Жалғыздық неге Құдайға ғана жарасқан?

images (11)

Әлем бойынша барлық адам ұрпағы жақтырмаған адамына зиянкестік қылудың классикалық түрін қолданады. Ол — ренжіскен досымен не танысымен көңіл жібін үзу. Оның жанын барынша жалғыздыққа қамап, махаббатқа сусатып өлтіру. Топырлаған елдің ішінде жүрсе де жүрегі жалғыздықтан жабырқап тұратын адам өте көп. Енді осы жалғыздықтың зардабы туралы ғалымдар не дейді екен, соны бір сараптап шығалық.

Американдық психологтардың зерттеуінше жалғыздық дерті адамның кем дегенде 10 жылын жұлып түседі. Халық саны көбейгенде адамзаттың жалғыздықтан жапа шеккені қызық құбылыс. Ғалымдар: «жаман аурудың басты себебі жалғыздық пен тұйықтық» деп айтып жатыр. Данияның ғалымдары бұл проблемаға мән беріп, Орхус қаласының 138 мың тұрғынын екі жыл бақылауға алып, жан-жақты зерттеді. Ағайын-туысымен араласып тұратындармен салыстырғанда, жалғызбастылар жүрек кеселімен екі есе көп ауыратын боп шықты. Жалғыздардың сырқаты көбіне тез асқынып, емдеуге мүмкіндік бермейді.
Аңглияның ғалымдары да пәтерінде жалғыз тұратын 10 мың британдықты ұзақ мерзім бақылауға алды. Ерлі-зайыптылармен салыстырғанда сүрбойдақтар мен ажырасып жалғыз қалғандардың өлімі 10 пайызға өскені анық болды. Әйел затында бұл көрсеткіш екі есе төмен. Сонда да жалғыздықтың зардабы көрініп-ақ тұр. Пациенттердің жасы 30 бен 40-тың арасында. Орта жастағы жалғызбастылар аты жаман ауруға тез шалдығып, өмірден ерте озған.

images (12)

Жасы 80-нен асқан жалғыз басты қарттар, кемпірі бар шалдармен салыстырғанда екі есе тез алжиды. Бірнеше мемлекеттің ғалымдары жалғыздықтың зардабын барынша зерттеуге бекенді. Ортақ қорытынды бәрінде бірдей. Жалғыздық басқанда адамның жаны да, тәні де жылдам күйреген. Ең бірінші жүрек сыр береді. Екінші, жұқпалы аурулар үйір болады. Яғни олардың иммунды жүйесі әлсірейді. Ары қарай, ми аурулары тез асқынып, асқазанға жара тез шығады. Қатерлі ісіктер де жалғыздарды аңдып тұрады. Ғалымдар: Отбасылық өмірдің денсаулыққа мұншалықты әсер етуі неден? — деп таң қалады. Кейбір мамандар: Әлбетте, сүрбойдаққа кім уақытылы тамақ беріп күтсін? Ас ішу тәртібі бұзылған соң, ас қорыту жүйесі де бұзылады. Соған сәйкес ауру да асқынады. Күйзелістерін ешкіммен бөліспейтін болғандықтан уайым мен қайғы сыртқа шықпайды. Сары уайымнан жүйке талшықтары тозады. Ешқашан ауруларына мәне беріп, дер кезінде дәрігерге қаралмайды. «Дәрігерге қаралшы» дейтін әйелдері де жоқ. Күндердің күні жүрек шаншып құлағанда жедел-жәрдем шақыратын адам табылмайды. Таблетаканы тіл астына тастап жіберетін кемпір де жоқ. Әрине, мұндай фактілерді елдің бәрі біледі. Бірақ ескеруге тиісті басқа да нәрселер бар. Мысалы, тез алжыған қарттарды зерттегенде екі түрлі себеп байқалды. Бірінші: «әлеуметтік жалғыздық», екінші: «психологиялық жалғыздық». Жасы келген егде кісі бала-шағасының ортасында отырса да, ақылы тез арада шау тартып, есте сақтау қабілеті шапшаң әлсіреген. Үйдегі тума-туысы, бала-шаға, немересі қартқа көңіл бөліп, әңгімесін ықыласпен тыңдамаған. Соның кесірінен көп ішінде жүріп-ақ, қарттың жаны оқшауланып жалғыз қалған. Жылы қабақ, тәтті көңіл бөлінбеген соң іштей тұйықталған ата, әжелер рухани күйреген. Орхустың халқын бақылаған ғалымдар зерттеу қорытындысын алған соң нәтижені нақтылай түсу үшін маймылдарға қосымша тағы да тәжірибе жасады. Бір маймылдың жалғыз өзін торға қамап, ас-ауқатпен жақсылап баптайды. Екінші торда оның жақын туыстары топ болып өмір сүрді. Ас-ауқат екі жаққа бірдей беріліп, күтімнен кенде болмады. Белгілі бір мерзімнен соң жалғыз маймылдың денсаулығы әлсіреп, аурушаң боп қалды.

1397786331_starik

Американың медицина тарихында «Пенсильвания парадоксы» немесе «Розето құбылысы» деген қызық термин бар. Пенсильвания штатында Розето деген кішкентай ғана қалашық болған. 1960 жылы онда бар жоғы 1600 тұрғын болған. Бұл қаланың дәл қасында Бангор деген және бір қала тұрды. Екі қаланы тұрғындары да сырқаттанса ортақ бір аурухана қаралатын. Дәрігерлер Бангор халқының Розетомен салыстырғанда ауруханаға жүрек аурумен жиі келетінін байқайды. Бұл құбылысқа мән берген мамандар екі қаланың да ішіп-жейтін ас-ауқат рациондарын, тұрмыс-тіршілігін түгел салыстырып зерттейді. Айырмашалық жоқтың қасы. Ақыры себебін тапқандай болды. Розето қалашығында Оңтүстік Италиядан көшіп келген италияндық эмигранттар тұратын. Олар Америкаға көшіп келгенде бір қалаға түгел қоныстанып, ата-жұрттағы салт-дәстүрлерін сақтап қалған. Италияндықтар бір шаңырақтың астында бірнеше отбасы бірлесіп тұра береді. Барлық үйді тәжірбиелі ақсақалдар басқарады. Құлшылық қылып, шоқынатын шіркеулері де бірдей. Италияндықтар әртүрлі ұсталық дүкендер, асханалар ашып, тума-туыстарымен бизнес жасауға бейім. Розетоның кез- келген тұрғыны қаланың барлық аумағында бұрынғы ауылында жүргендей жүре беретін. Барлық үйдің мүшесі бірін-бірі жақсы таниды. Көптеген тұрғынның шақырмаса да көп үйге кіріп, шәй ішіп, әңгіме соғатын мүмкіндігі мол болған. Бангор қаласына әлемнің түпкір-түпкірінен келген әр түрлі ұлттар мен нәсілдер жайғасыпты. Діндері де, салт-дәстүрлері де, көзқарастары да бір-бірінен бөлек, бөтен. Бангорлықтар бірін-бірі танымағасын жеке-дара тұйықтаулы өмір кешуге мәжбүр болған. Ақтарылып әңгіме айтып, сыр бөлісетін адам болғандықтан Бангор халқы жүрек ауруына ерте шалдыққан. Мұндай қорытындымен 20 жыл бұрын кейбіреулер келіспепті. Скептиктер: «Бәлкім мәселе аралас-құралас ет-жақын туыстықта емес, италияндықтардың генінде не болмаса жейтін ас-ауқатының құрамына байланысты шығар» деп шүбә қылған.

Арада 20 жыл өтті. Олардың гені де, жейтін тамақтары да анау айтқандай өзгере қойған жоқ. Есесіне қаланың бет-бейнесі өзгерді. Қалашық дамып, ірі қалаға айналды. Байлар зәулім сарайлар салып, ауласын тас қамалмен қоршады. Қуықтай пәтерде ешкіммен араласпай жалғыз тұра әдетке айналды. Қысқасы бірін бірі танымағасын сыйласпайтын, сырласпайтын туыстар да көбейді. Қазір олардың денсаулықтары бұрынғыдай мықты емес. Бір заманда бұл ауылға жоламайтын аты жаман аурулар бұл күндері оларды шырмап алған. Осындай бұлтартпас айғақтар жалғыздықтың адам өміріне арақ, темекіден де асып түсетін зардабы бар екендігін жақсылап дәлелдеді.
Тұйықтық пен жалғыздықтың зардабын жапондар да байқады. Поп- мәдениет пен технология дамыған соң өз қызығын өзі ғана тамашалайтын эгоист жастар қамыстай қаулайды. Ата-анасымен бірге отырып тамақ ішпей бөлмесіне кіріп алып, бір өзі кола ішіп, музыка тыңдап, жата беретіндер отбасының шырқын бұзды. Үйдегі үлкендердің көңіл-күйлері күрт нашарлап, жүйкелері сыр беріп бастады. Отбасы берекесінің ыдырағаны анық болған соң жапонның зиялы жұрты дабыл қағып, елдің назарын аударды. Бөлмесіне кіріп кетіп, жеке-дара жатып алуға ыңғайлы қуыс пәтерлерді жапондар сынауға көшті. Тіпті бұл мәселе ұлттық деңгейде талқыланып, теледидарда: «бөлектеніп бөтенденуден қалай құтылуға болады?» деген мәселе көтерді. Жапондар архитекторларды үйді жаңаша соғуға үгіттеді. Енді тамақ ішетін ортақ бөлме міндетті түрде ортада болсын. Бала-шағаның қай бөлмеде, не істеп жатқаны бәріне көрініп, білініп тұрсын деп талап қойды. Әрине, бұның бәрі жалғыздықтың «әлеуметтік» түрін жеңілдеткенімен «психологиялық жалғыздықты» жоя алмасы анық. Бұл проблема қарты бар барлық үйге тән. Адам қартайған соң жас буынмен ортақ әңгіме таба алмай қиналады. Қарт адам отырған жерінде жас кезінде көрген азабын айтып елді мезі қылады. Ағыл-тегіл молшылық заманда өмір сүріп жатқан жастарға бұндай тарих қызық емес. Әңгімесі тыңдалмаған қарт адам күн өткен сайын қамығып, оқшаулана түседі.
загруженное (2)

Жалғыз қалған қарттар үйінде мысық, ит асырағанды жақсы көреді. Ит пен мысықтың өзі осындайда кәдімгідей көмек екен. Жан-жануар асырап, солармен «сырласатын» қарттарда жүрек ауруы сәл де болса азайған. Бұл фактілерді оқып шығып: «Құдайға шүкір, қазақпыз! Қартайғанда жалғыз қалып, зардап тартпаспыз. Қазақтың бауырмалдығы аман болсын» деп тоқмейілсуге әлі ерте. Себебі, «психологиялық жалғыздық» әңгімесі қызықсыз, өткен өмірінде іліп алар ғибраты жоқ кез-келген іші қуыс адамды шырмауықтай шырмайды. Оған жас та, кәрі де ұрына береді. Қазір кез-келген ұжымда бәрімен бірдей сыйласып, сыйысып жұмыс істеу өте қиын. Тамыр-таныспен ортақ тақырып тауып, ақтарыла әңгімелесу бұл күндері күрделі проблемаға айналғаны анық. Көп жағдайда пікір қайшылығынан ұжымда от шығып, әріптестер бір-бірімен жанжалдасып қалады. Жанжалдан аузы күйгендер жұмыста ешкіммен ашылып сөйлеспеуге бекінеді. Кейбіреулер бастықтың көңілін бағып, оның субъективті көзқарасын сөзсіз һәм көзсіз жақтай беруге бейімделеді. Өмірдің сырын ұғуға ұмтылмай, жан бағумен ғана күнелткендер түптің-түбінде жалғыз қалады. Заман өзгеріп, қоғамдағы құндылықтар мен идеялар жаңарғанада олар ешкімге қызықсыз, керексіз адамға айналады. Жалғыздықтан құтылатын жалғыз жол бар. Ол — өлгенше жалықтырмайтын ортақ тақырыптан ажырамау және ақжүрек досыңнан өлсең де айрылмау.

Санжар Керімбай

Пікір

  • Өте жақсы іс. Өмірдің тәттілігін сөзбен көркемдеп, іспен тиянақтау, жастарды жақсылыққа үндеу абзал қызмет. Рухани әлденіп қаласың. Рахмет. Жол ашық та жазық болсын!

    Мұнайдар 11.04.2015 20:34 Ответить
  • Лаззат алдым окып отырып!

    Rustem 11.04.2015 21:53 Ответить
  • Дұрыс жаздыңыз, ең жаман ауру-ол жалғыздық! Ата -анамыз аман,достарымы көп болсын. Қазір үйге келгесімен бəрі планшет, соткаға тəуелденіп қалады, нет живого общения орысша айтқандай?кітап ол баяғы өмір дейді. Өте қызықты, рахмет.

    Айгерим 07.08.2016 23:20 Ответить

Добавить комментарий для Айгерим Отменить ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню