Марал ишанның әулиелігі

20ff004826c93feb539884fe943dcaca-420x250

Қызылжардағы туған жері «Қайран көлге» оралған Марал халқына жан аямай қызмет етеді. Көп ұзамай Марал әулие деген атағы шартарапқа тарайды. Жұрт оның не бір кереметінің куәгері болады. Қызылжарда бірнеше мешіт салдырып, бала оқытады. Ислам дінін бар ынта-жігерімен уағыздайды. Дінсіздікке, имансыздыққа қарсы күрес жүргізеді. Халықты оқу жазуға, білімге үйретіп отырған әулие өз балалары мен ағайындарының ұрпақтарын да шығыстың мәдени-ғылыми орталықтарына ұзақ мерзімге оқуға аттандырып отырған. Бір баласы Есмұхамбет Бұхарада білім алса, Қалқай (Қалмұхаммед) Бағдатта 25 жыл оқып, 12 пәннен шатырхат алған.
Әулиелік атақ даңқы Сыр мен қырға жайыла бастаған Марал ишанды көре алмаушылар да болыпты. Атақты әнші Жаяу Мұсаны жаяу атандырған Арқадағы Арғынның атақты шонжарлары Мұса мен Шеген Шормановтар Марал ишанға: «Біздің өз әулиеміз бар. Сен әулие емессің, сиқыр жасайсың, егер әулие болсаң кереметіңді көрсет. Әйтпесе бұл арадан көшесің» — деп қысым көрсетіпті.
— Сонда, мен не көрсетуім керек? – депті Марал.
— Қырық түйе сексеуілдің астына жатқызып өртейміз, содан аман шықсаң ғана біз сені әулие деп мойындаймыз, — депті Шорман ұрпақтары.
Бұл оқиға Сырымбет тауының «Мыңбұлақ» маңайында, «Тескен су» деген жерінде болған екен. Төбедей қырық түйе томардың астына жатуға ыңғайланған Маралға, қалпелері: «Жоқ тақсыр, біз жатайық, егер сізге олай-бұлай жағдай болса, біздің қолымыздан ешнәрсе келмейді. Ал бізге бірдеңе болса, сіз жәрдем етесіз», — депті.
Сонымен, томардың астына Тұрғанбай, Төртқара атты қалпелерін жатқызады. Оларды отқа өртеп жатқанда Марал, Сарыбауыр арғымағымен жанған оттың үстіне 40 аршын биікте — әуеде қалқып тұрған. Қырық түйе томар жанып біткен кезде әулие дауыстап, қалпелерінің атын атап «тұрыңдар» дейді. Күл арасынан екеуі де аман-есен шыға келеді. Отты айнала қоршаған қожа, молда, төре, би-шонжарлар «Астағфираллалап» жағаларын ұстайды. Осы көріністі Байұлының Алтын руының атақты Сейітжан ақыны былайша сипаттайды:
…Қырық түйедей томар жағып,
Қос қалпесін атты отқа,
Маңына ешкім бара алмады,
От гүрілдеп жанған шақта.
Ұлық-кішік жамағаттар,
Мұны көріп қылды тәуба.
Сарбауыр атпен Марал ишан,
Көк дүниеге көтеріліп,
Найза бойы тұрды сонда.
Ат үстінде теңселіп тұр,
Таспиық тартып зілзалаға,
«Жам тауында Жалаңаяқ,
Хабардар боп жатырмысыз»,
Деп айтады анда-санда.
«Я, Марал» деп берді аян.
Ертең сәске махалында,
Бұл дүниеден қайтар бабаң,
Өз қолыңмен дәтін айлап,
Намазыңды оқы, балам,
Осыны айтып ғайып болды,
Тұла бойы зікір айтып,
Көзі жаста, көңілі кіриян.
Ол сәске мен бұл сәскеде,
Жетіп келді есен-аман.
Сейітжан салдан басқа Марал ишанды Сыр бойының атақты жыраулары Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет жырға қосқан.
1822 ж. патша үкіметі «Сібір қазақтарының Жарғысы» атты заң қабылдап, қазақтың ұлттық, діни дербестігінің көрінісі болып табылатын хандықты жоюға кіріседі. Бұған шыдымаған қазақ халқының ұлт-азаттық күресі күшейеді. Кейін Кенесары жаппай көтеріліс бастап, орыстарға қарсы шайқасып жатқан кезде Марал ишан Құсмұрын атырабында Ғазауыт соғысын жүргізеді. Бұған ең алғаш себеп болған нарсе осы Құсмұрын өңірінде орыстардың қазақтарды еріксіз шоқындыруы еді. Қызылжар жерінде атақты Сартай, Шаушақ батырлармен тізе қосып шайқасқа шығады. Марал ишан 1821 жылы өзін императорға жолықтыруды сұрап, Орынбор генерал-губернаторы П. Г. Эссенге және Сібір әскери бөлімінің бастығы генерал П. М. Капцевичке хат жолдаған. Хатында қазақтарды зорлап шоқындыруға, құнарлы жерлерді тартып алуға қарсылық білдірді. Қазақ рубасылары мен бас көтерер азаматтарына арнап патша өкіметінің отаршылдық саясатына, Қоқан және Хиуа хандықтарының басқыншылығына қарсы күреске шақырған.
Осындай аласапыран сәтте жер-суынан, ата-қонысынан айырылған қазақ шаруалары Кенесары әскеріне қосылады. Сөйтіп, бұл қозғалыс ұлт-азаттық сипат алады. Міне, осы кезде Кенесары өз хандығының рухани көсемдігіне Марал ишанды шақырады. Көтеріліске қатысушыларға діни басшылық жасау үшін Марал келісім беріп, хан сарайының Кеңес құрамына кіреді. Кенесары әскерінің бірсыпыра жеңістерге жетуіне, халық алдында беделінің артуына әулиенің көп үлесі болады.
Сонымен бірге қырғаздар түбі бірге туыстығын, орыстармен шайқасып жүріп, олармен жау болудың жөні жоқ екендігін ескертеді. Халықты егіншілікке үгіттеп, отырықшылық тұрмысқа үйрету керек екендігін Марал ишан үнемі айтып отырған. Бірақ, кей жағдайда Кенесары, ишанның мұндай пікірлерімен санаспайды, көңілін қалдыра береді. Әсіресе Кенесарының батыр інісі – Наурызбай Маралды қатты ренжітеді. Кенесары өзі Марал ишанмен бөле болып келеді. Осы туыстықтарын жалғастыру үшін ишан жағы Наурызбайға қыз беріп, оны күйеу еткен. Бірақ батыр бұл сенімді ақтамаған.
Бірде мынадай бір жағдай болады. Кенесары ауылы көктем шыға жайлауға көшеді. Наурызбай көшкен елдің соңында атқа кесе отырып (екі аяғын бір жаққа салып жіберіп), қаннен қаперсіз ән шырқап отырады. Марал ишанның 7 ұлының бірі – Піртаза ишан жасында өте ерке өсіпті, және оны әулиенің өзі де жанындай жаксы көреді екен. Қазақта балдызы жездесімен қалжыңдап, түрткілеп ойнай беретін әдеті бар ғой, Наурызбайдың соңында таймен жортып келе жатқан Піртаза жастықтың желігімен аңсыз отырған батырды қамшы сілтеп арқадан тартып өтеді. Наурызбай қылышты суырып алып, балдызына сілтеп қалады. Бірақ, батырдың қылышты ұстаған қолы әрі жүрмей қалшиып қатып қалыпты. Піртаза шапқылап, әкесі мен Кенесарыны қуып жетіпті. Сонда Марал ишан:
— Піржан-ай, байқамайсың ба? Жын-шайтанның ойнағынан пайда болған тентек төре басыңды қағып тастай жаздады ғой. Мынаны көрмейсің бе? – деп, жеңін түріп, қан ағып тұрған білегін көрсетіпті. Осындай қылықтарымен Марал ишанның жүрегіне дақ сала берген Наурызбай, әулиенің бетіне қарай алмай жүреді. Өзі тіктеп айта алмайтын болған соң, Кенесарыны араға салып отырады.
— Әулие! – депті тағы бірде Кенесары.
— Наурызбай қырғыздарға қарсы жорық жасамақшы, соған батырға батаңызды беріңіз.
— Сенімен туыстық байланысымызды үзбеу үшін Наурызбайға қыз бердім. Оны үнемі қолдап жүрдім. «Атса оқ, шапса қылыш өтпесін» деп үстіне жібек көйлек тіктіріп бердім. Ана бір жолы орыстардан жеңіліп, бас сауғалап қашып келе жатқанда аттан құлады. Сол кезде аяғының астындағы томарға аяғын салып, шауып бара жатқан атына қайта мініп, жаудан құтылып кетіп еді. Сондағы аяғының астында пайда бола қалған томар мен едім. Нанбасаң, қазір ініңді шақырып өзінен сұра! Ақыры, осының бәрі зая болды. Оған батамды берсем де, бермесем де бәрібір мерт болады деген екен.
Хан сарайын сағалап, оның қамқорлығын көремін деп барған Марал, төре тұқымының осы сықылды әуселесін көргеннен кейін көңілі құлазиды. Сонау жылдардағы Сыр бойы халқының өзіне деген бар ықылас-ниетін, адал жүрекпен қиылып айтқан өтініш-тілектерін есіне түсіреді. Ол жалғыз бір адамға ғана бере салған уәде емес, бүкіл халық алдында айтылған серт еді. Осылайша Марал ишан Сыр өңіріне қоныс аударады. Қазіргі Қармақшы ауданының орталығы Жосалы қыстағының терістік шығысындағы «Қарабдал» мекеніне көш басын тірейді.
Халық қошеметпен қарсы алады. Марал әулеті осы төңірекке жайғасып, біржолата орнығады. Бір күні Марал әулие бүкіл елді тамақ беруге шақырыпты. Ығы-жығы жиналған халық, «өзі кедей, не береді бүкіл жұртқа?» — деп таңданыпты кейбіреулері. Ортада 10 тайқазан асулы тұр екен. Бәрінің де іші бос, тамақ болмайды. Сонда тұрып Марал ишан екі қалпесін жұмсапты. Көп ұзамай екі жігіт 200-дей киікті айдап әкеліпті. Бағудағы мал сияқты иіріліп бір жерге тұра қалған киіктерді көрсетіп тұрып Марал ишан келген жұртқа қарап:
— Осыларды керегінше сойыңдар да аса беріңдер. Керегінше жеңдер, бірақ сүйегін кемірмеңдер, — депті. Жұрт ішіп-жеп болған соң, әулие:
— Манадан бері жейтін шөбіңе, ішетін суыңа риза бол. Аллаху акбар! – деп бата берген екен, киіктер дастархан үстінен өріп-өріп жүре беріпті. Соңынан бір теке ақсандап жүре алмай қалыпты. Сөйтсе, біреуі абайламай бақайшағын мүжіп қойған екен. Марал қасын барып, арқасынан сипағанда, ол әлгі киіктердің соңынан секіріп ала жөнеліпті.
Сыр бойын келген соң, жергілікті халықты діни ислам жолына насихаттап, бір жағынан сауатын ашып, мәдениетін көтеруге Марал ишан көп еңбек етеді. Осы атыраптарда 7 мешіт-медресе салдырады. Кейін ұрпақтары да мешіт-медресе салдырып, бала оқытады. Сол себепті бұл аймақты жұрт «Қырық мешіт» деп атап кеткен. Елді егіншілікке үйретуде үлкен баласы Қалқайдың сіңірген еңбегі аса зор. Халық аузында «Қалқай құрымай, «алқа» құрымас» деген сөз бар. Қалқай ишан таң ата төбенің басына шығып алып, «Алқа», «Алқа» деп айқайлайды екен.
Марал ишан және кейін ол кісінің балалары мен немерелері, елдегі талай ауруларды емдеп жазған. Марал ишанға жан-жақтан ағылып келіп жатқандардың ішінде баласыз мүсәпірлерде болыпты. Әулиеге түнеген ұлсыздар – ұлды, қызсыздар – қызды болып, тілектерін Алла қабыл етіпті.
Бірде, Кете руының бір адамы Қарақұм жайлауынан қайтып келе жатып, атын шылбырына шұбатып қойып, түзге отырыпты. Елеңдеп тұрған семіз күреңі, иесінің қолы босамай жатқанын сезгендей шауып ала жөнеліпті. Апыл-ғұпыл атының ізінен жүгірген жолаушы қара көрмей қалыпты. Елсіз, сусыз жапан дала, түнімелік қасқыры жаудай. Жолаушы атты қуа-қуа әбден сілесі қатады. Жаны қысылған шақта: «Ишан Марал! Сарт болып кетпесең құтқара гөр!»-деп бар дауысымен айқайлапты. Сол мезет көз ұшында селтиіп тұрып қалған атын көреді. Жүгіріп келсе, сексеуіл түбіріне шылбырынан оралып, байланып қалған атын көреді. «А, Құдайлап» атына мініп, әдейі жолдан бұрылып, Марал ауылына соғыпты. Сонда Марал ишан:
— Міне, мынаны көрдіңбе, атың осыған байланды ғой, деп көйлегінің жағасын ағытыпты. Мойнын аттың шылбыры ысқылап, қып-қызыл ғып тастаған екен. Осындай керемет жәйттар ол кісіде өте көп болған.
Қармақшы өңіріндегі Әлібай ахунның шәкірті Нияз молда Бұхараның Мир Араб медересесінде өзбектің атақты ғұламалары Садраддин Айни, Файзулла Ходжаевтармен бірге оқып шатырхат алған адам екен. Қармақшы ауданының «Ақтөбе» ауылында тұратын оған, сәлем беруге (1956 ж.) осы өңірдің халық сыйлайтын атақты адамдары Омар мақсұм, Ұбайдулла молда, Дүйсенбек, Ешмағамбет, Қарсақбай, Құрманғали сияқты молдалар жиналыпты. Сол отырыста Марал баба туралы көп әңгіме болған. Сонда Нияз молда бір хикаяны сөз етіпті. Марал бабаның 60-қа таянып қалған кезінде Дәуіт пайғамбар айтыпты: «Алладан уахи болды, аманат жанын тапсыратын кезі таянды. Өзінің туған топырағына қарай жылжи берсе болады», — деп. Сонда Марал баба: «Мен Кіші жүздің халқын жақсы көріп кетіп едім. Осы арада қалуыма Алладан рұқсат болар ма екен», — деген екен. Содан кейін пайғамбар: «Жаратушы иемізден осы арада қалуыңа рұқсат болды. Алланың нұры Кіші жүздің топырағында қалатын болды ғой. Таңламақшар күнінде пейіштің бір есігі осы сен жатқан жерден ашылады екен» — депті. Осыны өз құлағымен естіген Нияз молданың ортаншы қызы – Фазила апай ол кезде 13 – жаста екен. Ал, Нияз молданың кімнен естігені бізге жұмбақ болып қалды. Ол өте ғұлама кісі болғаны белгілі.
Қостанайдағы өзі қоныс еткен «Әулие көлге» сапар шегіп барған Марал ишан сол жақта 1841 жылдың жазында дүние салады. Үлкен баласы Қалқай ишан мәйітін «Қырық мешітке» жеткізеді. Сонда бабаның көш басы, шаңырақты түйесі – Қара атан бір төбенің басына шөгіп алып, тұрмапты. Әулиені сол жерге жерлеп, кейін үстіне қазіргі үй тамын орнатады. Бұл мекен баяғыда Марал ишанға аян берген әулие кемпірдің жатқан жері екені белгілі. Марал ишанның кесенесі Қармақшы ауданының орталығынан шығысқа карай 18 шақырым жерде орналасқан. Басында халық келіп түнейтін қонақ үйі және шырақшысы бар.
Сөйтіп, Марал ишан 61 жасында дүние салған. Жергілікті халық бұл әулиені «Марал баба» деп атайды. Және де қазіргі кезде аудан орталығында Марал баба атында мешіт және көше бар. Бабаның 4 әйелінен 8 ұлы болған. Ұрпақтары Қызылорда, Қостанай, Торғай, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Өзбекстан жерлерінде тұрады. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында Баба өмірінің соңғы кезеңі өтті, сондықтан да жұрағаттарының көпшілігі осы арада тұрады. Әулиенің өзі: «Бір баламнан 4 ишан шықты», — дейді екен. Басқа балаларынан да үлкен әулиелер шыққан ғой. Бірақ, әулиенің шүкіршілікпен мақтан тұтқан немерелері үлкен баласы Қалқай ишаннан тарағандар. Марал баба дүниеден қайтқаннан кейін оның балалары пірлік еткен. Әулиешілік қасиет немере, шөберелеріне дейін жалғасқан.

Талғат Жолдасұлы

Пікір

  • Ой Талғатжанай, Алла разы болсын!!!

    Басир 28.11.2015 12:52 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню