Дастарханды баспаңыз!

index

Үйде он баланың тоғызыншысы, жеті ұл баланың жетіншісі болып өстік. Сондықтан болар менің онша-мұнша еркеліктерім ескерілмейтін. Құлын-тайдай ойнақтап жүріп, талай затты қираттық. Бәрі кешіріледі. Қатаң жаза қолданылмайды. Бірақ, үйде кім болсаң да, ешкім кешірмейтін бір «күнәлі» іс бар еді. Ол – дастарханды басып ойнау. Ойнақтап жүріп дастарханды басып кетсең, отырғандар: «Баспа!» – деп шу ете қалатын. Егер еркелеп, қасақана дастарханды басып шолжаңдай бастасаң, ата-анаң шапалақпен шарт еткізіп шалқаңнан түсіреді. Ең қызығы, қай үйге барсаң да, «дастарханды баспа» деген тыйым қатаң сақталады. Тіпті үйге келген құрметті қонақтың ерке балаларына да кешірім болмайтын. Ас ішіп болысымен, дастарханды сүртіп, тазалап, бүктеп шкафтың ішіне құнттап салып қоятын. «Дастарханды басуға болмайды» деген табу иісі – қазаққа терең сіңген әдет. Мен өскен соң «бұл дәу де мұсылман жұртынан келген тыйым болды» деп ойлаушы едім.
Тоқсаныншы жылдары Шығыстану факультетінде оқып жүргенде араб тілін оқитын курстас жігіттер араб елдеріне барып, бір жыл тіл оқып қайтты. Мен бірінші рет ол жақта дастарханға қатысты біздегідей ерекше құрметтің жоғын естіп таңғалдым. Телеарнада жұмыс істеп жүргенде Кабулға барып деректі фильмдер түсірген әріптестер Ауғанстандағы жергілікті жас жігіттердің дастарханды басып жүріп, қалайша нан таратқандарын жағаларын ұстап отырып айтып берді. Тіпті біреуі сол жерде ұшынып, елге ауырып, әзер оралыпты. Маған осы оқиғалардың бәрі түсініксіз, тұрпайы көрінетін. «Неге дастарханды қадірлеуге қазақтар ерекше мән берген?» деген сұрақ мазаны алатын. Өзге мұсылман елдерінің дастарханға салғырт қарағанына қарап іштей «бұл енді не де болса, өте көнеден келе жатқан түркілік мәдениет болар. Кейін түркілік дүниетаным Исламмен шарпысқанда синтезге ұшырап, жаңа діни сипатта әдетке енген шығар. Егер дінмен бірге келген болса, барлық мұсылман үмбеті тура қазақтар сияқты оны құрметтер еді» деп топшылап жүрдім.
10154265_1413300148956154_4428483628838496896_n2014 жылдың мамыр айында Түркияның Кайсери қаласына барып, «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабын жазып жатқанда, қаладағы қазақ студенттері пикник ұйымдастырды. Кайсериге Түркістандағы Ясауи университеті арқылы келіп оқып жатқан тувалық Чинчи есімді студент қыз да осы жиынға келді. Қазақшаға судай. Танысып әңгімелесіп отырып, одан көне түркілік танымдар туралы сұрай бастадық. Ол білгенінше айтып жатыр. Қасымда отырған Айбек:
– Осы сендерде дастарханды қатты қадірлей ме? – деп сұрады. Ол:
– Ооооу, әлбетте! Дастархан – біз үшін ең киелі зат, – деді дауысын зорайтып.
– Не үшін? Неге дастарханға сонша мән береді?
– Қалай не үшін?! Дастархан деген – астың қойылатын жері. Отбасының барлық мүшесі дастарханда ғана түгел жиналады. Сол жерде азықтанып, қуат аламыз. Сол жерде сөйлесіп бауырмалдықты арттырамыз. Сондықтан дастархан біз үшін айрықша құрметті, – деп өз әлінше түсіндірген болды.
Осы болмашы ғана деректің өзі бізге талай нәрседен хабар берді. Алтайдағы Отукен тауының етегінде ата жұртта қалып қойған туысқан бауырлар әліге дейін дастарханды қастерлеп кие тұтады. Орта ғасырдағы түркі нәсілінен шыққан дін ғұламалары осы әдемі әдетті кейінгі ұрпаққа қалай да жеткізуді мақсат тұтса керек. Дастарханды қастерлеп ұстау туралы аңызды өшпестей етіп діни қиссаларға сіңіріп, көркем формада айтып, жеткізіп, ұрпағына аманаттап қалдырыпты. Біз ол аңызды бірінші рет «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабын жазып жүргенде Болат Бопайұлынан естідік. Миғражнама қиссасы бойынша оқиға былайша баяндалады. (Бұл аңыз осы қалпында «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабына енген).
buraqПайғамбар пырақпен миғражға ұшқанда Аршыдан өтіп, шексіз, үлкен дарияға тап болады. Сол жерге келгенде пырақ:
– Ей, Мұхамбет, мына дариядан мен түгіл, бірде-бір періште өте алмайды. Дарияның шеті жоқ, шегі жоқ. Ұшқан мақұлық дарияның ортасына да жете алмайды. Сондықтан мен ары қарай алып өте алмаймын, – дейді. Мұхамбет пырақты қоя беріп, дарияның жағасына келгенде, Жебірейіл періште жайнамаз әкеледі.
– Ей, Мұхамбет, мына жайнамазға отырсаң, ол сені демде дариядан өткізеді. Алланың дәргейіне жеткізеді, – дейді. Пайғамбар жайнамазға мініп, екі рәкәт намаз оқиды. Жайнамаз ұша жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша оны дарияның арғы бетіне жеткізіп, Алланың дәргейіне әкелді. «Намаз – мұсылманның миғражы» деген нақыл сөз осыдан қалса керек-ті. Пайғамбар жайнамазды тастамай, үмбетіне ала келіпті.
Тәңірі тағала ақ дастархан жайып, досын күтіп алады. Пайғамбар дастархан басына жайғасады. Күллі періште қызмет етуді мәртебе санайды.
Сол кезде Ұлық Алла періштелеріне:
– Менің сүйікті пайғамбарымның шынтағы мамыққа тисін, – дейді. Періштелер пайғамбарымыздың оң иығына жастық әкеліп қойыпты. Содан бастап мұсылман қауымында қонаққа жастық ұсынатын дәстүр пайда болады. Қазақтар жастықты миғраждан келген киелі зат деп сенеді. «Жастықты астыңа басып отырма», «жастықты теппе» дейтіні содан екен.
Алла тағала пайғамбарға:
– Достым, не қалайсың? Бүгін сұрағаныңның бәрін беремін. Мен сені екі дүниенің нығметіне қатар бөлеймін. Мына дастархандағы ас-ауқат жәннәттің ең асыл тағамдарынан саған арнайы дайындалып жасалған. Дастарханнан дәм ал, – дейді. Сол кезде Мұхамбет пайғамбар:
– Менің үмбетім де осы дастарханнан үлес ала ма? – деп сұрайды.
– Жоқ, тек саған ғана. Мен бұл тағамдарды сенің бір өзің үшін ғана әзірлеттім.
– Олай болса, үмбетіме бұйырмаған астан тойып ішуге менің ар-ұятым жібермейді, – деп, дәмге қол созбай отырып алыпты.
original– Онда мына дастарханды берейін. Ішіне ырыс, дәулет, берекені жасырдым. Үмбетіңе айт. Егер дастарханын таза ұстап, адал асқа ғана жаятын болса, күллі ырысты сол дастархан арқылы табылады.
Пайғамбар дастарханды өзімен берге миғраждан ала келген екен. Үмбеттеріне «шаңыраққа береке кірсін десеңдер, дастарханға арам ас жолатпаңдар, аяқасты етпеңдер» деп өсиет қалдырыпты.
Миғраждан қайтар сәтінде Ұлық Алла періштелеріне:
– Мұхамбеттің иығына зүміреттен жасалған шапан жабыңдар. Басына сәлде ораңдар. Сәлде ер үмбетінің қорғаны болсын, – дейді. Періштелер пайғамбарға салтанатымен зерлі шапан жабады, басына сәлде орайды. Сол кезде пайғамбар:
– Сәлде ердің қорғаны болса, әйелдің қорғаны не болмақ? – деп сұрапты. Ұлық Алла:
– Әйел затты үмбетіңе орамал беремін. Орамалы олардың әрі көркі, әрі қорғаны, әрі иба-әдебі болады, – депті.
Миғраждағы осы оқиғадан соң қазақ арасында құрметті қонағына шапан жабу, басына бөрік кигізу, әйел адамға «орамал тон болмайды, жол болады» деп, ақ орамал сыйлау сияқты салттар орныққан.
m-4-recognised-by-the-monk-bahiraПайғамбар миғраж сапарынан мұсылман үмбетіне тоғыз түрлі қасиетті зат ала келіпті. Олар: Құран, жастық, дастархан, шапан, сәлде, орамал, жайнамаз, сәлемдесу үлгісі, намаз екен. Мұны «пайғамбардың базарлығы» деп атайды. Ел арасында Құранды құрметтеу, дастарханды баспау, киім-кешекті, бас киімді, орамалды аяқасты етпеу, жастықты, жайнамазды қадірлеу сияқты ырымдар осыған орай шығыпты.
Дастархан тазалығына байланысты Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабында мынадай қызықты деталь бар: «Жақсы араласып жүрген бір жолдасымыздың әкесі қайтыс болды. Сол кісінің жетісіне барып келгенімде, атам:
– Иә, балам, қалай барып қайттың? – деп әңгіме сұрады. Мен кісілердің көп келгенін, дастархандарының мол болғанын, үй иесіне жұрттың риза екенін айтып бердім.
– Адам өлген соң көмусіз қалмайды, әйтеуір, жүзі жабылады, дегенмен «орнында бар оңалар» дегендей, баласы артында қалып, жөн-жоралғысымен жақсылап жөнелткені дұрыс болған екен. Шындап келгенде, марқұм үшін енді бәрібір, бұның барлығы тірілер үшін жасалатын нәрселер ғой, – деді…
– Дастархандары таза болды ма? – деді атам.
– Иә, өңкей аппақ крахмалданған дастархан жауыпты, – дедім сөзді тура мағынасында түсініп әрі неге олай сұрағанына таңданып қалдым.
– Ақымақтанба! Нені сұрағанымды білесің, – деді көзінің оты жарқ етіп.
– Кешіріңіз, ата, шынымен түсінбей қалдым.
– Дастарханда ішімдік болды ма деп отырмын.
– Е-е, болды. Неше түрлісі болды, – дедім сөз мәнісін енді түсініп.
gallery_7617_4_655Атам ештеме демеді, әңгіме осымен бітіп қалды ма деп ойладым. Бірақ, меніңше, атам жайдан-жай, текке әңгіме болсын деп бас-аяғы жоқ сөзді қозғамайды. Бастаған екен, қайткенде бір түйін түйіліп жатады. Атамды әрі қарап сөйлетпекші болып:
– Қазір молшылық кезі ғой, елдің бәрі осылай істейді, дәстүр болып кеткен, – дедім атам ондайды көрмей жүргендей білгішсініп.
– Дәстүр дейсің бе? Қай жеті атаңнан қалған мұра еді бұл дәстүрің? – деп дауысы ызғарланып шыға келгенде тілімді тістедім. «И-и, сорлы басым-ай, жайыма қарап отырмай, арыстанның торына кіріп нем бар еді, «құйысқанға қыстырылып» басыма бәле тілеп алдым ба?» – деп, бетіммен жер басқандай төмен қарап, саусақтарымды сытырлата бердім. Үнсіз өткен бірнеше минуттың салмағы еңсемді басып барады, одан да ұрысқаны-ақ жақсы еді.
– Дәстүр дейді ғой, дәстүр емес – жұқпалы ауру, егер түсінсең, – деді атам…
… – Сен жаңа: «Молшылық заман, қазір елдің бәрі сөйтеді, дәстүр болып кеткен», – дедің. Молшылық екені рас, халықтың өз еңбегі – өз қолымен жасаған берекесі. Ал осы тоқтық бұрын біздің салтымызда болмаған әдетті істетіп жүр. Жақсы емес екенін білмегеннен емес, «Пәленше сөйтіпті, мен неге асып түспеймін», – деп, кейбіреу өлімнің дастарханын тоғышар жарысқа айналдырып алыпты. Кейде «аттыға ілесемін деп, жаяудың таңы айырылып» жатады, сонда да қоймайды. Өйткені тоқтай алмайды, қатардан қалуды мін көреді. Той-томалақ, жақсылықта ішімдік дегендердің емен үстелді майыстыратынына баяғыда-ақ тез үйренген. Қазір жас өлсін, кәрі өлсін, марқұмның жүзін топырақ жасырмай жатып саусылдатып тізіп қояды. Қойылған соң ішіледі, ішілген соң кейбіреудің көзіне түйенің екі өркеші төртеу болып елестей бастайды: «Неге бұлай-ей», – дейді, біреу жылайды, біреу күледі, енді біреу даурығып, көпе-көрнеу өтірік мақтауға кіріседі. Сөйтіп, қаралы үйде артық ауыз сөз туып та кетеді. Барлық жерде кездеседі демеймін, бірақ өз көзіммен көрмесем айтпас едім. Бір композитордың (атам ол кісінің атын атаған болатын) қырқында еске түсірейік деп, оның шығарған әндерін айтып, содан кейін тірі композиторларды еске қоса түсіріп, аяғы концертке айналды. Это неуважение к памяти человека! – деп ақырып қалғанда, онсыз да зорға отырғам, шошып кеттім…
216f0ba35b… Ежелден келе жатқан ел дәстүрімен соңын күтіп, перзенттік борышымызды атқарғанда, «Дастарханы таза болды ма?» деген атамның сөзі көкейімнен кетпеді. Үні осы әлгінде айтқандай құлағымда тұрды. Біз ақша қуып, дүние жиған адамның қамсыз өскен мұрагері емеспіз. Біреуден ілгері, біреуден кейін ащы маңдай терімізді төгіп, нанымызды еңбекпен тауып жүрген жандармыз. Алайда атамның өлмес рухы алдында ешбір аянып қалғамыз жоқ, әке өсиетін, керек болса, бұйрығын Бақытжан екеуміз бұлжытпай орындауға тырыстық. Атамның Ержанға қалдырған қара шаңырағының ақ дастарханын кең жайып, таза ұстадық. Қайғымызға ортақтасып, ізгі ниеттерін білдіруге келген ардақты аталар мен аяулы әжелерге, ақылшы аға, қамқор апаларға, өмірдің ащы-тұщысын әлі тата қоймаған жастарға – бәріне «бөтелке» орнына ең қадірлі асымыз шұбат пен қымыз ұсындық», – деген.
Әлбетте, СССР кезінде қазақтар бұндай аңыздарды ұмытып қалған. Совет өкіметі «Миғражнама» деген кітапты басып шығармақ тұрмақ, біржолата жойып жіберуге барын салған. Бірақ қазақтың генетикалық жадында Отукен тауының етегінен басталған ырым-тыйымдар мен әдет-ғұрыптардың сынық бөлшектері бәрібір сақталып қалған сияқты көрінеді маған. Қазақтар әліге дейін тыйымның түпкі аңызын қопарып айтып бере алмаса да, дастарханды қалай болса солай басып жүре беруден бейсаналы түрде сескеніп тұрады. Осы дүниетанымның қазақ санасының ең астыңғы қабаттарына дейін терең сіңіп кеткені сонша – алаш ұлдары әліге дейін пойызға мінгенде шамалы мазасыз хал кешеді. Себебі, пойызда ас-ауқат ішетін дастархан ортаға бекітілген. Үстіңгі қабатта жататын жолаушы ортадағы дастарханға аяғын қойып, үстіне көтерілген сайын қазақтардың жаны түсініксіз халді бастан кешіп отырады. Өзінен өзі көңіл күйі бұзылып, бір қастерлі затын біреу басып кеткендей әрі-сәрі күйге түседі. Әрине, ортадағы ортақ дастарханды басқаны үшін ешкім де қасындағы сапарласына еcкерту айтып сөкпейді. Қоғамдық көліктің тәртібі солай. Ал егер алған орның плацкарт вагонның купесінде емес, бір бүйірінде болса, шыбын жанға тіптен жайсыз. Жаңа ғана ас-ауқатын жайып тастап, тамақ ішкен дастарханын бүктеп тастап, үстіне отырып алады. Шаршаса, жатып ұйықтайды. Ода тұрған не бар екен?! Орнымда жатырмын деп ойлайды. Бәрібір сананың түсініксіз бір қатпарынан адамды алаңдатып тұратын әлсіз сигнал келіп тұра береді. Себебі, дастарханның үстінде жатыр. Ұлттық ерекшеліктің бірі осы-ау деп қоям сондай кезде.

Санжар Керімбай

Пікір

  • Тағлымды дүние

    Салтанат Махатова 23.04.2015 23:29 Ответить
  • Сəлеметсіздерме! Сіздің вк.да парақшаңыз барма болса кандай алдын ала Рахмет

    кенжегул 24.04.2015 02:50 Ответить
  • Порядочный айелде уш касиет болу керек.
    1 касиет Байын куте бiлy керек.
    2 касиет Дастарханын жая бiлу керек.
    3 касиет Бала шағасын тарбиелей бiлу керек.
    Осы ушеуi жок айел Айел емес.

    Бауыржан Момышулы

    Есет 02.02.2016 03:13 Ответить
  • АЛЛА разы болсын! Көңілдің түпкірінде жүрген сауалдарға жауап алғандай болды.Шыныменде ата-əжелкріміз бен ата-аналарымыз бас киімді,киімді, дастарханды қадір тұту рухында тəрбиеледі,ал мəнің білмейтін едік.Жандүниеміз жадырап салғандай болды ғой!

    Аманкелді Садуақас 03.03.2018 13:14 Ответить

Добавить комментарий для Есет Отменить ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню