Қара қоңыздың пайда болуы

8EJdaWBvU_s

Қазақ дүниетанымында сараңның пірі — Қарынбай деп аталады. Ол туралы ертегілер де, өлең-жырлар да көптеп кездеседі. Діни кітаптарда да, әртүрлі халықтың аңыздарына да арқау болған образ. Бүгін осы әйгілі Қарынбайдың қиссасын баяндайық.

Қарынбай Мұса пайғамбардың заманында өмір сүрген. Малы қисапсыз болса да, өзі сараң екен. Таңертең атына мінсе, төрт түлігін ақшамда әрең аралап бітеді екен. Кей аңыздарда Қарынбай Мұсаның немере інісі болған деп айтылады. Алла одан: «Пайғамбарлықты қалайсың ба, әлде байлықты қалайсың ба?» – деп сұрағанда, өзі байлық сұрап алыпты. Бірақ, малын азсынып, Құдайдан «бұдан да көп мал бер» деп тілейді екен. Тілеуі қабыл болып, малы көбейеді. Ол малын айлап санайды. Байыған сайын сараңдана береді.
Бір күні байға Мұса пайғамбар келеді. Ол:
– Құдай ризалығы үшін малыңнан зекет бер, – дейді. Қарынбай:
– Бермеймін. Өздерің еңбек етіп, байып алыңдар, – деп пайғамбарды тілдейді. Мұса байдан көңілі қалады.
Сол кезде Алладан:
– Қара жер, Қарынбайды тарт! – деген бұйрық келеді.
Жер Қарынбайды тізесіне дейін тартады. Мұса Қарынбайға жаны ашып:
– Малыңнан зекет бер. Садақа мың пәлені жояды. Аман қалсаң, малды қайта жинайсың, – дейді.
– Бермеймін. Құдай жоқ, – дейді қасарысып.
Ұлық Алла қара жерге бұйырып:
– Қара жер, тарт! – дейді. Жер сараңды беліне дейін тартады. Бұл жолы да Қарынбай қанша қиналса да, малынан зекет бермей, қармана береді. Алладан соңғы пәрмен жеткен кезде Қарынбайдың денесі толығымен жұтылады. Жер кеудесін қатты қысқан кезде сараңның мұрнынан қан атқылайды. Қара жер Қарынбайдың сасық қанынан жиіркеніп, оны қабылдағысы келмейді. Сол кезде Ұлық Алла оның қанынан қара қоңызды жаратады. Қара қоңыз пайда бола сала, тезек аунатып кете барады.
Қоңыз күзге дейін қидан мың домалақ жасайды. Соның тоғыз жүз тоқсан тоғызын қай жерге жасырғанын ұмытып қалып, біреуіне ғана тұқымын тастайды екен. Қазақта сараңдығымен аты шыққан адамдарды «дүниеқоңыз» деп атау осыдан қалыпты. Ақыр заман тақағанда көңіл көзі бітелген адамдар дүниеқоңыздық дертіне шалдығады. Сол кезде бұл қоңыздар жер бетінен жоғалып кетеді екен.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню