Өмірге ғашық болу — 5 | DEGDAR

Өмірге ғашық болу — 5

10857876_707195206054086_5672100504462974758_n

Әдетте, Логотерапия туралы айтқанда тарихтан мысал келтіріп, мағынасын ашықтау үшін барынша ғылыммен әшекейлеп жатамыз. Бірақ кейде ондай күрделі әдіс кедергі келтіреді. Терминдермен шимайлай берсең жәй адам шатысып кетеді. Сосын, Логотерапия бізге қатысы жоқ, ерекше қасиет дарыған адамдар ғана айналысатын эзотерикалық ілімнің бір түрі сияқты қалыпқа енеді. Шындығында бұл — Құдай деп аталатын тылсым күшті қуаныш пен шаттық хәлінде отырып, бір сәтке болса да сезініп қалуға көмектесетін ілім ғой. Ойымыз жүйелі шығу үшін Логотерапияның басты кредосын есімізге түсіріп көрейік: «Өмірдің Мәне неде? Бізді өмірге құштар қылатын не нәрсе? Бұл тіршілікте қызығы сарқылмас, тұрақты құмарлық бар ма» деген сұрақтарға ғұламалар қысқаша былай жауап береді: «өмір жолында сенімен серіктес болған кез келген адамның дініне, ұлтына, жынысына, қызметіне, байлығына қарамастан оның керегіне жарауға тырыс. Ақысыз қызмет етіп, оны қуанышқа бөлеуге ұмтыл. Сен бұл өмірге біреуге шаттық сезімін сыйлау үшін ғана келдің. Одан басқа мойныңда міндет жоқ».

Енді шын өмірге оралайық. Тап қазір Қазақстанда Торғын Қалелова есімді отызға толмаған жас келіншектің тағдыры сын сағатта тұр. Анасынан тұқым қуалап ауысқан аты жаман ауру оны ажалға ұстап бермекші. Анасы қайтқан кезде үлкендер оның диагнозын 10 жасар Торғыннан және 13 жасар әпкесінен жасырып айтпаған. Осының кесірінен аурудан бейхабар әпкесі биыл бақи болыпты. Енді бұл дерт Торғынға ауыз салмақшы. Ал Торғынға өлуге болмайды. Себебі, ол бір шаңырақтың шырағын жағып отыр. Бір азаматтың жары, бір қыздың анасы. Торғынның тағдыры бірнеше адамның өміріне кері әсер еткелі тұр. Міне, осы орайда мен тағы да бір ғибратты құбылысқа тап болдым. Яғни, Торғынның тағдыры үшін жүріп жатқан күрес біз үшін де сынақ һәм сабақ.
10622836_758779594169694_6088172876177383603_n

Торғын Қалелованың басындағы ауыр жағдайды мен бірінші рет Facebook-тен оқыдым. Емі жоқ дертке шалдығып, көмек сұраған адамдарды талай көріп жүрміз. Көбінің диагнозына қарап, ешқандай шанс жоғын білесің. Қолдан келер қайран жоқ. Тіпті миллиондаған ақшалар да ол кеселдің алдында шарасыз боп шығады. Бірақ сонда да жәрдемдесе беретін ақжүрек жандар табылып жатады. Бір ретте мен сондай бір орыс апайдың ауру баласы жайлы посты бөлістім. Артынша Ғалия Қамбарбекова деген танысым ауру баланың анасына хабарласып, дереу қол ұшын созды.
Бұл жолы Торғынның өмірбаянын асықпай оқып шықтым. Оның КазҰУ-де оқыдым дегеніне қарап, қасымдағы Айбектен:
— Торғын Қалелова деген қызды танисың ба? Сендермен қатар
оқыпты, -дедім. Айбек суретіне қарады да:
— Әй, мынау біздің курстағы Торғын ғой. Өте жақсы танимын. Бұған
не бопты?- деді. Жазбаны дауыстап оқи бастадым. Оқып болған соң Айбек оның студент кезін еске алып:
— Торғын курстағы мейлінше қазақи тәрбиені бойына сіңірген ибалы
қыз. Ол тіпті бұрымын де кеспеген. Сабағын да өте жақсы оқыған. Үлкеннің жолын кесу, бөтеннің ісіне араласу дегенді білмейтін. Ұстаздар да оны ерекше жақсы көретін. Өмірдегі мақсатын айқындап алған өте күрескер қыз еді. Сондықтан мына жерде жазылған ақпараттың бәрі рас деп білем. Ол шынымен де қиындыққа тап болғанға ұқсайды. Мен білетін Торғын біреуден өлсе де ақша сұрамайтын. Ол кез келген кедергіні өзінің жігерімен, талабымен жеңіп үйренген адам. Соған қарағанда бұл бір ерекше оқиға болып тұр. Қалай ойлайсыз, жазылып кетуге шанс бар ма? –деді.
Мен:
— Білмедім. Бірақ не болса да бөлісіп, посты таратайық. Кім біледі, бәлкім құтылып кетер,- дедім де жазбаны бөлістім.
Арада апта өтпей Торғынның өзі сүйінші сұраған тағы бір пост жариялады. Қаржы тауып шындап кіріссе, АҚШ-та бұл ауруды тоқтата алатын емхана бар боп шықты. Жазбаны тынымсыз бөліскен кісілердің де еңбегі далаға кетпепті. Аз уақытта 100 мыңнан аса қаржы құйылған. Дегенмен, бұл қаржының мәселені шешуге шамасы жетпейтіні көрініп тұрды. Сосын, осы қаржы аударудағы кедергілерді өзімше зерттей бастадым. Әдетте, мұндай жәрдем сұраған жазбаларды оқығанда мидың бір қыртысында «Бұған көп қаржы керек. Бала-шағаны зорға асырап, бір айлыққа қарап отырған бізден не қайран? Ақшасын шашып жүрген байларға айту керек қой мұндайды» деген ой жылт ете қалады. Шынымен де солай. Жарымаған жалақымен қарызданып-қауғаланып зорға келе жатқан біздер мол қаржы талап ететін ауруды тоқтата аламыз деп сенбейміз. Санамыздың бір түкпірінен келетін, «мұны тек қана байлар ғана шеше алады» деген күшті сигнал бәрін басып тастайды.
Ойланып қарасаң, проблеманы жария жазудағы мақсат — көптің көмегіне сүйену. Яғни, «бай адамның назарына іліккенше таратыңдар» деген ниет жоқ. Ал көп ешқашан да бай болмайды. Олар шым-шымдап ғана тамызады. Кеше бірге отырған бірнеше жігітке эксперимент жасадым. Олардың қай қайсысы да адамшылық турасында көп-көрім әңгіме айтып, өз ортасында сөз ұстап жүрген ақылды азаматтар. Логотерапия туралы да әрқайсысының бір әу дей алатын потенциялы бар. Бәрі жиналып отырғанда:
— Жігіттер, Торғынға не көмек көрсете аламыз? – дедім.
— Біздің қолдан не келеді?-деді олар.
— Мен де солай ойлаймын. Біздің қолдан ештеңе де келмейді. Бірақ,
мәселеге басқа қырынан келейік. Біз аузымызбен орақ оруды әбден меңгеріп алдық. «Риясыз көмек жасау өмірдің мәні» деп әңгімені соққанда тыңдаған жұрт аузын ашып, көзін жұмады. Біз қазір бәріміз де «біз миллионер емеспіз ғой» деп ойлап отырмыз. Онда біз «өмірдің мәнін миллионер болып алған соң іздейік. Ұлы Мәнге баратын жол ақшамен ашылады» деп түюміз керек. Егер бұл көзқарас қате дейтін болсақ — қолдан келгенді батыл түрде іске асырайық.
— Не ұсынасыз?-деді біреуі.
— Меніңше мол қаржы аударып ерлік жасап қажеті жоқ. Карточкасына
мың теңге аударсақ жетеді. «Бес мыңнан аударайық» дегенмен, оны ешкім де жасамайды. Ауыр тиетіні рас. Бұл жерде мидағы «менің мың теңгеме қарап қап па» деген оңбаған вирусты жою керек. Бар бәле осы оңбаған ойдан бастау алады. Миллиондаған қазақтар «мен ары кетсе мың теңге ғана аудара алам. Ол не болады» деп аудармай отыр. Ертең принципті түрде бәріміз шеру тартып банкоматқа барамыз да, әрқайсымыз ең кемі мың теңгеден аударамыз. Одан да артық салам дейтіндер болса қарсылық жоқ. Біз сонда Торғынның ауруымен емес — өзіміздің адамшылығымызды байыта түсуге кедергі боп тұрған санадағы вируспен күрескен боп шығамыз. Келісесіңдер ме? – дедім.
Жаңа ғана тұнжырап отырған басы бүтін, қалтасы тесік жігіттер жадырап сала берді. Арамызда Қазақтелекомда істейтін Хаят есімді өзбек жігіті бар еді. Ол содан бір күн бұрын көктайғақта көлігімен ұшып кетіп, мәшинесін қиратып алып, мазасы болмай отырған. Бұл ұсыныс оған да майдай жақты.
— Оу, Санжар-ака, мен да қатыссам бола ма? Мың теңге аударам. Бірақ банкоматқа баруға уақытым жоқ. Өзіңіз сала салыңыз- деді де мың теңге суырып берді. Қайырлы ұсынысты өзбектің бірінші боп іліп түскені ұлттас жігіттердің намысына тиіп кетті.
— Мен екі мың аударам,-деді ұзынтұра біреуі. Оның қасында отырған бойдағым:
— Мен бойдақпын. Төрт мың аудара алам-деді. Осылайша әп-сәтте
санадағы сең бұзылды да кетті. Бұл хабарды естіген басқа да жігіттер жамырап жан-жақтан үн қоса бастады. Меже бәріне бірдей. Мың теңге салсаң жетіп жатыр.
1551608_1461684910746880_5937682388809292595_n

Маған Торғынның өз өмірі үшін жанталас күресіп жатқаны қатты ұнады. Өмірге сұмдық құштар қыз екен. Ол жайында толыққанды мәлімет алғыңыз келсе — Facebook желісіндегі Торғынның «Торгын Калелова» деген атпен тіркелген парақшасына кіріп толық танысуға болады. Оның аман қалу шансы тап қазір — 50х50. Бір адамның өміріне бірнеше адамның тағдыры қабатынан байланып тұр. Не шік түседі, не бүк түседі. Өз басым «Торғын түскен ақшадан ғана қуат алып, қаржының көлеміне қарап қуанады» дегенге өлтірсе де сенбес едім. Ол үшін ел-жұртының қайғысын шын жүректен бөліскені маңыздырақ. Туралап келген ажалдан ешкім де құтылып кете алмас. Бірақ ажал анық ауыз салды деген күннің өзінде шаттанып, қуанышпен рахаттана өмір сүруге мол мүмкіндік бар. Оның есепшотына мың-ақ теңге аудару арқылы жанына шексіз шаттық сыйлауға болады. Қаржы жинап, ем бастап, ажалмен айқасқа түсу екінші кезектегі мәселе. Әлбетте, бір «Атымтай Жомарт» шыға келіп, бар түйінді жалғыз өзі тарқатып жіберсе тіптен жақсы!
Ал әзірше біз үшін психологиядағы кедергіні жоюдың өзі үлкен күш болып тұр. Банкке бара жатқанда ішіңнен бір залым дауыс «осындай ақ қар, көк мұзда, алтын уақытыңды құртып, сонша жерден сүйретіліп келгенде салатының мың-ақ теңге ме? Ақыры жомарт екенсің 100 мыңдап салмайсың ба? Одан да үйіңе қайт» деп кеудеңді сығып тұрады. Өз ішіңде аузын жаппай қақсап тұрған бұл кесір дауысқа батыл түрде «сен басты қатырма! Мен сияқты миллион қазақ 1 айда мың теңгеден аударса, миллион теңге жиналады. Үш ай қатарынан аударсақ 3 миллион теңге құралады. Мен бұл жерге Торғынның жанына шаттық сыйлау үшін ғана келдім. Ол қуанышқа бөленгенде мен де өзімді бақытты сезінем. Өмірдің Мәні деген міне осы» деп аузына құм құю керек. Логотерапияның практикасы деген осы. Дәл осы көңілдің бір қараңғы қуысынан шығып тұрған залым дауыс миллиондаған қазақтардың мұқтаж кісінің өмір үшін қайраттана күресуіне кедергі болып тұр. Меніңше мидағы осындай ұсақ-түйек ойлардың отын өшіруді меңгерген қауым ғана ынтымақпен ұйысып, өркениетті халық болып, мағыналы өмір сүре алатын сияқты көрінеді.
Егер алда – жалда сіз де көпке қосылып Торғынның есепшотына мың теңге аударамын десеңіз карточка номерін жазып алсаңыз болады:
44 02 57 75 00 10 08 65 Жарамдылығы 04/17 Torgyn Kalelova Халық банкі.

Санжар Керімбай

Пікір

  • Рахмет сізге!сондай адамдар көп болса екен! Мен өзім өз ауруымен күрестім,өмірге ғашық болдым,қазір де ғашықпын! Аллама мың шүкір!

    Айгерим 07.08.2016 22:53 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню