Сұрақ-жауап дәстүрі — 4 | DEGDAR

Сұрақ-жауап дәстүрі — 4

11034235_751543881619218_3372820721315809812_n

Көшпелі халықта бұрыннан әр заттың өз пірі, киесі бар деп түсінген. Бір істі қолға алғанда немесе сапарға шыққанда олар желеп-жебейді, істің қайырын, берекесін береді деп сенген. Бұл да болса дәстүрлі дүниетанымның, тағылымның бірі. Мұны ел ішінен, көнекөз қариялардың аузынан теріп жинадық. Сондықтан, пірді біліп, санаға ілген артық болмас.

– Жылқының пірі кім?
– Қамбар ата.
– Түйенің пірі кім?
– Ойсыл қара.
– Сиырдың пірі кім?
– Зеңгі баба.
– Қойдың пірі кім?
– Шопан ата.
– Ешкінің пірі кім?
– Секшек ата.
– Батырдың пірі кім?
– Ғайып ерен, қырық шілтен.
– Теміршінің пірі кім?
– Ер Дәуіт.
– Ағаш ұстасының пірі кім?
– Нұх пайғамбар.
– Білімпаздың пірі кім?
– Ыдырыс пайғамбар.
– Кемешінің пірі кім?
– Ілияс пайғамбар.
— Жолаушының пірі кім?
– Қызыр баба.
– Ғашықтардың пірі кім?
– Ләйлі – Мәжнүн.
– Ырыстың пірі кім?
– Қызыр баба.
– Етікшінің пірі кім?
– Сәді ата.
– Орақшының пірі кім?
– Дихан ата.
– Желдің пірі кім?
– Мірқайдар ата
– Жаңбырдың пірі кім?
– Борық ата.
– Жарлының пірі кім?
– Қалтаң ата.
– Ұрының пірі кім?
– Жалтаң ата.
– Кәрінің пірі кім?
– Кекшіл ата.
– Ісмердің пірі кім?
– Тепшім ата.
– Ошақтың пірі кім?
– Ұмай ана.
– Қасапшының пірі кім?
– Сәдуақас ата.
– Кеселдің пірі кім?
– Ыңқыл ата.
– Күншілдің пірі кім?
– Күңкіл ата.
– Тәкаппардың пірі кім?
– Ібіліс малғұн.
– Наубайшының пірі кім?
– Ескендір Зұлқарнайын.
– Балықшылардың пірі кім?
– Жүніс пайғамбар.
– Шаштараздың пірі кім?
– Арыстан бап.
– Бау-бақшаның пірі кім?
– Бағбан ата.
– Орман-тоғайдың пірі кім?
– Мизам ата.
– Түйешінің пірі кім?
– Салық пайғамбар.
– Дәруіштердің пірі кім?
– Ғайса пайғамбар.
– Сараңның пірі кім?
– Қарынбай.
– Жомарттың пірі кім?
– Атымтай
– Сауданың пірі кім?
– Қыдырғали Жәйлани
– Тоқымашының пірі кім?
– Шиш пайғамбар.
– Тәуіптің пірі кім?
– Ұлықпан хәкім.
– Саятшының пірі кім?
– Адам ата.
– Шешеннің пірі кім?
– Майқы би.
– Әділдіктің пірі кім?
– Мұхамбет пайғамбар.
– Патшаның пірі кім?
– Тақ Сүлеймен.
– Түркінің пірі кім?
– Әзірет Сұлтан.
– Ер-азаматтың пірі кім?
– Әзіреті Әли.
– Тарыққанның пірі кім?
– Сұлтан Үпі (Хубби сұлтан).
– Қыз-келіншектің пірі кім?
– Бибі Бәтима.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню