40-тан асқан жас жоқ!

images (10)

Адам ұрпағы атам заманннан бері 40 жастан асқан соң кісі көңілі қырық құбылатынын сезіп білген. Орта жастан асқанша арындаған «менмін» деген азаматтар 40-қа тақағанда тоқырап шөгіп қалады. 35-тен асқан соң үйіне сыймай алабұртып, аласұрып жүреді. Не жасаса да ең маңызды нәрсені ұмыт қалдырғандай көңілі тыншымай тұрады. Психологтар бұл мазасыз сезімді «орта жастағы тоқырау» деп атаған. Oсы шешуші кезеңдегі шым-шытырық адам хәлін әбден зерттеген психолог ғалым Карл Густав Юнгтың «мүшел жас» («Жизненный рубеж») атты еңбегін қазақы түсінікке ыңғайлап, ықшамдап аудардық.

Әдетте, рухани бай адамдар қырықтан басталатын нағыз өмірдің «шайқасынан» қорықпайды. Ал егер, қырықтан соң да «махаббат», «үлкен бедел», «орден», «медаль» деген секілді баянсыз армандарды қуалауын қоймаса, өз обалы өзіне. Себебі, қырықтан асқан адамның жандүниесі аз уақытта астан-кестеңі шығып, қырық жыл бойы қалыптасқан өмір туралы жалған түсініктің тас-талқаны шығады. Бір қарағанда бұл проблама байқалмайды. Үйі, жары, сүйкімді ұлы, қызы, табысты жұмысы, бәрі бар. Бірақ адам жанын күдікті ойлар күннен-күнге кеміріп жатады. Ішкі дүниесі мүжілген жігіттің жүйкесі жұқарып, сабырлы, салмақты мінезінен ажырайды. Пенде пақыр «рухани тоқыраудан» бейхабар болғандықтан ғұмырының не себепті мәнсізденіп, ісінің кері кетіп бара жатқанын түсіне алмайды. Тіршілігі тоқырап, қызықсыз боп бара жатқан соң көңіл-күйін қолдан көтерудің неше түрін ойлап тауып, қыруар ақшаны желге шашуға бейіл болады. Ол қырыққа дейінгі жетістіктерін шабытпен, ерен ерлікпен іске асырып еді. Енді, орта жастан асқанда соның бәрі мәнсізденіп, көмескі тартып қалды. Ондай кезде жігіт ағасы кафеге достарын жинап: «есіңде ме, біз баяғыда өйтуші едік қой, бүйтуші едік қой»-деп, бұрынғы істерін ұлғайтып, маңызды етіп көрсетуге тырысады. Бірақ адам жасы елуге тақаған сайын өткен өмірдің «ерліктері» ұсақтала береді. Қартайып, тозып бара жатқан тәннен кетуге дайындалып жатқан шыбын жан, мәңгілік маңызы бар ғарыштық жұмыстарды аңсап бастайды.

ef16e2f6c9_300crop

Ата-анасы тірі кісілерде осы проблема қатты байқалады. Әкесіне арқа сүйеген азаматтарда «жастық шақ психолгиясы» ұзаққа созылады. Әкесі дүниеден озғанда 30-35-тегі жігіт ары қарай не істеу керегін білмей қатты сасады. Ақыры шын өмірдің қиындығымен бетпе-бет кездеседі. Осы арада қазақтың «әкең өлмей мұсылман болмайсың» деген мақалы еріксіз еске түседі. «Бұл жерде перделеніп, байқалмай тұрған шындық мынау» дейді ғалым. Қырықтан соң адам өміріндегі қызықты, ләззатты, нәпсәни қуаныштар азая береді. Бұл процесс пенденің қаусаған қарттық пен қорқынышты ажалға қарай нық қадаммен кетіп бара жатқанын білдіреді. Қарттық пен ажалдың суық құшағын алдын-ала сезінбеген орта жасар пенде, студент кездегі қызықтарды еске алудан жалықпайды. Өткен қызықтарды қайталап айтқан сайын отағасы отбасында іш пыстыратын қызықсыз әкеге айналып, үйге келген қонақтарын да мезі қылады. Енді ең маңызды қадамды жасау керек. Жалған қызық артта қалды. Ауру, қарттық, өлім сәті осы үш қиындықты лайықты қарсылап алуға белді бекем байлау.

Әдетте жол білмейтін ілімсіз адам алыстағы бөтен елге сапар шегуден қорқады. Сауданың иісі мұрнына бармайтын жәй адам үлкен бизнеспен өлтірсе де айналыспайды. «Банкрот боп қалсам, әйел, бала-шағам қаңғып қалады» деп сескенеді. Дәл сол сияқты қарттық пен өлім туралы ешқандай ілім-білімі жоқ орта жасар жігіт, әрі қарай өмір сүруге қорқады. Алдын ойласа ажал туралы үрейлі ойлар тұла бойын қарып өтеді. Үрейден құтылудың жалғыз жолы, тағы да жастық шақтағы ерлік пен қызықты жиі еске алу деп біледі.
Шала сауатты кісілерді айтпағанда, жоғары білімді кісілердің өзі ішкі әлемде осындай түбегейлі өзгеріс болатынын алдын-ала болжап біле алмайды. Ғұмырының екінші жартысына дайындықсыз кіргендер орта жаста бағытынан жаңылады.

Бәлкім, — дейді ғалым, — қырыққа келіп, қарттықпен қауышатын егделерді профессионалды өмірге дайындайтын арнайы мектеп ашу керек шығар. Адам баласы есейгенде өмірі жеңіл, тұрмысы жоғары болу үшін де арнайы жоғары оқу орындарын ашып, мамандық үйретеді. Жас маманды жұмыс істеп, ақша тауып, кәсіп қылуға мемлекет бейімдейді. Дәл сол секілді профессионалды өмір басталғанда қарттыққа, созылмалы сырқаттарға, ең ақыры өлімге тыңғылықты дайындайтын мектеп керек емес пе? — деген пікір айтады.

Бозбала «бүкіл қызық алда тұр»-деп алданады. Отыздан соң өмірі төңкеріліп түсіп, шапшаң тарыла бастағанда уақыттың тапшылығы сұмдық сезіледі. Келер жылдарға нендей жоспар жасасаң да, жұмысыңды соңына дейін жеткізе алмайтының сезіліп тұрады. Қалай десек те, «қырық жасар адамға арналған мектеп» деген арман ғой. Ондай мектеп бізде қайдан болсын? Бұрынғы заманда бұл мектептің қызметін шіркеу атқаратын. Шыбын жаны тыныш таппай тыпыршып бастаған орта жасар пенделер шіркеуге барып, «өлім сәті», «өлімнен кейінгі өмірдің» ілімін дінбасыларынан үйренетін. Қазір де орта жаста рухани тоқыраған кісілерді шіркеу ғана профессионалды өмірге өз әлінше дайындайды.

Сіз, сәби кезіңізде ойыншығыңызды арқалап көшеге шығып, балалармен ойнағанда оны ешкімге бермей қызғанып, күзетіп жүресіз. Қазақшаласақ, асықтарың мен қорғасын құйған сақаңды жастанып жатып, ұйықтаған сияқты құбылыс. Есейіп, ер жеткен соң, балалық эгоизмнің бәрі күлкілі көрінеді. Студент болған бозбала жатақханаға қошқар сақасын алып келмейді. Сол сияқты отыздан асып, қырыққа қарай зымырағанда жігіт кездегі арман, қиялдар өзінен-өзі ұсақталып, артта қалуы тиіс. Егер жиырма бестегі мақсат-мұраттарды алпыс жасыңда өзгеріссіз айта бастасаң, жетпіске жеткенде масқараға душар боласың.
Юнг ойын: Ақша табу, мал құрау, дүние жинау, үй салу, көлік міну, бала-шаға көбейту, бедел жинау – бұлар осы дүниедегі табиғат элементтерінің құрамы ғана. Бұлар мәдениетке де, руханиятқа да жатпайды. Руханият пен мәдениет адам өмірі өлімнен соң басталатын тіршілікке бағытталғанда ғана тіріледі. Шынайы мәдениет пен руханиятқа жеткісі келген кісі «қабірге көмілген соң жағдайым не болады екен?» деген сұрақтың жауабын табуға шындап талпынсын» -деп қорытады.

Алғашқы қауымдағы тайпаларды зерттеп қарасаң, оларды ақылы мол ақсақалдар басқарады. Олар өмірдің құпия сырларын біліп, меңгеріп, сол арқылы жастарға жол көрсетіп, бағыт береді. Тәжірибелі қарттар мен тіл алғыш, елгезек жастардың ара-қатынасынан олардың жеткен мәдениеті мен руханияты көрініс табады. Енді осы мәселені өзіміздің алдымызға көлденең тартып көрелік. Бізде де ақсақал қарттар жетіп артылады. Олардың даналық ілімі қайда?.. Олардың өмірден түйген, білген сырлары мен тәжірибелері қайда жоғалып кетті?.. Жастарды қарттыққа үйретеді дейтін шалдарымыздың өзі жас балаға ұқсағысы келіп, желігіп жүрген жоқ па? Қарттар жасарғысы кеп, кері кетіп бара жатса, бозбалалар алға қарай кімнен үлгі алып, жылжуы керек? АҚШ-та әкесі баласына жолдас, шешесі қызына дос-құрбы болу сәнге айналды. Жап-жас көрінетін әкесі мен шешесі ұл-қыздарымен құрдастарынша қалжыңдасады. Мұндай түсінікпен өмір кешетіндер үшін өмірдің соңғы аялдамасы келешекте емес, керісінше өткен өмірде жатқан сияқты. Бұл: «Мен күннен-күнге жасара берем. Осы бетіммен кете берсем, әбден кішірейіп анамның жатырына қайта кіріп кетемін» деп сөйлейтін жындының есалаң ойына бара-бар. Дәл осындай кері түсінікпен өмір сүргендіктен де, олардың тіршілігі алға қарап емес, артқа қарай мәнсіз құлдырауда. Осы зерттеліп, анықталған мән, мағынасыз ой-пікірлер адам өміріне қайдан келіп кіріп алды деп ойлайсыз? Бәрі де профессионалдық деңгейде өмір сүру өнерін меңгермей мақсатсыз жүре беруден барып шыққан жоқ па?

British 40 miles an hour speed limit sign

Тоқыраған адамдарды құтқару үшін оның бойындағы күш-қуаттың бәрін өмірдің ең маңызды соңғы сәтіне қарай жұмылдыру керек. Бірақ бұл жұмысты рухани ілімсіз іске асыру мүмкін емес. Себебі, дінде ғана адамды профессионалдық өмір мен сәтті өлімге дайындау деген ізгілікті ілім жүйесі қалыптасқан. Біздің замандастар дүниенің рахат, қызықтарына шырмалғандықтан о дүниеге сенбейді. Адам өмірі ауыр азаптан ғана тұрғанда қиын тағдырдан ығыр болған пенделер ғұмырының үзілгеніне қатты қайғырмас еді. Өкінішке орай, қазір өмірді қыздырып, адамды рақатқа бөлейтін құмар заттың көбі сонша, бұл рақаттармен ешкімнің қоштасқысы жоқ. Сондықтан, біздің заманда о дүниеге сеніп, оған жігіттік шақтан дайындалу оңай шаруа емес. Әсіресе, зайырлы оқу ордасында білім алған сауатты адамдар үшін бұл өте қиын. Зайырлы оқудың ең кемшін тұсы да сол, табиғаттағы барлық құбылысты тәжірбие жасап, ғылыми дәлелдейді. Айтылған ойдың бәрін қолмен ұстап, көзбен көрмейінше сенбейді. Физика, химия, геометрия ғылымдары барлық затты айнымайтын формула, есептермен қатырып тастаған. Біздің замандастарымыздың қолынан тастамайтын лозунгісі -«ғылыми дәлел». Зайырлы ілімнің күшіне бүкіл жұлын-жүйкесімен сенетін оқымыстылар о дүние тіршілігін де тәжірибе жасап, аппаратпен тексеріп, моладағы тіршілікті камерамен түсіріп, сосын барып сенгісі келеді. Бірақ ол мүмкін емес. Қабір әлемі — құпия әлем.

Юнгтің өзі осы арада шарасыз. Оның да о дүние туралы «ғылыми дәлелі» жоқ. Амалы құрыған психолог ғалым бүкіл зерттеулерін қорыта келе, мынадай ойға келеді. Не де болса менің көзімнің жеткені мынау. Алдына мақсат қойып, салауатты өмір сүретін адамдар «оны сол кезде көреміз» деп беталды жоспарсыз жүре беретін адамдармен салыстырғанда әлдеқайда бақытты ғұмыр кешеді. Ондайлардың отбасы да берекелі, дендері де сау, атақ, беделден де кенде емес. Адам жанының дәрігері ретінде айтар болсақ, төсекке таңылып, мүгедек боп қалған жас жігіт жұмыс істеп, бақуатты тұрмыс кешуге қандай дәрменсіз болса, қарттыққа дайындығы жоқ қуыс кеуде қарт та екінші әлемге жеңіл өліммен өтіп кетуге сондай дәрменсіз. Олардың жан тапсыруы өте ауыр хәлде өтеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, уақытқа жалғанып, ілгері жылжымай, керісінше «мәңгі жас боламын» деп заманның ағымына қарсы жүзіп, қарттықпен қасарысу — ақымақшылық.

Ғалым Юнг адамдарға нақты бір дінді, не болмаса рухани ілімді ұсынбайды. Ол бар болғаны адам ғұмырын маңызды, бақытты, қуанышты сәттермен толтырудың жолдарын жанталасып іздейді. Ол: Жарайды, дін деген әркімнің жеке басының шаруасы ғой»-деген күннің өзінде әділетті принциптермен келісіп, ақжүрек боп өмір сүрген ең дұрыс жол деп түсінеді. Жоғарыда зерттеліп, зерделенген фактының бәрі нағыз өмірдің қазанында ғасырлар бойы әбден қайнап, қорытылып, сүзіліп шыққан ақиқаттар. Тым болмаса осы шындықтарды мойындап, әрекет етсек, бақытты ғұмыр сүруге мүмкіндік молайған болар еді, — деп тоқталады.

Санжар Керімбай

Пікір

Добавить комментарий для Aslan Отменить ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню