Сәбидің күші (Л.Толстой)

55587817_slyozuy

— Өлтіріңдер! Мұндайды атып тастау керек! Дәл қазір атып тастаңдар! Өлтіріңдер! Бауыздау керек! Өлтіріңдер, өлтіріңдер! — деп шуласып, айқайласқан жұрттың дауысы естіліп жатты.
Олар қолы байлаулы бір адамды көшеде сүйреп келе жатыр екен. Тұтқын денесін тік ұстап, нық қадаммен, басын жоғары көтеріп келеді. Бойы ұзын екен, топтан ерекше көрінеді. Оның жүзінде өзін қоршап тұрған жұртқа деген жек көрушілік пен ашу-ыза бар секілді. Ол билік пен халық арасындағы қақтығыс кезінде билікті қорғап күрескен полицей еді. Енді халық оны ұстап алып дарға асуға бара жатыр.
«Не істеу керек? Заң алдындағы міндетімді адал атқардым. Берген антқа адал болып, соңына дейін тұрдым. Дүние кезек деген осы! Қазір тағдырым осылардың қолында. Егер Құдайдан бұйрық солай келсе, демек өлу керек. Сол дұрыс шығар, — деп ойлады ол.
Топтан естіліп жатқан айқайға ол салқын ғана жымиып, өзін тәкаппар ұстады.
— Бұл қалалық полицей басшысы, ол таңертең бізге оқ атпақшы болған, — деген айқай естіліп жатты топтан.
Халық оны дедектетіп айдап, алаңға бара жатты. Сөйтіп, кеше ғана әскерлер атып өлтірген, әлі мәйіттер жиналмаған көпір үстіне келгенде, топ бұрынғыдан да бетер құтырынып кетті.
— Соза беріп қажеті жоқ! Оны басқа жерге алып барып не істейміз? Дәл қазір осы жерде атып тастау керек бұл оңбағанды! — деп топ ішінен біреулер айқайлады.
Тұтқын ажалды күтіп алуға бекінді. Ол өзін жерден алып, жерге салып жатқан көпшілікке қарап тұрып, іштей «бұл тобырда жүрек жоқ шығар. Пейілдері неткен қорқынышты еді» деп ойлады.
— Бәрін құрту керек! Тыңшыларды! Патшаларды! Поптарды! Мына оңбағандардың барлығын! Өлтіру керек, дәл қазір өлтіру керек! — деп жұрт одан сайын өршелене түсті.
Бірақ, топты бастап келе жатқан басшысы оны алаңға алып барып есептеспекші болды. Тұтқынды айдап алаңға келді. Сол кезде топтың арт жағынан жылаған бала дауысы естілді.
-Көке! Көке! — деп алты жасар бала жыламсырап көптің арасынан қыстырыла суырылып, тұтқынға қарай ұмтылды. — Көке! Олар саған не істемек? Тоқташы, тұра тұршы, мені ертіп кетші!
Топтың бала келе жатқан жағынан айқай азайып, топ екіге жарылып, бейне бір тылсым күштің алдында тұрғандай, баланы әкесіне қарай өткізе бастады.
— Қандай әдемі бала! — деді бір әйел.
— Саған кім керек? — деп сұрады екінші біреуі балаға еңкейіп.
— Көкешім! Көкешіме тимеңдерші, жіберіңдерші оны! — деді бала жыламсырап.
— Әй, балақай қайда барасың. Саған кім тиді? — деді үшіншісі.
— Әкеме не істемексіңдер? — деп бала алдыға ұмтыла берді.
— Үйіңе қайт балақай, анаңа бар, — деді бір қарт кісі даусын қатқылдап.
Тұтқын баланың дауысын, жұрттың оған не деп жатқанын естіп тұрды. Оның жүзі бұрынғыдан бетер қарауытып кетті.
— Оның анасы жоқ! — деп айқайлады ол әлгі қартқа.
Бала көптің арасынан сығылыса отырып әкесіне жақындады да оны құшақтай алды.
Топ арасынан біреулер әлі де: «Өлтіру керек! Асу керек! Атып тастайық оңбағанды!» — деп айқайлап жатты.
— Сен неге үйден шығып кеттің? — деп сұрады әкесі.
Олар саған не істейді, әке? — деді бала көзінің жасын тия алмай. Әкесі жауап берген жоқ. Оны алдаусыратып жұбатпақ болып:
— Балам, сен ақылды емессің бе? Ақылды балалар әкесін тыңдайды. Солай ма, — деді әкесі жымиып.
— Иә.
— Катюшаны білесің ғой?
— Көрші ме? Иә, білемін.
— Сен соған бар да, сонда бол. Ал мен… мен… сосын келемін.
— Сенсіз бармаймын, — деп бала еңіреп жіберді.
— Неге?
— Мыналар жабылып, сені ұрып тастайды.
— Жоқ-а. Неге олай дейсің. Олар әншейін… — деп тұтқын соңғы сөзін жұтып қойды.
Сосын еңкейіп баланың бетінен сүйді. Құшақтамақ болып еді, артқа қайырыла байланған қолын босата алмады. Ол топ ішіндегі басшысына жақын келіп, сыбырлап:
— Тыңдаңызшы, қай жерде, қалай өлтірсең мейлі, тек баламның көзінше өлтірмеші, — деп сыбырлады. — Қолымды бір-екі минутқа босатшы. Соңғы рет ұлымды құшақтайын. Оған сендермен қыдырып жүрмін деп айтамын. Ол үйге қайтсын. Сосын өлтіре бер, — деді. Басшы келісті.
Тұтқын қолын босатты да, баласын құшақтап көтеріп алды:
— Ұлым, ақылды бол, Катяға бар.
— Ал сен ше?
— Көріп тұрсың ғой, мен мына ағаларыңмен біраз қыдырып келейін. Сен үйге қайта бер. Әйтпесе түн болып кетеді. Мен кеш қайтамын. Ал сен мені күтіп шаршайсың. Онан да үйге қайта ғой! Ақылдым сол!
Бала әкесіне тесіле қарап тұрды да, басын бір иығына қисайтты, сосын екінші иығына қисайтты, сосын ойланып қалды.
— Бара ғой балам, әкеңнің өтірік айтпайтынын білесің ғой, — деді өтірік айтып тұрса да, тамағына өксік тіреліп.
— Келесің бе? — деді бала көзінің жасы мөлтілдеп. Сенгісі келмесе де өзін өзі алдаусыратты. Бір жағы әкесінің өтірік айтпайтынын білетін.
Әкесі басын изеді. Бала келісті. Бір әйел баланы топ арасынан тысқа алып кетті. Баласы топтан ұзаған соң, тұтқын:
— Мен дайынмын, өлтіре беріңдер, — деді.
Осы сәтте оқиға күтпеген жерден өзгеріп шыға келді. Жаңа ғана өте қатал шешім айтып, кешірімсіз, қатыгез пиғыл танытқан адамдар сең соққандай тұрып қалды. Бәрінің жүрегі езіліп, көздеріне жас келді. Баланың сөзі мен көз жанары жүректегі мұзды ерітіп жібергендей, қатыгездіңтің қағын қырып алғандай болды. Бір кезде бір әйел:
— Білесіңдер ме, осыны босатайықшы, — деді. Осыны күтіп тұрғандай екінші біреуі:
— Иә, мүмкін кінәсі жоқ шығар. Қатал шешім шығармай, артын Құдайға тапсырайық, — деді. Тағы біреуі:
— Түу жүрегім ауырып кетті ғой, босатсақ бостайық, баласынан обал. Жетімнің көз жасына қалмайық, — десті.
— Әу, ағайын, бұл да бір біздің бауырымыз емес пе? Мүмкін біз қателесіп тұрған шығармыз, — деді топ басшысы.
Содан жаңа ғана қатал үкім айтып тұрған топ жан-жақтан:
— Иә, босатайық, босатайық! — деп шуласып кетті.
Сол кезде ғана сыртқа сыр білдірмей, денесін тік ұстап тұрған тұтқын да аяқ астынан жылап жіберді. Қолымен бетін басып, кінәлі адамдай, топ арасынан жүгіріп шықты. Оны ешкім тоқтатқан жоқ.

Аударған Жүрсін Кәрім

Пікір

  • Әсерлі екен. Тағы осындай шығармалар бола берсе екен.

    Амангелді 22.04.2015 01:00 Ответить
  • Тамаша әгіме, негізі Л.Н. Толстой менің сүйікті жазушым. Толстой секілді образдарды сомдай алдаған жазушы жоқ деп ойлаймын. Толстойдың басқа да шығармаларын аудару ойыңызда жоқ па, Жүрсін аға?

    Исмайл 22.04.2015 09:27 Ответить
  • Шығарма ауырлау екен. Ерегде полицейді өлтірген болса, жүрекке ауыр болатын еді.

    Бауыржан 22.04.2015 10:42 Ответить
  • Соңы осылай аяқталғаны қандай жақсы! Әлемді мейірімділік құтқарады деген осы!

    Анаргул 22.04.2015 12:07 Ответить
  • жақсы жүрекке жағымды оқылады,аудармашыға көп рахмет.

    Айбарша 22.04.2015 13:23 Ответить
  • Ия,өте əсерлі.Өмірдің мəні мен сəні сəбилер ғой.Сəби болғым келеді сəбиі жоқ ананың құшағында…Мейірімді əкелер жасасын!

    Ақгүл 22.04.2015 15:34 Ответить
  • Мықты. Толстой адамның ішкі жан дүниесіне жете үңіле білген адам, мына әңгімесі әсерлі.

    Рүстем 23.04.2015 10:04 Ответить
  • Баласы жетім қалмасын деп полицейді босатты. Әрине бұл дұрыс шешім. Ал, сол полицейдің бұйрығымен қаншама адам өлтіріліп, қаншама бала жетім қалды… Адамдардың әділдікті өз бастарына қиыншылық түскенде ғана іздеп, басқалардан мейірімділік күтіп мүсәпірсіп қалатыны жаман. Бірақ бұл оны өлтіруді құптағаным емес. Бұл шығарманың түйіні қандай жағдайда да кешірімшіл болуды насихаттау ғой.

    Жеңіс 23.04.2015 12:22 Ответить
  • Өте әсерлі. Баланың көз жасынан қорыққан адамдардан айналдым.

    Нұрбану 02.05.2015 13:09 Ответить
  • Аллам пана ғой, бала әкесіне періште болып келді.

    Ұлдана 12.05.2015 06:39 Ответить
  • Дана қазақ: «-Білгенің қайда, білмегенді кешірмесең!» — деген. Сол іспетті мұнда «Адамдарды қателіктерімен, кемшіліктерімен қабылдау» деген үлкен өмірлік мәні бар мәселе қозғалып отыр.

    Баян 04.06.2015 18:40 Ответить
  • Дұрыс айтасыз

    ақжан 03.05.2016 02:21 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню