Дұшпандікі — әлсіз, Құдайдікі — күшті

images

Ертеде жүрегі жұмсақ, сабырлы бір адам болыпты. Өзі бай екен. Қарамағында көп қызметші құлдар ұстапты. Бай оларға барынша жақсы қарайды екен. Олар да қожайындарын жақсы көреді. Бас қосқан жерде байды мақтап, оның әрбір жылы сөзіне, мінезіне риза болып:
— Әлемде біздің қожайыннан асқан жақсы адам жоқ. Бізге артық жұмыс істетпейді. Не жесе де, не ішсе де бізбен бөліседі. Өзі не кисе бізге соны кигізеді. Қатты сөз айтпайды, қатаң кек сақтамайды. Басқа байлар малайын ұрып жатса, ол біздің арқамыздан қағады. Жекіріп, боқтап жатса, ол жымиып күледі де ақылын айтады. Дүнияда бұдан асқан сабырлы адам болмас, — дейді екен.
Құлдар осылайша қожайынын мақтап жатады. Олардың бұлай тату тұруы, бір адам туралы жылы сөз айтуы шайтанның шабына тиеді. Ол не болса да араға ылаң салып, қожайын мен құлдың арасын бұзуды ойлайды. Сөйтіп байдың Алеб деген құлын арбап, оған басқа құлдарды да азғыр деп бұйырды.
Әдеттегідей құлдар жұмысын бітіріп, бүгін қожайынның кімге қалай қарағанын, кімге не дегенін айтып мақтай бастайды. Сол кезде Алеб дауысын көтеріп:
— Бауырлар, қожайын босқа мақтай бермейік. Егер ебін тауып, дұрыстап қызмет жасасаң, шайтан да мейірімді болады. Біз қожайынның сөзін екі етпейміз. Сосын ол бізге ұрысып, ашуланбайды. Жақсы болып көрінеді. Ал егер, айтқан тілін алмай, істе дегенін бұрыс жасасаң, көрер едім мырзаңның сабырын. Арқаңа шыңғыртып тұрып таспа тіледі. Оның басқа байлардан түк артық жері жоқ. Сондықтан, мен қожайынды мақтамаймын, — деді.
Бұған өзге құлдар «шу» ете түсті. Олар Алебпен дауласа бастады. Ең ақырында ортаға шек тасталды. Нәтижесінде Алеб өз сөзін дәлдеп, қожайынды ашуландырмаққа бекінді. Егер ашуландыра алмаса үстіндегі сәнді киімін оларға шешіп бермек болды. Егер ашуландырса онда басқа құлдар үстіндегі сәнді киімдерін бұған шешіп береді. Одан бөлек, қожайын қатты ашуланып Алебты темір қапасқа, не болмаса қараңғы зынданға тастаса бәрі жабылып, оны ақтап, еркіндікке шығармауға міндетелді.
Сөйтіп Алеб ертесіне қожайынды ашуландыруды ойлады. Ол қожайынның асыл тұқымды қойларын бағушы еді. Сол күні қожайын азанмен үйіне келген қонақтарын ертіп, қора-қопсысын, малдарын аралады. Бір кезде асыл тұқымды қойларына келді. Алеб басқа құлдарға қарап:
— Қарап тұрыңдар, қазір қожайынды ашуландырамын, — деді.
Барлық құлдар жиналып бірі есіктен, бірі шарбақтың тесігінен сығалап жатты. Ал шайтан талдың бұтағына шығып, шаттанып тұрды.
Қожайын қонақтарына:
— Менің қошқарларым асыл тұқымды. Ал анау мүйізі ирелең қошқар, барлық қойдың маңдайына біткен киесі. Бұл менің ең қымбат қазынам. Мұны ешбір затқа айырбастамаспын, — деді. Қонақтар ирелең мүйіз қошқарды көрмек болды. Бірақ қойлар қонақтардан үркіп, біресе анда, біресе мұнда қашып жатты. Оның үстіне Алеб те қойларды білдірмей ары-бері айдай берді. Қонақтар киелі қошқарды көре алмай әуреге түсті. Мұны аңғарған қожайын:
— Алеб, қарағым, ана мүйізі ирелең қошқарды бері әкелші, қонақтар жақыннан көрсін, — деді.
Осыны күтіп тұрған Алеб қошқарға жүнінен жұлқа тартып ұстады да, қошқардың артқы аяғын жоғары қарай қатты көтеріп қалды. «Сырт» еткен дыбыс шықты. Қошқардың арты оң аяғын сынып кетті. Қошқар маңырап алдыға қарай ентелей құлап түсті. Сынған аяғы қамшының бауына ұқсап салбырады да қалды.
Мұны көріп тұрған қонақтар да, құлдар да шу ете түсті. Тек шайтан ғана балаша қуанып, билей жөнелді.
Қожайын қабағын түйіп, қатуланып басын төмен салып, үндемей тұрды. Жұрттың бәрі оған қарап, енді не істер екен десті. Қожайын үстіндегі шаң-тозаңды қаққысы келген адамдай иығын сипалады. Сосын басын көтеріп, көкке қарап тұрды. Бір кезде бетіндегі әжімдері жұмсарып, сәл күлімдеді де, Алебке қарап:
— Ей, Алеб, бүгін сені түлен түртті. Ол мені ашуландыр деп азғырды. Бірақ, менің қожайыным сенікінен күштірек қой. Бәрібір мені ашуландыра алмады. Керісінше мен сенің шайтаныңды ызаландырайын. Ол мені сабырын жоғалтады деп күтіп тұр ғой. Ендеше, оған сабақ болсын. Мен сені жазаламаймын, Алебжан. Саған еркіндік беремін. Мына қонақтарым куә болсын, менен қалаған затыңды, қалаған ақшаңды алып, қалаған жағыңа жүре бер, — деді.
Бұл бәрі күтпеген жағдай еді. Құлдар қожайынның мінезіне онан сайын риза болды. Алеб өз ісіне ұялып, жерге қарады. Қонақтар да қожайынның ерлігіне таңқалып, үйге кіріп бара жатты. Ал азғырушы шайтан тістерін қышырлатып, құйрығын тістелеп, шыңғырып жіберді. Көзі мен құлағынан от шығып, шашын бір талдап жұлды. Ішінің қыз қайнағаны соншалық, жарылып кетуге шақ қалды. Біреуге ашу тілеп, соған өзі жанып жатқандай болды. Бір кезде талдан аяғы тайып кетті де, жерге құлап түсті. Шарасы таусылып, жерді қазып ішіне кіріп кетті.

Аударған Жүрсін Кәрім

Пікір

  • «Бірақ, менің қожайыным сенікінен күштірек қой. Бәрібір мені ашуландыра алмады.»

    Ұлдана 12.05.2015 06:30 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню