  ұйыстырушы емес, керісінше бөлшектеуші құралға айналып бара жатқан сияқты. Сіз қалай ойлайсыз, осы мазһаб дауын тоқтатып, діннің моральдік принциптерін дамытып, дамыған қоғам құру мүмкін бе? Әлде осы өнімсіз дауға шатылғанымыз шатылған ба?

— Мен кешегі пікірімді тағы да қайталап айтам. Ислам тарихы тек мазһаб дауынан тұрмайды. Бұл кейде шарықтап, кейде пәсейіп тұрған құбылмалы динамика. Мазһаб та мұқтаждықтан туындайды. Өздерің де айтып отырсыңдар. «Осыдан 15 жыл бұрын «мазһаб», «ақида»  деген сөзді естімеген едік. Қазір жиі естиміз» деп. Көрдіңдер ме, салафилер келіп, әбден қалыптасқан діни тәртіп пен танымды бұзды. Ал бұл қоғамда «дұрысы қайсы?» деген сұрақты туғызды. Сендер де сол сіңісті болған жемісті жүйені сақтап қалу үшін еңбектеніп  жатсыңдар. Бірақ бұл мәңгілік процесс емес. Тепе-теңдік орнап, көзқарастар балансқа келген соң, мәдени өрлеу қайта басталуы керек. Себебі, адам творчествалық жаратылыс. Рухани һәм мәдени өнім тұтынбай тұра алмайды. Сондықтан, ерте ме кеш пе мұндағы мұсылмандар да діннің мәдени арнасына ауысады. Міне сендерге факты. Қазір ғана мына жігіт ән шырқады. Ертең салафиттер күшейсе мұндай әндерге тыйым салады. Ал, мен бұл әндердің ғашықтық туралы екенін біліп отырмын. Себебі, мұндағы жас жігіттер арқаланып, қозғалақтап, қиқулатып отырды. Сондықтан дінді мазһаб аралық тартыс етіп емес, мәдени құбылыс етіп көрсеткен тиімді. Егер елдің санасы  оянатын болса, аталарынан мирасқа қалған қалған барлық мәдени мұраларын жинап тере бастайды. Ең дұрысы осы бастан діннің мәдени һәм философиялық астарына үңіліп зерттеген. Енді мен бір сұрақ қояйын, — деді.

-Ал, сұраңыз!

— Мына қасымда отырған қазақ ғалымы бүгін баяндама жасады. Оның пікірінше Матруди мектебінің концепциялары Яссауиге, қала берді бертіндегі барлық қазақ ғұламалырана ықпал еткен. Бұл осы сөзіне қандай дәлел келтіреді ? – деді. Қазақ ғалымы:

— Мен екеуінің де Алла туралы, әлем туралы, мораль туралы танымдарын асықпай салыстырып, сараптап шықтым. Яссауи жазбаларында «мен бұл ілімді Матруди арқылы алдым»  деген сөйлем жоқ. Қазақ жыраулары мен ғұламалары да ол туралы жақ ашпайды. Бірақ маған олардың жақ ашқан,  ашпағаны керек емес. Маған дүниетанымдары сәйкес келсе болды. 10 ғасырдағы Матруди, одан кейінгі   Яссауи және  18-19 ғасырдағы қазақ жыраулары бір ғана дүниетаным шеңберінде ой толғаған. Осыған қарап, солай деп түйдім, — деді.

— Мен сізбен келісем. Мен де солай деп ойлаймын. Жалпы бұл ғылымды тек дерек көзімен дәлелдеп, көне құжатпен ғана бекітем деу бос әурешілік. Ол заманның ғалымдары басқаша ойлаған. Орта ғасырда қазіргідей авторлық құқық деген жоқ. Олар  кейінгі буынға  есімдерін емес, жазған еңбектерін ғана қалдыруға тырысқан. Абырой, беделі де сонымен өлшенеді. Екіншіден, ол кезде кітаптар санаулы данамен таралған. Сондықтан да, кейбір кітаптардың түбегейлі жоқ боп кетуі қалыпты құбылыс. Кейбірі бәлкім табылады, бәлкім табылмайды. Бірақ таным деген зат кітаппен ғана емес, күнделікті аралас-құраласта ой арқылы да ауысып жұға береді. Яғни, Матрудидің кітабын оқымаса да, ол адам оның ойларын әр түрлі жырлар арқылы бойына сіңіріп алуы мүмкін. Және ол адам «бұл матрудидің не болмаса Яссауидің көзқарасы» деп ойламайды да. Сондықтан танымдық мәселені зерттегенде тағы да матрудидің әдісіне жүгінеміз. Яғни ақылмен логикамен тұспалдау  қате емес. Мысалы, Яссауи осы қалада туған. Самарқан бұл жерге жақын. Енді, Түркістанда туған  адам іргесінде Самарқан сияқты ірі діни орталық тұрғанда өте шалғайда жатқан халифатқа  барып ілім алмайды ғой. Оның үстіне Матруди Самарқан шаһарынан шықпаған деген анық дерек және бар. Яссауи де туған топырағынан алысқа ұзап шықпаған. Сондықтан Яссауиге және одан кейінгілерге матруидилік көзқарас пен дүниетаным тән болды деуге әбден негіз бар. Енді тек ғалымдар  мен ресми діни орталықтың мамандары ескі арнаны осылай қазып, көне ізді  қуалай берсе  діни ахуал балансқа келу керек, — деді. Мен:

— Дін мен мәдени құбылысты зерттейтін ғалымдар болмаса үкімет бақылауында отырған  имамдарына сенбеймін. Мен оларды қараңғы қоғамға шырақ жағып, маяк  қызметін атқаратын ағартушы адамдар боларына күмәнім бар, — дедім.

— Неге? Неге сенбейсің?

— Себебі, олар ресми орталықтарға тәуелді. Ал, тәуелсіздік жоқ жерде ой еркіндігі болмайды.  Олар мешіттегі минбарға  ерік-күш жігерімен, рухани қажыр-қайратымен барып отырмайды. Мемлекеттік органдар оларды іріктеп ала салады. Имамдар елмен кездесуге барарда ішкі саясатпен бірлесе қимылдайды. Ішкі саясатты КНБ бақылайды. Сондықтан оларды қоғамды ағартушы ілім иелері дегеннен көрі мемлекеттің қолындағы діни құрал деп атаған орынды деп ойлаймын. Себебі, мешіттерде уахабизм асқынып кетпес үшін мемлекеттік органдар оларды қарауына алуға мәжбүр. Сондықтан оларды өлтіріп сынай беру әділетсіздік.

— Олай да болуы мүмкін. Себебі, мен симпозиумда 3-ақ имамды көрдім. Олардың бұл тақырыпқа қызықпайтыны, жиынға амалдың жоғынан келгені көрініп тұрды.  Бағана призидумда отырғанда оларды бақыладым. Үшеуі де күні бойы айфондарын шұқылаумен болды. Соған қарағанда олардан қайран аз ау. Ең дұрысы дінді ғана қазбалай бермей, мәдени кеңістікті тұтас тірілтуге  тырысқан шығар. Сонда ғана матрудилік терең көзқарас пен философия жалпы жұртқа жұғысты болады. Олай етпесе діннің өзі тоқырап, тұйыққа барып тіреледі. Ислам тарихында  осыған ұқсас оқиғалар өте көп, — деді.  Сағатыма қарасам түнгі 12 болыпты. Пікір алмасу кешін осы жерде тамамдап, қош айтысып тарастық. Ол:

— Қазақстанға жолым түссе, тағы да мына әңгімені жалғастырайық. Мен үшін бүгінгі кездесу өте маңызды болды, — деді. Сонымен  хош айтысып тарастық.

Санжар Керімбай

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню