Адамзатты мойындатқан жеті қазына

10388677_1403632019922967_553838994849935406_n

Таяуда бір досым мені шілдеханаға шақырды. Барсам — үй толы адам. Қырық шақты қонақ дастархан басында жағалай отыр. Төрде бірнеше қария жап-жақсы әңгіме айтып отыр екен. Олар көне түркі тарихын, Орта ғасырдағы Шыңғысханның дәуірлеген кезеңін, Алтын Ордадағы өркендеу, бергі жағы 30-шы жылдары атылып кеткен зиялы тұлғалар туралы толғап шықты. Сәлден соң асығыстау екі-үш қарт қоштасып, ерте шығып кетті. Төрде отырған қария мені қасына шақырып алды да бос орынға жайғастырды. Ет желініп болған соң үй иесі «Сәке, құран оқып, дұға етіп жіберсеңізші» деп өтінді. Мен дауыстап Құран оқып, дұға қайырдым. Құраннан соңғы бір сәттік үзілісті пайдаланып, мен де әруақтарға арнап Құран оқып, дұға жолдау дәстүрінің шығу себебі туралы қиссаларды айта бастадым. Қария елең етіп, ұйып тыңдай қалды. Содан екеуіміз сол жерде шүйіркелестік те кеттік. Қарияның көкірегі толған қазына екен. Сұрақтарды жаудырды. «Тағы қандай қисса білесің, айта бер. Шырын екен мына әңгіме. Жасым сексенге тақаса да тап мынадай қызық қиссаларды бірінші рет естіп отырмын» деп айызы қанып отыр. Ақсақалың СССР кезінде партияның адамы болған. Бірақ ең қызығы — Совет Одағы құлаған соң ешқандай да психологиялық соққы алып, дипрессияға түспеген. Дастархан басында мағыналы әңгіме айтып, елді жақсылыққа ұйытып отыратын қасиетінен танбаған. Сұрай келе білістік. Сөйтсем, қария бала кезінде ауылдағы ата-әжелердің аңыз-әңгімесін құлағына құйып алған екен. Фундаменті ауыз әдебиетімен қаланған. СССР құлаған соң партияның өтірігін лақтырып тастап, баяғы классикалық әңгімесіне қайта оралған. Оның бұрынғы партия өкілі екенін тек киім үлгісі ғана айтып тұр. Өте ақылды кісі екен. Денсаулығын мықтап күткен. Ақыл-есі сап-сау. Зайыбын да күтіп ұстаған джентельмен болса керек, кемпірі жетпістен асса да сыны кетпеген салиқалы әйел.
«Тыңдаушы ықыласты болса, айтушы шешен келеді» демекші, мен де көсіліп отырдым. Бір кезде ол:
— Осы сен жеті қазынаға не жатады, соны білесің бе? — деп сұрады менен. Мен сасып қалдым да:
— Ой, оның варианты көп қой. Біреулер ананы жатқызады. Біреулер мынаны жатқызады. Мысалы қыран, тазы, жүйрік жылқы, сұлу әйел деп те жатады, деп санаған болдым.
— Меніңше соның бәрі қате. Менің көңіліме еш қонбайды осы айтқандарың.
— Неге? Нақты не ұнамайды сонда?
— Балам, өзің ойлап қарашы. Жеті қазына деген Адам ата мен Хауа ана жерге түскенде өліп қалмай өмірлерін жеңілдікпен сүру үшін берілген ең қат, ең керек, ең зәру заттар болу керек. Егер сұлу әйел қазынаға жататын болса, әйел адам еркектің меншікті заты сияқты болып қалмай ма? Сондықтан ол дұрыс емес. Ер мен әйел тең. Екеуі отау құрып, жұптасқанда ғана дүниеге жаңа бала келіп, адам өмірі жалғасын табады. Сондықтан, әйелді қазынаға жатқызуды менің ақылым өлсе де қабылдамайды, — деді.
— Ал, жүйрік ат пен қыран бүркіт ше? Ол неге көңіліңізге жақпады?
— Мұнда былай. Бұл екеуі де Құдай жаратқан жақсы мақұлық. Қазақтың өмірін оларсыз елестету мүмкін емес. Бірақ жеті қазына дегеннің философиясы өте терең болу керек. Яғни, «Адам ата Хауа анадан тарадық» деп айтатын болсақ, ондағы қазына да жалпы адамзатқа ортақ болуы тиіс. Ал жүйрік жылқы мен қыран бүркіт қазақтың ғана тіршілігіне сән беріп тұрған мақұлықтар. Осы екі мақұлық болмаса адамның тіршілігі тоқтап қалады деген түсінік болмау керек. Қыран бүркіт адамды аштан алып қалатын қазынадан көрі, көңіл көтеретін сауық — сайранның салтанатына көбірек ұқсайды. Ал жылқыны Латын америкасындағы үндістер конкистадорлар мініп барғанда бірінші рет көріп таң қалған. Сол сияқты қыран бүркітті де асырап аңға салмай-ақ өмірін сүріп жатқан елдер жетерлік, — деп бір тоқтады.
— Сонда сіздіңше жеті қазынаға не жату керек?
— Меніңше, жеті қазына деген көне заманда маңызды болып, қазіргі кезде қажеті мен керегі жоғалатын нәрсе болмауы керек. Егер ол керектен қалып, қолданыстан шығатын болса, оларды іріктеп алып, «Жеті қазына» деп киелендірудің не қажеті бар?
— Мына логикаңыз маған ұнай бастады. Тарқата түсіңіз.
— Мысалы, сен әйелің екеуің Робинзон сияқты аралда қалып қойдың делік. Сол кезде сен аштан өлмей, өміріңді сүріп, тіршілікті ары қарай жалғастырып әкетуге тиіссің. Яғни, қолыңда нағыз қазына болуы керек.
— Сіз сонда ақылыңызбен елеп-екшеп, жеті қазынаны өзіңізше іріктеп шықтыңыз ба?
— Жоқ. Оны маған дейінгі ақылды қазақтар іріктеп қойған. Тек кейінгі кезде өтірік фольклор жинағыштар ақылдың сүзгісінен өткізбестен, не болса соны қазынаға қоса берген. Қай жылы екені есімде жоқ, бірде көлікте келе жатып, Қазақ радиосынан бір хабар тыңдадым. Сол кезде бір кісі жеті қазынана осылай логикаға салып санап шықты. Оның аты-жөнін жаттап қала алмадым. Есі-дертім жеті қазынада болды. Маған сол нұсқасы керемет ұнап қалды.
— Ия, ол нені кіргізді жеті қазынаға?
— Ең бірінші – шақпақ! 250px-Canto_tallado_2-Guelmim-Es_SemaraОт шығаратын шақпақ. Отсыз күнің жоқ. Солай ғой? Жылыну керек. Тамақ тек отқа піседі. Түнде жағып қойып, жыртқыш аңнан қорғануға да болады. Шақпақ болмаса тіршіліктің тоқтауы әбден мүмкін. Енді мына жағына назар аудар. Қазір де ас үйде шақпақ тұрады. Үйіңде оттық таусылып қалды делік. Балаңды шақпаққа жұмсамай неше сағат отыра алам деп ойлайсың? Оттықсыз өміріңді елестете аласың ба?
— Жоқ. Расымен де оттықсыз күніміз жоқ. Үйде сіріңке таусылса сол замат мазаң қашады.
— Әне, көрдің бе? Не дейсің енді?!
— Сосын?
— Екінші садақ! Садақ жасамай ел болған бір де бір ежелгі тайпаны таба алмайсың. Соғыс құралынан бөлек, аңды алыстан атып құлататын жалғыз құрал — садақ! Аштан өлмеудің кепілі. Әлбетте, кейін отты қару шыққан соң оның орнын мылтық басты. Мылтық дами келе автоматты қаруға айналды. Солай кете береді. Бірақ сонда да түпкі принцип сақталып қалған. Яғни оқ адырнадан ұшса да, стволдан ұшса да алыстағы аңды атып құлатып, адамға азық тауып береді. Қазір де қарусыз ел бола ма? Ішкі, сыртқы әскерің қару асынбай жүре ала ма? Мылтықтың күшінсіз полицияң тәртіп орната ала ма? Сонымен садақ заманға сай мылтық болып өзгерді. Келісесің ғой?
— Келісем!
— Ары қарай кеттік. Үшінші — арқан! 3580aa1039b664b9713c6d8df5e903ed777Ия, кәдімгі арқан. Құдай біледі деп айтайын, ең бірінші арқанды шырмауықтан болса да ең бірінші Адам атаның өзі ескен шығар. Онсыз қора-қопсысын қалай тұрғызады? Ол кезде металл сым жоқ. Бәрін арқанмен байлаған. Төрт түлік малдың бәрі әліге дейін арқанмен байланады. Ең аяғы Хауа ана кір жумады дейсің бе? Жуылған киім кешектерін арқан тартып, жіпке жайған шығар. Қазір де солай емес пе, — деді.
— Ия, рас, — дедім мен. Ойлап қарасам расымен де солай. Қорада мал
ұстамасам да далаға кір жайғанда жіп тартады екем. Қалай десек те арқанның жіңішке түрі ғой. Малмен отырған халықтың тұрмысын арқансыз көзге елестету тіптен мүмкін емес.
— Ары қарай, — дедім қызығып.
— Төртінші — кездік! 5819509Кәдімгі пышақ. Ең бірінші тастан жасалған кездіктен бастап, қазіргі тот баспайтын мықты пышақтардың арасында анау айтқандай айырмашылық жоқ. Рас қой? Кездіктің де міндеті өзгерместен сол күйі қалды. Күнделікті тұрмыс-тіршілігіңді пышақсыз елестете аласың ба? Малды компьютермен бауыздап, етті қолыңнан тастамай отырған мына телефонмен боршаламайтын шығарсың,-деді әзілдеп. Бәрі тегіс күліп жіберді. Мен «шынында да бұрындары неге ойланбағам» дедім. «Компьютер, телефонсыз күн жоқ» деп қоямыз. Қарап тұрсам кездіксіз күніміз жоқ екен-ау деп қалдым.
— Енді не қалды?
— Бесінші — Ит! Бұл енді елдің бәрі білетін ақиқат! Итті кім жақсы көрмейді? Ит таралмаған аймақ бар ма өзі? Адамның тұрмысына ит сияқты тығыз араласқан бір де бір мақұлық жоқ. Адамның нағыз айнымас серігі. Қазірге дейін итті қауіпсіздік органдары арнайы асырайды. Бомбаны да, есірткіні де солар іздеп табады. Міне, нағыз қазына! Адам атаның кіндігінен жаралғалы бері кәдемізге жарап келеді. Сондықтан, итпен қоштасуға әлі ерте.
— Алтыншыға не аламыз?
— Алтыншы – қазан! Қазансыз күнің жоқ! Көрмейсің бе, археологтар көне Қытайды қазған кезде көбіне қазан тауып алады. Осыған қарап-ақ қазанның өте көнеден келе жатқан қасиетті құрал екенін білуге болады. Тамақ пісіретін ыдыссыз күніңді елестете аласың ба? Адамзат өркениеті басталғалы неше мың жыл өтті. Содан бері ас-ауқат пен тағам-тамақтың неше түрі шықты. Кулинария — өз алдына бөлек ғылым! Өзгермеген қара қазан ғана. Соғыста ғана солдаттарға ыңғайлы болсын деп кішкене котелек береді. Бірақ принципі біреу. Тамақты сақтау және соған жылытып жеу. Егер қазан соншалықты маңызды болмаса солдатқа котелекты жүк етіп артпас еді, — деді.
— Соңғысы қалды.
— Меніңше соңғысы — балта! indexБіреулер оның орнына қақпан деген екен. Оны онша қабыл көрмедім. Себебі, арқанмен де тұзақ құрып аң аулауға болады. Қазіргі өмірден алып қарасаң да адамдар қақпансыз тіршілігін сүре береді. Ал балтасыз қаланың да, даланың да өмірін елестете алмадым. Археологтардың қазбасын қарап отырсаң тас пен ағаштан жасап алған балтаның талай түрі табылады. Сен ана Оци деген мүрдені білетін шығарсың. Соны адамдар Альпі тауынан 5500 жылдан кейін тауып алды. Асынған садағы мен беліндегі балтасы және кішкентай тас кездігі сол күйі сақталған. Қазір Оцидің мәйіті құрал-сайманымен бірге Италияда музейде жатыр. Ол өлген кезде Мысырдағы пирамадының өзі тұрмақ, орны да сызылмаған. Қарап тұрсам балта да содан бері еш өзгеріске ұшыраған жоқ. Балта, сол балта күйінде қалды. Семсер, қылыш, қанжар соғыста ғана серік. Ал балтамен отыныңды шапсаң да, жауыңды шапсаң да пайдаңа асады. Адам ата ең бірінші үйі мен қора-қопсысын ағаштан соққан кезде қалың бұтақтарды кездікпен жонып құлатпаған шығар? Дұрыс па менің ойым? Қазір де адамдар балтадан бас тартып, тіршілік кеше ала ма? Отын суыңды айтпағанда — соғымға сойылған ірі қараның жіліктерін пышақпен шаппайсың ғой. Бәрі де балтамен тынатын іс, — деп тоқтады да, — қалай балам, көңіліннен шықты ма? – деді.
— Шықты, — дедім. Мен үшін бұл зор жаңалық болды. «Осыған дейін тап осы қария сияқты терең логикамен қалай ойланбағам» деп таңғалдым. Содан не керек, қонақтық тарқап, үйімізге қайттық. Қызық әлі алда екен. Ауылға келген соң өзімнен алты жас үлкен ағамның үйіне соғып болған әңгімені айтып бердім. Ол РОСО-да құтқарушы болып жұмыс істейді. Екі күннің бірінде тауда жоғалған, сел мен желдің астында қалған бейбақтарды құтқарып түзде жүреді. Мені тыңдап болып ағам менен де бетер таңғалды. Ол:
— Ойпырмай, қалай рас айтқан ана кісі! full_3372163Бұрын неге ойламағанбыз. Мына біздер, профессионал құтқарушылар арнайы базада сменмен тәуліктеп жатамыз. Базада әр бір құтқарушының жеке жәшігі болады. Жәшікте біздің жеке рюкзак сақталып тұр. Құтқарушы тауда, я орман-тоғайда өзі де адасып, қиындыққа тап болса, оның рюкзагында тірі қалу үшін қолданатын ең керекті заттар сақадай сай тұруы тиіс. «Адам жоғалды» деп дабыл қаққанда құтқарушы ойланбастан сол рюкзакты іліп алып шығып кетеді. Оның ішінде мына, сен санап шыққан жеті қазынаның қарудан басқасы түгел бар. Сіріңке су өткізбейтін целлофанға оралып тұрады. Котелекта НЗ тамақ. Пышақ болса да. Маған ең қызығы арқан болды. Заң бойынша ең кемі он метр арқан міндетті түрде болу керек. Бізді комиссия жиі тексереді. Егер бір зат кем болса айғай-шу басталады. Сол үшін жалақыңды қырқып жазалайды. Негізі біз ғана емес, мына тауға серуендеп шыққандар жәй адамдар да солай жүруі тиіс. Өткенде ақпанның басындағы қаһаған аязда тауда бір жігіт жоғалды. Үш күн іздеп зорға таптық. Марқұм жігіт кешке үйіне қайтарында таудың төбесімен емес, тәуекел етіп, сайдың табанымен кеткен. Төте жолмен асфальтқа тура шықпақшы болған. 27 жасар ірі денелі жігіт қалың қарды кешіп келе жатқанда бір аяғы жерде жапырылып құлап жатқан ағаштардың арасына қыстырылып қалған. Қанша арпалысса да аяғын шығара алмаған күйі сол жерде суықта үсіп өлген. Арқасында рюкзагі бар. Ашсақ — бос. Не тамақ, не шақпақ алмаған. Егер сіріңкесі болғанда қол жеткен жердегі шөптермен ағаш, бұталарды отқа жағып жылынып, қарды ерітіп, аяғын да суырып алуға шанс бар еді. Денесін қазып алып жатып өзіміз де суықта қатып қалдық. Қайта-қайта от жағып, денемізді жылытып, мұзды ерітіп, сірескен мәйітті әзер дегенде босатып алдық. Салмағы 90 кг тартатын ауыр мүрдені арқандарға байлап шатқалдан тартып шығардық. Кедергі келтірген бұтақтың бәрін балатамен шауып тазарттық. Қарнымыз ашып, өліп қала жаздадық. Котолектағы тамақты ысытып, сол жерде соғып алдық. Ондай жерде жаныңды сақтап қалатын ең керек заттар атам заманда Адам ата қолданған сол баяғы қарабайыр құралдар. Таудың сайында телефон мен компьютерден қайран жоқ. Тауда антенна ұстамаған соң ол ешкімді телефонмен көмекке шақыра алмаған. Болмаса, қалтасында телефоны сол күйі істеп тұр. Ана қария кісі рас айтқан. Ондай кезде жылқы мен бүркіттен де пайда жоқ. Одан да қасында иті болса үрер ме еді, кім білсін?! Қазір де құтқару ісінде бізбен бірге жаттығатын жалғыз мақұлық ит қана. Оларды Еуропадан қымбат бағаға сатып алады. Қардың астында қалған адамдарды иіскеп сол табады. Жер сілкініп апат болғанда да иттер алдыға түседі. Қазына десе, қазына ғой шіркін! Адам ата, Хауа анадан бері неше мың жыл өтті. Соден бері жеті қазына сол өзгермеген күйі қалыпты, — деді.

Санжар Керімбай

Пікір

  • Мынау бір жақсы болды.Немерелерім сұрағанда әртүрлі жауап беріп жүр едім.Бул қисса терапияң сауапты іс болды.Санжар.Сау бол.қарағым

    Қарашаш 17.04.2015 15:44 Ответить
  • Алла разы болсын Санжар аға

    САЛТАНАТ МАХАТОВА 17.04.2015 16:08 Ответить
  • Санжар мына әңгімен керемет осы уақытқа дейн жеті қазынадан шатасып жүреміз. Жеті қазынаны қолға устаткандай жазыпсын үлкен рақмет.

    Гульзабира Сапарова 17.04.2015 16:36 Ответить
  • Тағы бір түрлу айтылуы ғана. басқа нәрселер туралы да қисынға салып айта береуге болады. Оның бәрі адамның өз қалауы мен неге мән беруіне байланысты. Қатып қалған жеті қазына жоқ. Тек ұлттық ойлау үлгісі болған соң пайдаланамыз. сол ғана.

    найзалы 17.04.2015 18:35 Ответить
    • Ендеше тағы бір түрлісін сен қыйыстырып жаза ғой, көрейік!

      Мәке Маңғыстау 25.08.2015 20:15 Ответить
  • Отец жаксы

    Берик 17.04.2015 21:25 Ответить
  • мдааа, кезінде жеті қазынаға «сұлу әйел жатады» деп кәдімгідей қуған екенғой білгіш сымақтарымызз. )))

    Амангелді 18.04.2015 09:24 Ответить
  • Санжар ангимени катырасын екен)))

    жаха 20.04.2015 15:03 Ответить
  • Өте керемет! Мың жасаңыз. ….

    Мөлдір 17.04.2016 14:03 Ответить
  • Пайдалы ақпарат екен, енді оқушыларыма сіздің әңгімеңізбен жеті қазынаны жіліктеп бермесем. Зор рақмет!

    Динара 18.01.2017 07:03 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню