Өгіздің пайда болуы

bizonsimage035

Ортағасырлық медреселерде сиырды — Алланың заводы немесе мәшинесі деп түсіндірген. Ол шөп жейді де сүт береді. Сүттен қаймақ пен айран алынады. Айраннан құрт пен ірімшік. Бензин сұрамайды. Бұзылдым демейді. 20 жылдай жұмыс істеп тұрады. Әрі көбейеді. Қартайса сойып аласың. Ет болады, жүн мен тері болады.
Бізге биологиялық тіршілік иесі болып көрінгенімен, мұны ортағасырда завод, Алланың адамға берген мәшинесі деп тәпсірлеген. Әрі мынадай қиссасы да бар екен.

Жебірейіл періште көктен үш бидай дәнін әкеп, екеуін Адам атаға, біреуін Хауа анаға береді.
– Бұларды егіңдер, берекелі дақыл болады, – деді. Адам ата:
– Мұны қалай егеміз? – дегенде, періште:
– Жерді жыртып, дәнді ек. Сосын суғар, – деді.
Адам ата жерді жыртып жүріп, әбден шаршайды. Аллаға арыз қылып:
– Уа, Алла, мен шаршадым. Маған күш-қайрат бере гөр, – деді. Ұлық Алла:
– Өзенге қолыңды батыр. Не ілінсе соны тартып шығар, – деді. Адам ата өзенге қолын батырды. Қолына бір нәрсе ілінгендей болды. «Біссіміллә» деп тартқанда судан өгіз шығады.
Өгізді соқаға жегіп, жұмысқа салады. Өгіз қырсық екен. Қозғалмай сіресіп тұрып алады. Діңкесі құрыған Адам ата таяқты алып, малдың жамбасынан тартып жібереді. Өгіз:
– Ей, Адам, неге ұрасың? – дейді.
– Тіл алмағаның үшін, – деді Адам. Өгіз:
– Сөз тыңдамаған соққыға лайық па? Алланы тыңдамай сен де жұмақтан қуылғансың, – деді. Адам ата:
– Құдай маған сені берді. Қыңырлығыңды біліп, сойылды жаратты. Енді Алланың бергенін пайдаланбасам, менікі нағыз мойынсұнбағандық болар. Әркім өз жазасын өзі тартар. Менің күнәмді сен арқаламайсың! – дейді де, өгізді екінші рет белден салып жіберді.
Сөзден жеңіліп, аузына құм құйылған өгіз айтқанға көніп, айдағанға жүреді. Ол содан бастап, «ләм-мим» деп жақ ашпайды екен. «Аузын буған өгіздей» деген осыдан қалыпты. Сиыр малының судан өткенде аузын суға бір малып өтетіні, судан жаралғандығынан екен дейді аңыз.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню