Исабек ишан — 2

Turism_16

Басы…

Мәшһүр-Жүсіп бабамыз Исабек ишанның кереметі жайлы:
Баласы жоқ қатынға бала біткен,
Панасында күн көріп қашқан-жіткен.
Әр мұңлының қажеті рауа болып.
Құдайым дәрежесін артық еткен.
Шариғат, мағрипатын тамам еткен.
Тариқат, хақиқатты жары еткен,
Қол-аяқсыз домалап қалған дертлі
Сау-саламат жазылып тұрып кеткен.
Жан еді ғарызы жеткен Құдайына.
Жарлы болса байыған маңайына.
Бақ, дәулет, ырыс, несіп болып еді,
Кәріп пенен ғасердің талайына.
Ғылым хал, ғылым қалын білген тамам,
Айырған хақ пен батыл, халал, харам.
Ғылымларды қойылған көңіліне,
Жігіттер, бар ма енді ондай адам, — дейді. Екінші бір өлеңінде:
Айбатың бар-ды әділ Омардайын,
Түзедің шариғаттың әрбір жайын.
Күндіз – күлкі, түн болса – ұйқы көрмей,
Дін ісін берік тұттың солардайын.
Шыншылдық Әбубәкір Сыдықтай бар,
Көрдің бе бір жалғанын, ей, жарандар?!
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ»,
Артынан жұрт таба алмай, болдың ғой зар!
Жомартлығың сахаба Сәдуақастай,
Би баһа ол кібірит ақ мәр тастай.
Сүннатын пайғамбардың мағхам тұтқан,
Кәнекей, кім бар еді сонан басқа-ай!
Сөйлеген әрбір сөзің – ғылым, хикмет,
Өзіне тәңірім берген бән михнет.
Тариқат, мағрипаттан үлгі шашқан,
Құдайға бек лайықты қылып қызмет, — деп Исабек ишанның көркем мінезін жырға қосады. Ел аузында тағы бір жиі айтылатын аңыздарда:
Исабек ишан қажылыққа бара жатқанда түс көреді. Түсінде әкесі Мұрат ишан аян беріп:
«Қажылықтан аман-есен ораласың. Құдайым мәртебеңді өсіреді. Басыңа қонған қасиет балаңа, одан немереңе қонады. Орта жүздің құты мен бақыты болар үш адамды теңім деп сана. Біреуі – Шорман баласы Мұса, екіншісі – бәсентиін Қазанғап, үшіншісі – Бапан баласы Саққұлақ», — депті.
Исабек ишанның түсі кейіннен ел ішіне тарайды. Саққұлақ бидің құлағына жетіпті. Сонда Саққұлақ би шамырқанып: «Кеше өткен Жұмабай, Шорманды көргенмін. Шорманның баласы Мұсаны білемін. Бес үйлі Бөріден шыққан Қазанғап қандай адам? Әкем Бапан Қазанғап Шоңның басын орысқы тыққын деп айтып отырушы еді. Қой, барып қандай адам екенін көрңп қайтайын, — деп атқа қоныпты.
«Ел құлағы – елу» деген. Саққұлақ бидің келе жатқан хабары Қара Ертісті жайлаған Қазанғап ауылына да жетеді. Қазанғап қонаққа арнайы үй тіктіреді. Саққұлақ би аттан түспей: «Әулие Исабек ишанның айтқаны рас сөз бе, әлде дақпырт па деп Қазанғапты көруге келдім», — дейді.
Биді қол қусырып қарсы алған Қазанғап үш күн, үш түн күтеді. Елдің кеудесі есік, құлағы тесік жақсылары сөз тыңдайды, бірақ, Қазанғап әңгімеге араласпайды, тіс жарымайды. Аттанарыңда Саққұлақ Қазанғапқа қарап:
— Әй, Қазанғап, сені Исабек ишан Орта жүздегі үшеудің бірі депті. Үш күн бойы мені сөйлетіп қойып, өзің үндемегенде, өзіңді ақылды санап, мені ақымақ көргенің бе? Неге бір ауыз сөз айтпадың, — деп сұрапты.
Қазанғап кеңкілдеп күліп:
— Биеке, әйтеуір жолға шықтыңыз. Аттың басын ары тарып, назарды бері бұрып, екі сауалыма жауап беріңізші. Біріншісі, жауынан кейін не болады?, — депті.
Сөзге де, ойға да жүйрік Саққұлақ би іркілместен:
— Жерің құнарлы, шөбің шүйгін екен. Жауыннан кейін жер астынан жыбырлап шығатын құрт есіңді алады екен, — депті.
— Тұманнан кейін не болады?
— Жерің сулы әрі нулы. Түскен тұман бір күнде емес, апта ішінде сейіледі. Көз алдыңдағы малды таба алмай, жұтап қалады екенсің. «Тұман түбі – жұт», — деген.
Сонда Қазанғап:
— Орта жүздің қазынасы Саққұлақпен жарыса сөйлесем, мен кім боламын, — дегенде, Саққұлақ би:
— Саққұлақтан кейін сен сөйлесең қырт боласың, — деп күліп жіберіпті. Ел ішіне кеңінен таралған осы әңгімеден Мұрат ишан да, баласы Исабек ишанның да дін ғұламалары ғана емес, көріпкелдігімен, әулиелігімен елді сүттей ұйытқан дана адам болғанына қанығамыз.

Нүргүл Өнербекқызы

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню