Алеша Горшок (Л.Толстой)

bednyj-pastukh-v-mogile

Алеша – үйінің кенжесі. Бірақ, жұрттың бәрі оны Горшок деп атайды. Бірде анасы шіркеу қызметкеріне сүт апарып бер деп жұмсаған болатын. Ол жолда сүттің ыдысын сындырып алып, балалар оны «Горшок» деп мазақтаған. Себебі сүттің ыдысы горшокқа қатты ұқсайтын еді. Әрине, бұл ісі үшін шешесі оны сабап та алды. Бірақ, Горшок деген ат сол күйі таңба болып қалды. Содан бастап елдің бәрі оны Алеша Горшок деп атап кетті.
Алешаның өзі арық келген. Құлағы – қалқанқұлақ. Мұрны картоптай домалақ. Достарының арасында талай рет «картошка мұрын», «қалқанқұлақ» деп мазаққа ілінген де еді. Ал, оқу жайына келгенде басына білім қонбай қойды. Расын айтқанда, оқуға уақыты болмады. Себебі, ағасы қаладағы бір көпесте қызметші болып істегендіктен, үйдегі бар жұмыс Алешаның мойнына артылды. Алты жасынан бастап сиыр мен қой бақты. Сәл өскен соң жылқы бақты. Он екі жасында соқамен жер жыртып, өгіз жетектеді. Күші жоқ болса да, қолының қарымы мықты болды. Шаршауды білмейтін әрі үнемі көңілді жүретін. Балалардың мазағына да мән бермеді. Көбінесе олардан үндемей құтылатын, не болмаса солармен бірге күле салатын. Әкесі ұрысса да үндемей тыңдап, артынан түк болмағандай күліп жұмысына кірісіп кететін.
Бір күні Алешаның ағасын әскерге алып кетті. Әкесі ағасының орнына көпеске аула сыпырушы етіп Алешаны жіберді. Ол ағасының ескі етігін, әкесінің бас киімін киіп қалаға келді. Ол өзін алғаш рет ересек адамдай сезініп еді. Ал, оны жұмысқа қабылдаған көпес неге екені белгісіз, оған көңілі толмады.
— Семеннің орнына жөні түзу адам әкеле ме деп едім. Ал сен мына бір мұрынбоқты әкеліпсің. Қолынан не келеді мұның? — деді көпес Алешаны ұнатпай.
— Қолынан келмейтін іс жоқ. Ат ерттейді, арбаға жеге алады. Барып кел-шауып кел жұмыстың бәріне тиянақты. Әрі өте қарулы. Мына ілмиіп тұрған оның сыртқы көрінісі ғана. Ал өзі шыныққан, өте шымыр, — деп мақтанды әкесі.
— Жарайды, көрерміз.
— Ең бастысы, артық сөзі жоқ. Кез-келген жұмысты істей береді.
— Не істесем екен… Жарайды қалдырып кет.
Сөйтіп Алеша көпестің үйінде қалды. Көпестің отбасы шағындау болатын: әйелі, кәрі шешесі, екі ұлы мен бір қызы бар. Үлкен ұлы үйленген. Кіші ұлы — сауатты, гимназияны тауысып, университетте оқитын. Бірақ, оны оқудан қуып жіберіп, қазір үйінде жүр. Ал, қызы гимназияда оқиды. Басында Алеша оларға ұнамады. Олпы-солпы киінетін, қалай болса солай жүретін. Жағымпаздануды білмейтін. Бәріне «сен» деп сөйлейтін. Кейін үйдегілер оның әдебіне үйреніп те кетті. Ол ағасынан да артық қызмет ете бастады. Артық сөзі жоқ, шаршауды білмейді. Барлық істі ықыласпен, жүгіріп жүріп, тез атқарады. Бір істі бітірмей екіншісіне көшпейді. Көпес Алешаға үйдің де, даланың да бар тірлігін артып қойды. Ол жұмысты неқұрлым тез атқарса, соғұрлым көп тапсыра берді. Көпестің қатыны, кәрі шешесі, қызы, ұлдары, аспазшысы, тіпті итіне дейін біресе анда, біресе мұнда жұмсады. Таңертеңнен тұрғаннан «Горшок мынаны істеші». «Горшок, мына жұмысты ұмытып кетпе.» «Әй, кортошка мұрын мынаған қарап тұр.» «Горшок, ананы әкел» — деген дауыстар жан-жақтан жамырайды. Алеша соның бәріне үлгеріп әрі тиянақты атқаратын. Тіпті ренжігенін көрмейсің.
Қыс болса таңертең ерте тұрып алып отын бұтайды. Ауланы күрейді. Малдың жем-шөбін салады, оларды суғарады. Одан соң пеш жағады. Үйдегілердің етіктері мен киімдерін тазалайды. Сосын самауыр қайнатады. Қожайын ұйқыдан тұра сала оған тауарларды шығаруды бұйырады. Аспазшы оған қамыр илетіп, ыдыс-аяқтарды тазалатады. Онан қалды қолына тізім беріп базарға жұмсайды. Кешке гимназиядан қожайынның қызын әкеледі. Кей күндері науқас кемпір үшін дәріге барып келеді. Осынша жұмысты істегенде, алғыстың орнына «Сен оңбаған қайда жүрсің?» деген сөз естиді. Сонда да еш ренжеместен күліп қойып жүре береді.
Тіпті азанғы асты ол жүгіріп жүріп жейтін. Ал түскі асты ішуге қолы тимейді. Аспазшы әйел оған жаны ашып түскі не кешкі астан қалдырып қоятын. Тек мереке күні ғана Алеша қатты қуанады. Себебі, қожайын оған аздаған ақша беретін. Жобасы 60 тиын. Аз болса да жеке өзі жарататын ақша ғой. Әйтпесе, ол еңбекақысын әлі қолына ұстап көрген жоқ. Айлық беретін кезде әкесі келіп, көпестен ақшаны алып кетеді. Алешаның басынан сипаудың орнына, «дұрыстап істе, айтқан тілді алып жүр,» деп ұрысып кететін. Алеша тағы да күліп қойып жүре береді.
Мереке күндері беретін ақшадан жинап жүріп, бір күні қызыл күрте сатып алып киді. Сол кездегі оның қуанғанын көрсеңіз. Өмірінде бұлай шаттанбаған да шығар. Осылай бір жарым жылды өткізді. Кенет бір күні ол мынадай керемет жағдайға тап болды. Көпестің үйінде бір адам мұны жақсы көреді екен. Ол бірінші рет өзінің біреуге қажет екенін білді. Жұрттың бәрі Алешаны адам ретінде көрмейтін еді. Үнемі ұрысып, кекетіп-мұқатып сөйлейтін. Алешада оған үйреніп кеткен болатын. Тіпті мән бермейтін. Ал, енді байқап қараса, бұған да құрметпен қарайтын да адам бар екен.
Ол аспазшының көмекшісі – Устинья еді. Оны бәрі Устюша деп атайды. Өзі жетім қыз болатын. Алеша секілді іскер. Устинья оны аяғандықтан да үнемі оған кешкі ас кезінде сары май қосылған ботқа істеп әкелетін. Әрі Алеша тамақ ішіп отырған кезде оған ерекше бір махаббатпен қарайтын. Сол кезде Алеша да оған көзінің астымен қарап жымиып қоятын. Ал,қыз болса ұялап кетіп, бетін алжапқышымен жаба қоятын. Бұл сезім Алеша үшін ерекше болды. Өмірі мұндай сезімді бастан кешпепті. Жұмыс кезінде де Устиньяны есіне алып: «Ой, Устинья ай!» деп қоятын. Сонымен екеуі жиі сырласа бастады. Устинья оған өзінің өмірбаянын, қалай жетім қалғанын айтып берді. Туыс әпкесі оны қалаға әкеліп көпес үйіне қызметке берген. Көпестің ұлы оны айналдырған екен, ол көнбей қойыпты. Устинья әңгіме айтқанды жақсы көретін, ал Алеша ықыласпен тыңдап отырады. Бірде қыз Алешадан қашан үйленетінін сұрады. Ол әзірге білмейтінін, ауыл қызына үйленгісі келмейтінін айтты.
— Көзің түсіп жүрген біреу бар ма? — деп сұрады қыз.
— Мен саған үйленер едім. Маған тұрмысқа шығасың ба? – деді Алеша.
— Әй Горшок ай, Горшок-ай! Несі бар. Қызға сөз айтудың ретін тауыпсың, — деді ол, Алешаның шашынан сипап.
– Неге шықпасқа? Егер тиетін болсаң аламын, — деді Алеша батылданып.
Бірақ, көпестің әйелі Алешаның Устиньяға үйленбекші екенін естіп, оны жақтырмады. «Аяғы ауырласа, баласымен қайда бармақшы? Әкесіне айтып, сазайын тарттыру керек», — деді күйеуіне.
Әкесі бірде Алешаның айлығын алуға келгенде көпестен.
— Балам қалай? – деп сұрады.
— Балаң жақсы, бірақ бір ақымақ қылық шығарып жатыр. Аспазшының көмекші қызына үйленбек ойы бар. Ал мен үйленгендерді жұмысқа қабылдағым келмейді. Бізге ол қол емес, — деді көпес.
— Ой ақымақ, қарашы бұның не ойлап жүргенін. Сіз саспаңыз. Мен оны орнына қоямын, — деді әкесі жұдырығын түйіп.
Әкесі асханаға келіп ұлын күтті. Алеша жұмыс істеп әуре болып жүрген еді, асығып-үсігіп жетті.
— Мен сені ақылы көп бала деп жүрсем, мұның не? – деді сұрады әкесі дүрсе қоя беріп.
— Жоқ-а, мен, ештеңе, — деді Алеша сасып кетіп.
— Ештеңесі несі. Үйленбекшісің бе? Балам, уақыты келгенде қаланың жезөкшесіне емес, өзімнің ұнатқан адамыма үйлендіремін. Осымен сөз тәмам. Енді естімейтін болайын, — деді. Алеша мән-жайды тез ұқты. Әдетінше жымиып:
— Жарайды көке, сіз айтсаңыз болды ғой, — деді.
Әкесі кеткен соң, ол Устиньямен оңаша қалды, сосын оған (әкесі ұлымен сөйлесіп жатқан кезде ол есік артында тыңдап тұрған болатын):
— Үйлене алмайтын болдық. Естідің бе? Ашуланып, рұқсат бермей қойды, — деді.
Устинья үнсіз, алжапқышымен аузын жауып жыламсырады. Алеша басқа не айтарын білмей:
— Ата-анаңды қалай тыңдамассың. Демек ойымыздан айнуымыз керек, — деп сыртқа шығып кетті.
Ертесіне оны қожайын шатырдағы қарды тазалауға жұмсады. Ол шатырға шығып қардың бәрін тездетіп тазалап тастады. Сосын шатырдың жиегінде тұрған сүңгі мұздарды түсіріп жатқан кезде аяғы тайып кетіп жерге құлады. Сор болғанда жамбасы есіктің темір баспалдағына тиді. Алдымен қожайынның қызы мен Устинья жүгіріп келді. Ол:
— Алеша еш жерің ауырмады ма? — деп сұрады.
— Аздап ауырады. Бірақ, ештеңе етпейді, — деді Алеша ештеме болмағандай жымиып. Бірақ орнынан тұра алмады. Оны бәрі жабылып үй ішіне көтеріп кіргізді. Сосын фельдшер шақырды. Ол науқасты қарап шығып:
— Қай жерің ауырады? -деп сұрады.
— Барлық жерім ауырып жатыр. Оны қойшы. Қожайын ренжитін болды. Әкеме хабар беру керек еді, — деді ол ауырсына сөйлеп.
Осылайша Алеша екі күн жатып, үшінші күні попты алдыртты.
— Енді не істейсің? Өстіп жатып өле бересің бе? — деп сұрады Устинья.
— Енді не істемек керек. Онда да өмір бар дейді ғой. Ерте ме, кеш пе, бәрібір сонда барамыз, — деді Алеша тез-тез сөйлеп. – Устюша рахмет саған! Мені аяп, жақсы көрдің. Үйленуімізге рұқсат бермегені қандай дұрыс болған. Әйтпесе қазір не істер едік? Бірақ мен сені жақсы көремін. Мүмкін о дүниеде кездесерміз.
Ол поппен бірге қолымен де, жүрегімен де дұға жасап жатты. Ішінен «ешкімді ренжітпей, адал жұмыс істеп қандай шаттыққа бөленсең, о дүние де солай болуы керек шығар» деп ойлады.
Дұғадан соң су сұрады. Сосын көзін төбеге салып, бір нәрсеге таң қалып жатқандай болды. Соңғы рет жымиып күлді де, жан тапсырды.

Аударған: Жүрсін Кәрім

Пікір

  • Күшті шығарма екен !

    Амангелді 03.05.2015 18:26 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню