Жұмжұма сұлтан немесе қубас аңызы

10492070_745878165519123_639185851454850598_n

Мына суреттегі Вавилон немесе Бабыл қаласының орны. Ғалымдар «Жұмжұма» дастанында Ғайса пайғамбар қубаспен осы төбеде кездескен деп айтады. Кезінде сақ патшасы Томирис Кирді өлтіріп, парсы әскерінің басын осы жерге жинаған екен деседі. Кейін ол парсылар арасында «Қубас төбе» деп аталыпты. Радлов жинақтаға «Жұмжұма» аңызының сюжеті осы жерде өтіпті.
Бір күні Ғайса осы төбеге шыққанда бір қу басты көріп, оның иесімен тілдескісі келді. Алладан:
– Иә, Алла, мына қу басқа тіл бітір. Кім екенін білейін, – деп сұрады. Алла қу басқа тіл бітірді. Ғайса:
– Әй, қу бас, еркексің бе, әйелсің бе? Жайыңды баянда, – деді. Қу бас:
– Затым ер. Бір заманда Шам шаһарының патшасы болдым, – деді.
– Патша болсаң, неге алтыннан мазарың жоқ? Сүйегің неге шашылып жатыр?
– Ей, Ғайса, өлген соң патша да бір, пақыр да бір екен. Қабірстанда мазарыңа ешкім қарамайды. Ел-жұрты, ұрпағы еске алып, соңынан дұға жолдайтын әруақтың ғана жағдайы жақсы болады екен.
– Бұл күйге қалай түстің?
– Мен Шам шаһарының патшасы едім. Менен бәрі қорқатын. Айтқаным өтіп, атқаным тиіп тұрды. Даңқым жер жарды. Жүз мың құлым, төрт мың уәзірім болды. Мыңдаған тазы жүгіртіп, жүздеген сұңқар салдым. Жеңбеген жауым, алмаған қамалым қалмады. Халқыма әділ болдым. Оларды тойындырдым, сән-салтанатқа қарық еттім. Бір күні аңнан келе жатып, жас тоқалымның үйіне түстім. Шай үстінде бір мүсәпір қайыр сұрап, босағада тұрды. Тоқалым тырысқан соң, қабағына қарап, мүсәпірді қуып жібердім. Ертесіне үстіме жара шығып, бүкіл денемді басып кетті. Барлық емші-балгерді алдырттым. Ем қонбады, шипа дарымады. Ажал сағаты соқты. Әзірейіл де жетті. Түрі сұсты екен. Табаннан тартып, шыбын жанды мұрыннан суырды. Жан шығарда көз алдыма баяғы қайыршы келді. Кеселдің неден келгенін сонда бір-ақ түсіндім. Өкіндім. Бірақ кеш еді. Ертесіне қабірге қойылдым. Көрге екі періште кірді.
– Ей, бейбақ, не жиғаның бар? – деп сұрады. Зәулім сарайымды, мал-мүлкімді көрсете алмадым. Дүние-мүлік пәни жалғанда ғана сес екен. Бар жасаған игі амалымды, сауап-садақамды алдарына тостым.
Олар таразының бір басына қайыр-садақамды, екінші басына қайыршының наласын салды. Кісі наласы ауыр тартты. Екеуі екі аяғымнан сүйреп, тозаққа тарта жөнелді. Мен олардан:
– Дүнияда халыққа көп жақсылық жасадым. Талай малымды елдің игілігіне жараттым. Не үшін сауабы жеңіл тартты. Алланың әділдігі қайда? – деп шыңғырдым. Олар:
– Иә, жақсы істерің көп екен. Бірақ салмағы жоқ. Себебі көпке көмегің тигенмен, көп ішінде мақтанып айтыпсың. Сол істерің үшін нәпсің мақтау тілеп, бодау дәметіп тұрады екенсің. Міндетсінген мінезің сауап істердің салмағын жойған, – деді. Ақырында мақтаншақтықтың кесірінен тозақтан бір-ақ шықтым, – деді қу бас. Ғайса:
– Жеті тозақты көрдің бе? Кімдер жатыр? – деп сұрады.
– Біріншісі – «Аужа» деген тозақ. Онда бақытсыз пенделермен таныстым. Хақтың іліміне, Алланың пайғамбарына мойынсынбаған залымдар ішінде толып жатыр. Олар Аужада мәңгі бақи зар илеп, иттей ұлып тұр. Екінші – «Шақыт» деген тозақ. Шақыт кедейдің малын ұрлаған баукеспелер мен зинақор арсыздарға арналған. Олар қанды көлде мәңгі бақи тұншығып жатады. Үшіншісі – «Нақбыр» деген тозақ. Ол – ата-анасын, аға-қарындасын, туған бауырларын сыйламаған тасбауырлардың мекені. Төртіншісі – «Рысат». Онда кісі бағын көре алмаған күншілдер, жақсыға жала жапқан өсекшілер азап тартады. Олардың тілдерін отқа қариды. Бесіншісі – «Ләзит». Ол жеке басының рақаты үшін елді алдап, арам байыған екіжүзді діндарларға арналыпты. Алтыншы – «Катим» деген тозақ. Ол шұңқырда жалған айтып, пара алған әкімдер мен адамды нақақ соттаған қазылар және момынға қиянат қылған залымдар қамалыпты. Жетіншісі – «Жаһаннам». Жаһаннам басынан сөз асырмайтын тәкаппарлар мен момынның көңілін қалдырған, мүсәпірді жәбірлеген адамдарға арналған тозақтың түбі екен. Мені сонда тастады. Содан бері астымда от, жегенім – шоқ, ішкенім – қанды ірің, – деп жылап қоя берді. Ғайса қу басты аяп:
– Иә, Алла, рұқсат етсең, мына қу басты қайта тірілтейін. Қателігін түсінді, жаңа өмір бастасын, – деді. Алла рұқсат етті. Қу бас тіріліп, адамға айналды. Ғайса:
– Енді қалай өмір сүресің? – деп сұрады. Ол:
– Өле-өлгенше тірі жанға қуаныш сыйлаумен өтемін. Елге риясыз қызмет етемін, – депті.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню