Наурыз көже жайлы қисса

kovcheg

Наурыз көженің пайда болуы жайлы мынадай аңыз бар. Қазығұртқа Нұх күн мен түн теңескен кезде тоқтапты. Бұл жиырма екінші наурыз күні екен. Пайғамбар апаттан аман қалғанына шүкіршілік етіп, құдайы тамақ бермек болады. Кемедегі азық-түлікті қараса, қап түбінде алақандай ет, бір-екі құрт, бір уыс бидай мен жүгері, тары, су, бір шөкім тұз қалыпты. Пайғамбар «тәуекел» дейді де, барлығын қазанға салып, пісіреді. Тағамды әр былғаған сайын Алланың есімін айтып ұлықтайды. Алла періштелерге:
– Көрдіңдер ме? Мен үшін қолдағы барын салып, ас беріп жатыр. Барып, қазанына кәусардан тамызыңдар, берекемді шашыңдар, – дейді. Періштелер жиналып, қазанды былғайды. Азғантай жеті түрлі дәмнен жасалған тағам берекелі асқа айналады. Жан-жануар, аң-құс жиналып, пайғамбардың қазанынан дәм татады.
Бұл тамақтың тоқтығы ұзаққа созылып, қасқыр қойға, арыстан маралға тимей бірнеше жыл мамыржай заман орнапты. Аңдарға қуат бітіп, тез көбейіпті.
Нұхтың бұл тағамы «тілеу көже» немесе «наурыз көже» деп аталыпты. Наурыз күні адамдар мен жануарларды тойдыру пайғамбардың сүндетіне айналыпты.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню