Ыбырайым пайғамбар қиссасы

hqdefault (1)

Мынау Намұрт деген патшаның суреті. Ыбырайым пайғамбардың заманында өмір сүрген екен. Суретін анықтап көріп алыңыздар. Енді осы Ыбырайым мен Намұрт патшаның қиссасын баяндайық.

Ыбырайым есімі «Рахымның атасы» дегенді білдіреді. Ал «Рахым» кім дегенге келсек, ол – Мұхамбет пайғамбар. Хазіреті Ыбырайым – Мұхамбет пайғамбардың жиырма бесінші атасы.
Бір күні ұлық Алла Жебірейіл періштеге:
– Досым Мұхамбеттің дүниеге келетін уақыты жақындап келеді. Бүгін таңсәріде ұйықтамай отырған момын пендемнің үстіне Мұхамбеттің нұрын шаш, – деді. Жебірейіл ұйықтамай отырған тақуаны таба алмады.
– Тек бір дінсіз адам пұт жонып отыр екен, – деді. Қайта жіберді. Бұл жолы да таба алмай оралды.
– Дүниені шарладым. Әлгі дінсізден басқа ояу отырған бір адамды таба алмадым. Бәрі ұйқыда, – деді.
– Олай болса, соның үстіне шаш, – деді. Ұйықтамай пұт жонып отырған Ыбырайымның әкесі Азар еді.
Хазіреті Ыбырайым туыларда Намрұт патша қорқынышты түс көрді. Патша түсінен секем алып, бақсы-балгерге жорытты. Олар: «Жақын арада бір бала дүниеге келіп, сені тақтан тайдырады. Ол бір Аллаға табынып, сенің дініңді жояды», – деп жорыды. Сол күннен бастап Намрұт жаңа туылған ер балаларды жаппай өлтіруге бұйрық берді. Бұл кезде Азардың да әйелі жүкті еді. Ол ұл бала босанды. Азар патшаға білдірмей, сәбиін тауға апарып жасырды. Он сегізге толғанда ғана Ыбырайым үйіне оралды.
Азар түнімен пұт жасап, соны сатып, күн көретін. Бірде ол пұттарын сату үшін баласын базарға жіберді. Ыбырайым базарға кірген бетте: «Көзі көрмейтін, құлағы естімейтін мылқау тасты кім алады? Оны алған адам тура жолды таба алмас!» – деп жар салды. Халық онды «жынды» деп ойлады. Бір күні түнде Ыбырайым пұтханаға кіріп, бүкіл пұттарды қиратып, балтасын бір пұттың мойнына іліп кетті. Бұл сұмдықты көрген ел-жұрт жағасын ұстады.
Патшаға дереу хабар жетті. Нөкерлері Ыбырайымнан күдіктеніп, ордаға алдырды. Намрұт:
– Сен бе құдайларды қиратқан? – деп сұрады.
– Жоқ, – деді бала.
– Өтірік айтпа. Балта сенікі, – деді.
– Мені тергеп қайтесіз, патша ағзам? Маған сенбесеңіз, құдайлардан сұраңыз. Солар айтсын өздерін кім шапқанын, – деді. Патша сөзден жеңілгенін түсінді. Бірақ жас баланы мойындауға тәкаппарлығы жібермеді. Сол кезде баяғы көрген түсі есіне түсіп, селк ете қалды. «Түбіме осы бала жетпесін» деп, оны отқа өртеуге әмір берді.
Нөкерлер орманнан отыз арба отын жинады. Есекті арбаға жегіп айдағанда, ол жығылып жатып алды. Сосын арбаға атты жекті. Ол да қозғалмады. Болмағасын түйені әкелді. Ол шөгіп тұрмай қойды. Өгізді жекпек болғанда, ол нөкерлерді сүзіп, маңына жолатпады. Кезек қашырға келгенде, ол арбаны қуана-қуана тарта жөнелді. Ыбырайым қашырға нала болды. Жау жағына өткені үшін ұлық Алла қашырды ұрпақсыз қалдырды.
От тұтанып, жалын көкке жеткенде Жебірейіл келіп:
– Ей, Ыбырайым, не көмек сұрайсың? Қызметіңе әзірмін, – деді. Сонда пайғамбар:
– Хасби-рабби жәл алла! – деді. Мағынасы: «Тәрбие етуші бір Алла маған жетерлік!» деген сөз екен. Осы сөзді айтқан кезде Алла отқа:
– Ей, от, досымды саламат сақта! Еш жері күймесін. Жатқан жерін гүлзар бақ қыл! – деп бұйырды. Сонда оттың іші Ыбырайым үшін салқын саябаққа айналып сала берді.
Қарлығаш Құдай досына болысып, қанатымен су септі. Жауторғай болса, қанатымен желпіп, отты маздатты. Мына қызықты тамашалап тұрған күллі мақұлық қарлығашқа:
– Қарлығаш-ау, сенің бір тамшы суың не болады? – деді. Қарлығаш:
– Оны өзім де білем. Бұл – менің ниетім. Кімнің дос, кімнің қас екені осындайда білінеді, – деді. Қарлығаш Ыбырайымға көмектескені үшін адамға дос болып, киелі құсқа айналды. Ұлық Алла оған адамның шаңырағына ұя салып, балапан басуға рұқсат етті. «Қарлығаштың қанатымен су сепкендей» деген сөз содан қалыпты. Ал жауторғай жауға болысқаны үшін «жауторғай» атанып, жабайы құс болып қала берді.
Ыбырайым оттан аман шыққан соң, Намрұттың зығырданы одан сайын қайнады. Енді патша:
– Мен сенің құдайыңмен соғысам. Аллаңа айтып бар. Тұрысатын жерін айтсын, – деп соғысқа дайындалды. Намрұт қалың қол жинап, қаланың шетіне шыққан соң:
– Алланың әскері қайда? Қорқып қашып кетті ме? – деп мазақ қылды. Сол кезде көкжиектен қалың қара бұлт көрінді. Қараса, олар бұлт емес, қисапсыз шыбын-шіркей екен. Олар әскерге лап берді. Бір шіркей Намрұттың мұрнына кіріп алды. Одан кеулей жылжып, миға шапты. Намрұт жанын қоярға жер таппай безілдеді. Басын тау-тасқа ұрды. Ақыры ажалы содан болды.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню