Жүзімнің пайда болуы

YBZ1CwX0B1k

Ібіліс кемеге мінген соң, әркімді азғырып, бүлік шығарып жүреді. Бірде ол қорапта жатқан жүзім ұрығын ұрлап алады.

Нұх іздесе, жүзімнің дәні орнында жоқ. Хайуандардан сұраса, ешқайсысы көрмеген. Ол:

– Ібіліс, жүзімнің дәнегін алған сен бе? – деп сұрайды.

– Жоқ. Оны қайтем? Жүзімді торғай жеп отырған, – деп өтірікті соғып жібереді. Барлық хайуан торғайға жабылады. Бейшара торғай «шыр-шыр» етіп, жаны қалмай ақталады. Оны ешкім тыңдамайды. «Торғайдай жаны қалмай шырылдады» деген сөз содан қалыпты.

Нақақтан нақақ жалалы болғанына ызаланған торғай булығып жылап жібереді. Нұх оған сенеді. У-шу басылады. Көз жасын көрген соң, жануарлар да райынан қайтады.

Нұх Ібіліске:

– Әй, малғұн, дәнекті қайтар, әйтпесе жағдайың қиын болады, – дейді. Ібіліс:

– Берем, бірақ шартым бар, – дейді.

– Айт шартыңды.

– Ертең жүзім қайта егілгенде, маған үш рет суғаруға рұқсат ет. «Жоқ» десең, жұтып қоямын, – деп қорқытады.

– Рұқсат.

Ібіліс ұрықты қайтарады.

Су басылып, жер құрғап, жүзім егілетін күн туады. Нұх Ібілістің алдын орап, жүзімді пейіштегі «Ранжбибил» және «Салсабил» өзендерінің суымен екі рет суғарады. Кезек Ібіліске тигенде, бірінші түлкінің кіші дәретіне, екіншіде иттің, үшіншіде шошқаның дәретіне өзінің дәретін қосып суғарады.

Нұх бірінші Салсабил бұлағымен суғарғандықтан, жүзімге дәмді шырын бітеді. Ранжбибил бұлағымен суғарғандықтан, кепкен кезде мейізге айналады. Ібілістің қолы тигендіктен, жүзім жемісі сәл ашыса, мас қылатын шарапқа айналады. Шарапты ішкен кісі түлкіге ұқсап, жәдігөйленеді. Көп ішсе, итке ұқсап, ырылдасып, шайнасады. Есінен танып ішсе, шошқа сияқты батпақта аунап жата береді.

Нұх пайғамбар жүзімді бірінші боп суғарғандықтан, оның жемісі, алдымен, адал боп піседі. Шырыны ашыса, арам суға айналады. Пейіштің суы тигендіктен, жүзімге ерекше қасиет бітіпті. «Егер кімнің үйінде мейіз болса, сол үйде періштелер жүреді» деген сөз Нұх пайғамбардан қалыпты.

Пікір

  • Керемет гажап аныз бурын сонды естимеппин, жузимде де киели касиет бар екенгой

    Нургуль 12.04.2015 14:14 Ответить
  • Гажап екен есте сактайм

    Нургуль 12.04.2015 14:15 Ответить
  • Расында ар заттын шыгу тарихы бар.Адамзат ози жеп немесе киiп журген затынын кадiрiн бiлетин болар .Керемет…

    нуржан 16.04.2015 01:41 Ответить
  • Оте тағлымды қисса

    Еркін Шүкіман 22.04.2015 16:39 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню