Өмірге ғашық болу — 4

10255149_1413300148956154_4428483628838496896_o

ХХ ғасырдың басында Еуропада Зигмунд Фрейд бастаған психологтар адам жанына қатысты жаңалықтар ашып, әлемді шулатып жатқан кезі болатын. «Бізді өмір қандай фактор ынтық етеді?» деген сұрақ қызу талқыланып жатты. Фрейд: «нәпсінің құмарлығы, төсек қатынасы бізді өмірге ынтық қылады» деп тұжырымдады. Келесі бір психолог Альфред Адлер: «Билік, мансап, соған жетуге деген арман адамды алға сүйреп отырады» деді. Осылай екі тартысып жатқанда ортадан жарып Виктор Франкл шығады. Ол: «Иә, бұл екі пікірдің да жаны бар. Бірақ, адамның мүмкіндігі шектеліп, осы екі құмарлыққа жол жабылып қалса да, өлімнен қашып, өмірге ұмтыла береді емес пе? Ол Ұлы Мәнге деген құмарлық. Яғни, өмірінен мағына іздеген жандар тіршіліктен кеткісі келмейді. Франклдың өмірін ерекше оқиғаларға толтырып, өзін де ғажайып адамға айналдырған осы Мәнге деген талпыныс еді.
Франкл дәрігер болып жүргенде мынадай сезімнің соңына түседі. Ол ақша табу үшін байларға ақылы қызмет көрсететін. Ал, түстен кейін жағдайы жоқ кедейлерге тегін қарасады. Яғни, оларды емдегені үшін ақы алмайды. Кедейлер оған риза болып, алғысты жаңбырша жаудырады. Франкл олардан алғыс алған сайын бақытқа бөленетін. Кеудесі шаттыққа толып, бейне бір бұлттың үстінде қалқып жүргендей болады. Әрине, қалталы пациенттер де алғыс айтуды ұмытпаған. Бірақ еңбегіне ақы алған соң жанды балқытып тұратын ләззатты таба алмай өмір сүруге деген ынтығы азаяды. Клинакасының ақшаға тәуелді екенін біліп тұрса да, адамдардан алғыс есту үшін ақысыз қызмет көрсетуге құмартып алады. Жағдайы жоқ мұқтаж жандарға тегін қарасқан сайын оның өмірге құштарлығы арта береді. Осылайша Франкл шыбын жанға толассыз шабыт сыйлайтын шаттық сезімді кеудесінен шығарып алмау үшін барлық адам ұрпағына риясыз қызмет ету керектігін ұғына түседі. Осы жаңалығының негізінде Франкл депрессия мен суицидке қарсы «соғыс» ашады.

images (9)

1924 жылы ол Sozialistische Mittelschüler Österreich деп аталатын мектептің президенті боп сайланады. Франкл осы қызметті отырғанда студенттерді өмірге ғашық етумен армансыз айнылысады. Оның бұл жолдағы қызметі өте жемісті болды. Ол басшылық еткен мерзімде Венадағы студенттер арасында бір де бір суицид фактісі тіркелмеген екен. (Шамамен 10 жылдай уақыт басқарады)
Сонымен, «Өмірдің мәні не?», «Бізді тіршілікке ғашық етіп, ажалмен айқасуға батылдық беретін қандай күш?» деген сұраққа, Франкл: «Өмірдің мәні өзгеге қуаныш сыйлау. Өмір жолында саған серік болған адамды қуанту. Оның көңіл күйін шаттық сезімге толтыру. Адамдарға риясыз қызмет ету арқылы өзіңді де оны да шаттыққа бөлеу» дейді.
Енді Венадан Алматыға оралайық. 2013 жылы машинаммен Қоянқұс жақтан шығып, қалаға келе жаттым. Кенет жолда қырық бестер шамасындағы бір әйел қол көтерді. Тоқтадым. Ол:
— Сейфуллин мен Гогольдің қиылысына барам. Апарасың ба? – деді.
— Отырыңыз, — дедім. Апай жайғасты. Қаладағы бір мектепте ұстаз екен. Мектептегі жұмысы жайлы әңгіме айтып бастады. Мен де әңгімеге араласып, кейде қолдап, кейде уәж айтып отырдым. Бір кезде көлік Гоголь көшесіне жақындай бастағанда, апай мазасыздана бастады. Ол қалтасынан ақшасын шығаруға ыңғайланып, тыпырлап жатты. Мен оның не үшін мазасызданып отырғанын бірден білдім. Жол ақысын айтпастан бірден отырғызып алған едім. Ол ақысына қанша сұрайды деп қиналып отырғанын сездім. Ол «мектепке дейін тура баратын автобус жоқ. Пересадкамен әзер жетесің. Мектептің жарымаған жалақысының жартысы жолға кетеді» деп шағымданып жатты. Әне-міне дегенше Гогольды қиып өтіп тоқтадым. Ол:
— Мен 250 теңге төлесем бола ма? — деп батылсыздана сұрады. Мен:
— Жоқ! Болмайды! – дедім. Ол одан сайын қиналып:
— Менде бары осы. Әлі түскі тамағым бар еді. Қайтуға да ақша қалу керек. Осыдан артық бере алмаймын, — деді төменшектеп.
— Сіз қызықсыз. Өзіңіз мектепте мұғалімсіз. Алатын жалақыңыз белгілі. Күн сайын пересадкамен мектепке зорға жетесіз. Біздің бала-шағадан күні бойы миыңыз ашып, үйіңізге әзер ораласыз. Сіз 250 емес 200 теңге төлеуіңіз керек, — дедім. Ол 3-4 секунд түсінбей аузы ашылып отырып қалды. Сосын қағыс естім бе дегендей:
— Не-е-е-ш-е де-е-едіңі-і-і-з? — деді кекештене.
— 200 теңге дедім. 50 теңге кем бересіз. Мен ғой жеке көлігім бар. Құр босқа кетіп барам. Ал сіз мектепке Құдайдың құтты күні қатынайсыз. Сізге ақшаны үнемдеу керек. Солай емес пе? – дедім.
— Сіз шын айтып отырсыз ба? Мынау қызық болды ғой, – деп қуанғаннан жүрегі жарылып кете жаздады. Сосын мені жер көкке сыйғызбай мақтай жөнелді. «Елдің бәрі осылай ойласа ғой» деп қояды арасында. Самбырлап сөйлеп отырып, 200 теңге ұсынды. Тіпті бет-әлпеті нұрланып, табан астында жасарып кеткендей болып көрінді. Ақшасын алмастан бұрын:
— Сізге бір сұрағым бар? – дедім.
— Сұраңыз.
— Осы 50 теңгеге не сатып алуға болады?
— Қазір ештеңе де келмейді-ау.
— Дұрыс айтасыз. Ештеңе келмейді. Бірақ 50 теңге адамның көңіл-күйін сұмдық қатты көтереді, солай емес пе? — дегенімде апай дауыстап күліп жіберді.
— Ой, Алла-ай, рас айтасың. Қарап тұрсам 50-ақ теңге үнемдеп отыр екем. Тура бір миллион ұтқан адамдай шаттанып отырғанымды қарашы.
— Онда тағы да шаттана түсіңіз мен сізден мүлде ақы алмаймын. 200 теңге де сізде қалсын.
— Қалайша? – деді ыңғайсызданып.
— Солай, апай. Мен сізді жәй қуанту үшін алып келдім. Менің осылай зерттеу жасайтын әдетім бар еді, — дедім.
Ой, сосын алғыстың тоқсан тоғыз түрі ағылды-ай кеп. Арасында ұятсыз таксистердің мұның асығыстығын пайдаланып 700 теңгеге дейін сұрайтындарын да еске салып өтті. Асығыс апайым ақырында 15 минут алғыс айтып, көліктен әзер түсті.
Kak-vyibratsya-iz-gryazi

Қысқасы, Виктор Франкл осындай болмашы оқиғадан туатын шаттық сезімдерден өмірдің Мәні ашыла түсетінін анық байқаған. Таяуда үйімде кітап ақтарып отырғанда үйдің ту сыртына жеңіл көлік келіп, балшыққа батты да қалды. Далада жаңбыр шелектеп құйып тұрған. Миымды «балшыққа тығылды» деген ой тіліп өтті. Шығып кетер ме екен деп 1 минуттай күтіп отырмын. Шопыры бажынатып газды басып жатыр. Болмады. Машина балшыққа батқан үстіне батып жатыр. Осы кезде қарсыда отырған үлкен ұлға жалт қарадым. Ол да менің қас-қабағымды аңдып отыр екен.
— Кеттік, — дедім. Екеуміз дереу киініп далаға шықтық. Ауылды білмейтін бөтен машина екені көрініп тұр. Жүгіріп барып есігін аштым да:
— Жігіт, сен тіке жүрме. Оңға қарай алсаң шөпке шығасың. 100 метр айдасаң алдыңда асфальт жол жатыр, — дедім. Көліктегі жігіт:
— Түсіндім! – деді.
— Ал, кеттік, бас газды, — дедім. Ол енді ақылмен қимылдай бастады. Біз де көлікті солқылдата итеріп, шайқып тұрып, 5-10 минуттан соң шұңқырдан шығарып алдық. Жеңіл мазда лып етіп шөпке ілінді. Мазда заулағаннан заулап отырып, асфальтқа бір-ақ шықты. Тас жолға шыға сала көлігінен түсті де:
— Рахмет жігіттер! Ризамын, — деп айғайлады.
— Жолың болсын! – деп біз кейін қайттық. Үйге кірсек үсті басымызға машинаның дөңгелегі балшық шашып тастапты. Бөтен адамның қуанышынан шаттанып тұрған көңіл шіркін оны елеген жоқ. Дереу киім ауыстырдық. Кітапқа қайта отырдым. Бірақ ой енді қайтадан жинақталмады. Алғыс естіп, шаттық сезімге қанбай қалған жан шіркін «тағы да рахат бар ма?» деп қуаныш тілеп тұр екен. Жүрегім дүрсілдеп соғып тұрды. Ішімнен «тағы да біреудің машинасы тығылып қалса жақсы болар еді. Мына сәтті тағы да бастан кешетін» деп дәметіп біраз отырдым. Тым-тырыс. Әбден түн болған соң «бүгін өмір сүрдік» деп ойладым.
Осындай сәттерде адамды шаттық сезімінің билеп төстеп алатыны соншама ұйқың қашып, қарның ашқанын ұмытып кетесің. Әттең, тіршілікте осындай Мәнге жалғанып, Одан қуат алатын сәттер өте сирек кездеседі.
Неге мені балшыққа батқан машина жайлы оқиғаны еске алды деп ойлайсыз? Басқа да оқиғалар көп қой өмірде, солай емес пе? Бірақ, мұның ерекшелігі мынада. Біз әдетте біреуге жақсылық жасаған соң одан қайырым күтіп, жылы сөз дәметіп тұратын жаман әдетіміз бар. Ол адам да өзін сенің алдыңда қарыздар сезініп қысылып жүреді. Осы бодау дәмететін ой мен мен сезім Ұлы Мәннен алатын шаттық сезімді отқа су сепкендеі басып тастайды. Алғыс дәметіп жүру өмір сүруге кәдімгідей кедергі. Балшыққа батқан мазданың иесі бөтен адам. Қараңғыда оның түрін көрген жоқпыз. Атын сәрі да сұрамадық. Бар болғаны алыстан айғайлап алғыс айтты. Соның өзі бізді қуанышқа көміп тастады. Енді мен оны ешқашан да кездестірмеймін. Көрсем де танымаймын. Яғни, одан жақсылық дәметпейсің. Ол да саған қарыздар болып қысылып жүрмейді. Қысқасы өмірден жалықпайсың. Осындай шырынды сәт тағы да қашан болады екен деп келесі күндерді күтіп жүре бересің.
Мен Виктор Франкл туралы тағы да ойлап жаттым. Ол соңғы 70 жылда рейтингісі түспеген жалғыз психоаналитик. Осыдан 5 жыл бұрын АҚШ конгресінің кітапханасы елінде «өміріңді өзгертуге септігі тиген 10 кітапты атаңыз» деген сауалнама жүргізді. Франклдың кітаптары сол ондықтың ортасынан ойып тұрып тағы да орын алды. Себебі түсінікті. Ол өмірдің мәнін өте қарапайым етіп түсіндірген. Өмірдің мәнін сезіну үшін ақысыз қызмет етіп, шын жүректен шығатын алғыс сөздерді еститін сәтті аңдып отырсаң, сол жетіп жатыр.

Санжар Керімбай

Пікір

  • Омирдин манин табуга Владимир Жикаренцевтын да китаптары коп комектеседи.

    Ербол 09.07.2015 01:49 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню