Мысық, тышқан, доңыздың пайда болуы

6e15bdc89c6fe3231622f57e067fb5cb

Мынау орта ғасырда салынған Нұх пайғамбардың кемесінің суреті.
Осы кемеде үш түрлі мақұлық жаңадан пайда болған екен дейді Рабғузи қиссасында. Олар – мысық, тышқан, доңыз.
Нұх кемесі тар болғандықтан, аз күннің ішінде тез былғанып, ластана бастайды. Сол кезде Нұх:
– Иә, Алла, кеме нәжіске толды. Не істемек керек? – дейді. Ұлық Алла:
– Пілдің арқасын сипа, – дейді. Пілді сипағанда оның ұзын мұрнынан доңыз түседі. Шошқа нәжісті жеп, тап-тұйнақтай қылады.
Ібіліс доңызды арбап:
– Менің қолым тиген жануар қасиетті болады. Кел, арқаңды сипат, – дейді. Доңыз Ібіліске жонын тосады. Арқасын сипағанда доңыздың танауынан екі тышқан атып шығады. Піл тышқанды көріп, шошып кетеді. Пілдің тышқаннан қорқатыны осыдан екен.
Тышқандар кемені кеміре бастайды. Кемеге су кіріп, жан-жануар әуре-сарсаңға түседі. Нұх:
– Иә, Алла, енді не қылдым? – деп жалынады. Ұлық Алла:
– Дереу жолбарыстың арқасын сипа, – деді. Жолбарысты сипағанда, оның мұрнынан мысық атып түседі. Ол жалма-жан тышқандарды қуалай жөнелді. Нұх оған риза болып «Мысықжан, жауырының жерге тимесін» деп арқасын сипайды. Нұхтың батасын алғандықтан, мысық құлағанда жон арқасын жерге тигізбей, төрттағандап түседі екен.
Тесіктен кемеге сыздықтап су кіре берді. Су түбіне кету қаупі төнді. Сонда жылан:
– Тесікті бітесем, ақысына не бересің? – дейді. Нұх:
– Қалағаныңды ал! – дейді.
– Дүниедегі ең қаны тәтті мақұлықты қорек еткім келеді, – деді.
– Дегенің болсын! – деп келіседі. Жылан құйрығымен тесікті бітеп, жатып алады. Жарты денесі суық теңізде ұзақ тұрғандықтан, оның тәні мұздай болыпты.
Ібілістің қолы тигендіктен, доңыздың еті арам болып саналады.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню