Былқыстың Сүлейменді сынауы

Persischer_Meister_001

Мына ортағасырлық суретте Сүлеймен пайғамбардың жын-періге, аң-құсқа, барлық тіршілік иесіне патшалық құрып отырған салтанаты бейнеленген. Сүлейменнің жанында отырған оның ең жақын уәзірі Асыпұлы Барқия. Екеуі Саба патшайымы Былқысқа құда түсу қамын ақылдасып отыр. Жалпы бұл оқиға Құран аяттарында да, қисса-аңыздарда да кездеседі.

Бір күні Сүлеймен аң, құстарды түгел жинайды. Сөйтсе, жиналысқа көкек келмей қалады. Сүлеймен қаһарланып, оны алып келуге бүркітті жұмсайды. Бүркіт көкекті тауып алып келеді. Сүлеймен:
– Қайда жүрсің? – деп сұрайды. Көкек:
– Саба атты қалаға бардым. Нағыз ертегілер елі екен. Онда Былқыс деген ару патшаны көрдім. Ай десе аузы, күн десе көзі бар, балдан тәтті сөзі бар хас сұлудың нағыз өзі екен. Нәзік дауысына мас болып, үш күн естен танып жаттым, – деді. Сүлеймен Былқысқа сыртынан ғашық болады. Көкекті елшілікке жіберіп, оны өзіне қонаққа шақырады. Былқыс сән-салтанатымен бірге келмек болады. Бірақ алдын ала Сүлейменге хабар жіберіп:
– Егер хақ пайғамбар екені рас болса, менің сынағымнан өтсін. Жүз адамды бірдей етіп киіндірем. Олардың түріне қарамастан, ұл не қыз екенін айырсын. Құмырамды суға толтырсын, бірақ оған жер бетіндегі ешбір судан алып қоспасын. Жіберген биелердің буаз-қысырын сыртынан қарап айтып берсін. Жақұт тастар жіберем. Асыл тастарға ешбір дию-пері, адамның қолын тигізбей ортасынан тессін де, жіп өткізіп, алқа етіп өзіме қайтарсын. Мен Сүлейменнің сарайына жеткенше, менің тағым өзімнен бұрын барып, күтіп тұрсын, – деп шарт қойды.
Сүлеймен Былқыс жіберген 100 адамға:
– Жерге жайғасып отырыңдар, – деді. Олардың тең жартысы малдас құрып отырды. Соған қарап ұл-қызын бірден айырды. Аспандағы бұлтқа әмір беріп, құмыраны аспан суына толтыртты. Биелерді қуып айдатады. Ішіндегі тез терлеген биелерді көріп, олардың құлынды бие екенін бірден білді. Жақұт тастарды пейіштен екі құрт келіп тесіп берді. Ортасынан жіп өткізіп, алқасын өзіне қайтарды. Кезек Былқыстың тағына келгенде Сүлеймен:
– Кім Былқыстың тағын жылдам әкеледі? – деп сұрады. Самұрық құс:
– Орныңнан тұрып-отырғанша тақ осында болады, – деді. Сәмәндүн деген дию:
– Басыңды солдан оңға бұрғанша әкеп беремін, – деді. Асыпұлы Барқия деген әулие тұрып:
– Көзді ашып-жұмғанша жеткізе аламын, – деді. Сүлеймен Асыпұлының кереметін көргісі келіп, оған рұқсат етті. Көзді ашып-жұмғанша, алтын тақ алдында тұрды. Сүлеймен:
– Қалай жылдам әкелдің? – деді. Ол:
– Ұлық Алла адамның рухын бәрінен артық етіп жаратқан. Адамның жүрек көзі ашылып, рухы кемеліне келсе, әлемде қол жетпейтін нәрсе болмас, – деді. Сүлеймен риза болып:
– Осының бәрі – мейірімді, ұлық бір Алланың шексіз шарапаты, – деді. Осылайша Сүлеймен Былқыстың барлық сынағынан сүрінбей өтіп, оны өзіне адал жар етіп алыпты.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню