Исабек ишан — 1

76114820

Суреттегі Исабек ишанның кесенесі. Бұл ишан бабамыз Баянауыл, Қарқаралы өңірінде өте танымал болған. 1792-1871 жылдары өмір сүріпті. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының ұстазы болған деседі. Жеті атасынан әулиелік, ишандық дәрежесі үзілмеген. 1810 жылы Бұхарадан білім алып келіп, Баянауыл өңірінде мешіт-медресе ұстаған. Мәшһүр-Жүсіп атамыз Исабек ишан туралы:

Бісмілла, сөз бастайын асыл тектен,

Түскендей асыл еді-ау аспан көктен!

Керуендей бұл дүниеге аз күн қонып,

Пәниден жақсы, жаман – бәрі де өткен.

Бір жұрнақ заттан шыққан асыл еді,

Қара түгіл қожадан асып еді.

Әркімнің өз заманына дегендейін,

Тақсырдың шарапаты басым еді.

Өзі – ишан жұрт бастаған, заты –қожа,

Сейітзада нәсілі сондай таза.

Әр түрлі қасиеті еске түсіп,

Қайғымен қапаланып болдым наза

Жасынан-ақ халыққа пірлік қылған,

Хақлық болса, бас тартпай ерлік қылған.

Нәсілінен сайып келіп әулиелік,

Келгенде отыз беске пірлік қылған.

Пір болып кереметлі жұрт бастаған,

Заманында өзінен жан аспаған.

«Мен, мен» деген ишандар «тақсыр-ай» деп,

Ешбірі хылап тауып таласпаған.

Шариғаттың жолынан адаспаған,

Дін тұтпаған наданға жанаспаған.

Қырмызы қызыл жібек сықылданып,

Қай мінезі бар еді жараспаған ?!

«Өнер алды – қызыл тіл» шешенім-ай,

Жылжыған жорғадайын көшелім-ай.

«Абылай аспас сары бел» – Сүйіндікке

Пір болып үлгі шашқан көсемім-ай, — дейді.

Исабек ишан жайлы ел аузында өте көп аңыздар сақталған. Соның бірін 1928 жылы туған Екібастұздық ақсақал Сағат Манабаев баяндайды.

«Жазғытұрым Шідерті өзенінің тасып жатқан кезі. Өзен жағасында ол кезде тал болатын. Соның түбіне келіп, өзеннен өткенде су болмас үшін, ішінде Исабек ишан бар, біраз адамдар сырт киімдерін шеше бастайды. Сол кезде тал арасынан ұрылар шыға келіп:

– Андағы киімдеріңді, көліктеріңді қалдырыңдар да, өздерің жүре беріңдер! – дейді. Жолаушылардың бірі Исабек ишанды көрсетіп:

– Біздікін алсаң да, мына жігітке тиіспе! Бұл – діни ілімі бар, әулие адам! – дейді. Ұрылардың басшысы:

– Әулие болса, ана ұшып келе жатқан алты аққуды алдымызға әкеліп қондырсын! – депті.

Сонда Исабек ішінен бір дұғаны оқи жөнеледі. Кенет алты аққу төмендеп, қаңқылдап әлгі ұрылардың басшысының алдына келіп қонады. Сонда ол шошып кетіп:

– Біз жаңылдық, ағасы. Заттарыңа тиіспейміз. Есесіне айып-шапан төлейік! Талдың ар жағында олжамыз бар. Соны алыңар! – дейді.

– Жоқ, рақмет, бізді өзеннен өткізіп жіберсең болды, — дейді Исабек ишан.

Олар көмектесіп өзеннен өткізіп жібереді. Біраз жер ұзағасын жанындағы жолдастарына Исабек ишан:

– Мен бір қателік жібердім-ау! – депті өкініп.

– Сіз ешқандай қателік жіберген жоқсыз. «Алты аққуды түсір», – деді, түсірдіңіз. «Олжадан ал!» – деді, алмадыңыз. Қандай қателік? – дейді серіктері.

Сонда Исабек:

– Сендер білмедіңдер! Күндердің күнінде менің ұрпағымның бірі тұтқында болады-ау! Мен алты аққуды тұтқын етіп, байлап кеттім-ау! – дейді. Содан айтқандайын, 1937 жылы Исабектің бір ұрпағы түрмеге түскенде сол сөз еске алынды.

Исабек қайтар жолда өзенге таяу бір жерге таяғын шаншады:

– Күндердің күнінде осы жерге менің үрім-бұтағым қоныс тебеді! – депті.

Ишанның ұрпақтары қазір сол жерде тұрады. Ол «Талды ұжымы» деп аталады. Екібастұз ауданына қарайды. Екібастұз қаласынан 60 шақырым жерде.

Нүргүл Өнербекқызы

 

Пікір

  • Анық асық – әулие,
    Кереметке сол ие.

    Амангелді 08.05.2015 20:10 Ответить
  • Сіз қайдан мына аңыздарды білесіз

    Дайана 06.09.2015 13:04 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню