Төрт түлік малдың қасиеті

1351510895

Нұх пайғамбар Қазығұртқа келіп тоқтаған соң хайуандар мен жәндіктер кемеден шығуға таласа бастайды. Сонда Нұх пайғамбар:
– Бәрің де шығасыңдар, асықпаңдар. Тек адамзатқа қажет төрт түлікті алдымен шығарайын. Өйткені олар адамдардың кисе – киімі, ішсе – сусыны, жесе – тамағы, жатса – төсеніші болады, – дейді. Сонда манадан бері тағаты қалмай тынышсыз тұрған екі жылқы алдыңғыларын кие жарып, есік аузына жетіп келіпті. Нұх:
– Тұлпарым-ай, жақсылығыңды адам баласынан аяй көрме! Жаратқан Ием жаныңа адалдық беріп, тіршілік иесінің қанаты мен қанағаты бол! – деп, екеуінің жалынан сипап, кемеден шығарыпты. Пайғамбардың мейірімі түскендіктен, жылқының жалы жұмсарыпты. «Жылқы жығылған кісіге жалын төсейді» деген сөз содан қалыпты.
Есік алдына екінші боп маңырап қой келіпті.
– Момын жануарым! Бәледен аулақ бол, басыңа топалаң келмесін, – деп оның жонынан сипап, өріске жібереді. Нұхтың қасиетті қолы тигендіктен қой берекелі жануарға айналады.
Үшінші боп есікке түйе келеді. Оның маң-маң басқан жүрісін көріп:
– Пай-пай, жампозым-ай! Асықпай басып, ақырын келесің, артыңнан «сарып» келсе де асығар емессің-ау! Келең көбейіп, матауың кең болсын! – деп, шуда жүнінен аялай сипап, кемеден шығарыпты. Нұхтың қолы тигендіктен шудасына кие дарыпты. Сол себептен адам оның шудасын табанға баспай қадірлейді екен. Нұх түйенің қарасы көрінбей кеткенше қимай ұзақ қарап тұрады. Бұл қимастық сезімі аруанаға да дарыпты. Ол да баласын қимастан ішінде он екі ай сақтайтын болыпты. Төртінші түлікті шығару үшін Нұх пайғамбар кеменің ішіне қарайды. Кемеден шыққысы келмей, бір бұрышта жатқан екі торпақты көрген Нұх пайғамбар:
– Ей, сүті бұлақ сиырларым, бұл жатыстарың қалай? Кәнеки, шығыңдар, әукім-әукім! – деп шақырыпты. Сиырлар күйіс қайырып жата беріпті. Нұх ренжіп:
– Ей сендерге не болған? Қане, тұрыңдар, өк! – деп екінші рет қайталайды. Сонда ғана олар еріне тұрып, әрең қозғалып, есікке беттейді. Реніші тарқамаған пайғамбар:
– Ой, жайбасарларым-ай! Аяқтарыңды тез бассаңдаршы, – деп мүйізінен ұстап, есікке сүйрейді. Бақайларын сыртылдатып, сыртқа шығарады. Нұх пайғамбар ашуы тарқаған соң кемеден ұзап бара жатқан екі сиырға қарап:
– Бір сөзді екі рет айтқыздыңдар ғой! Жем-шөбіңді жеген соң күйіс қайыруың ұзаққа созылар! – депті.
Ашуланып мүйізінен тартқандықтан, сиырдың мүйізі қатты болып біткен екен. «Өгіз жығылған кісіге мүйізін төсейді» деген сөз де содан қалыпты. Осыған орай «Сиырдың мүйізінен қатты ұстауға болмайды» деген түсінік қалыптасыпты.

Пікір

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню