Қарлығаштың құйрығы неге айыр?

lastochka

Кеме Қазығұртқа тоқтаған соң, жылан Нұхқа келіп:
– Уәдеңді орында. Дүниедегі қаны ең тәтті мақұлықты қорегім ет, – деді. Пайғамбар келісті.
– Бірақ ненің тәтті екенін қалай білемін? – деді.
– Масаны жұмсайық. Сол тауып келсін. Қан соратын сол ғой, – деді жылан.
Пайғамбар масаны жұмсады. Маса бар мақұлықтың қанын сорып көрді. Ең тәтті қан адамның қаны екен. Іздегенін тауып, кері қайтады. Жолда қарлығаш:
– Ей, маса, қайда асықтың? – деді.
– Ең тәтті қанды таптым. Соны жыланға айтпаққа асықпын.
– Иә, кімнің қаны тәтті екен?
– Адам баласының.
– Маған да дәмін татқыз, байқап көрейін, – деп өтінді.
– Мақұл, – деп маса тілін шығарғанда, қарлығаш тілін жұлып алады. Тілінен айрылған маса ызыңдап, Нұх пен жыланға келді.
– Тәтті қан таптың ба? – деді пайғамбар. Маса ызыңдап тұра берді. Ешкім тілін түсініп болмады. Сол кезде қарлығаш келіп:
– Маса маған кездескенде құрбақаның қаны тәтті деген. Бұл соны жеткізе алмай тұр, – деді. Жылан бір қулықтың болғанын іштей сезді. Қарлығашқа:
– Маса неге сөйлемейді? Оған не болды? – деп сұрады.
– Бақа қанының тәттілігі сондай, маса қомағайлықпен өзінің тілін жұтып қойған, – деді қарлығаш. Пайғамбар уақытты созбай:
– Жылан, сенің қорегің құрбақа болсын, – деп дұға жасайды. Сол кезде жылан ызаланып, қарлығашқа тап берді. Ол жалт берді. Құйрығы жыланның аузында кетті. Содан бастап қарлығаштың құйрығы айыр болып қалыпты.
Нұхтың дұғасы қабыл болып, жылан бақаны азық етіпті. Нұх қарлығашқа риза болып:
– Ұрпағымды жыланның азуынан сақтадың. Бұдан былай көктемнің жаршысы бол! Мамыражай мезгіл сенімен бірге келсін! – деп бата береді.
Тәтті қанға ынтық болған маса содан бері адам қанына үйір болады. Ал, бақа «мені жыланға азық етті» деп, түнде маса аулайды екен.

Пікір

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню