Өмірге ғашық болу — 3 | DEGDAR

Өмірге ғашық болу — 3

1909453_1462847907334711_4185487145532239188_o

2012 жылғы көктемде басына қиын күн туып, Сәкен есімді туысым іздеп келді. Ол құжаттан кеткен қателіктің құрбаны болыпты. Бір мәселеге орай іс қозғалғанда, қағазда аты-жөні жазылып, құрыққа түседі. Біздің «әділ» сот жүйесі оны аямайтыны анық еді. Ең кемі 6 жылға анық сотталады. Ол депрессияға түсудің аз-ақ алдында тұрды. Жасы 30-дан енді асқан жігіт. Алтын асықтай 3 қызы мен ақылды келіншегі бар. Өзі тұратын шағын қаланың құрметті азаматы. Ауылының мақтанышы. Ұжымына абыройлы, сауатты маман. Мына көлденең қырсық оның осынша адал еңбекпен жиған абыройын жойғалы тұр.
Біз бірнеше күн мән-жайды талқылап жүрдік. Ол барынша сабырлы болуғы тырысты. Сонда да түнде дөңбекшіп шығатын. Кей-кездері дауысы өзгеріп, қобалжып отырғанын білдіріп қояды. Мен оны жұбату үшін ешқандай да уағыз, насихат айтқаным жоқ. Себебі, оның өз басына жетіп артылатын діншілдігі де бар.
Әлбетте, мұндай жағдайда әр адамның өзін сақтап қалу инстинкті іске қосылады. Жұмысында әркім басын аман алып қалу үшін жанталасып жатты. Бірін-бірі ұстап беру, сату, қашу бәрі-бәрі болып жатты. Айтайын дегенім ол емес еді. Мәселе – адамның ішкі әлемінде жүріп жатқан психологиялық процесстері жайлы. Бірде мен оған:
— Сәкен, саған тықыр таянды. Ерте ме, кеш пе, оперлер сені іздеп жолға шығады. Уақытың өте тығыз. Бұл АҚШ емес. Соттан әділдік күту – күлкілі. Шатылған бәленің қайғысына жұтылып кетпеудің амалдарын жасайық, — дедім.
— Не ұсынасыз?
— Мен саған Виктор Франклдың Освенцумнан қалай тірі шыққанын айтып берейін.
— Адвокат танысыңыз жоқ па?
— Бар. Бірақ одан қайран болмас, — дедім. Ол ықылассыз ғана:
— Айтыңыз, — деді.
Мен екі сағат концлагердегі тозақты суреттеп шықтым. Сөз соңында:
— Сол адам қашан өлді деп ойлайсың? – дедім.
— Білмедім. Соғыстан соң ары кетсе 10-15 жыл жүрген шығар.
— Ол 1997 жылы қайтты. Мен ол кезде әлі студент екем, — дегенде ол аузы ашылып отырып қалды.
— Кел енді, жағдайды таразыға тартайық. Франкл фашистердің концлагеріне түсті. Ал сен 21 ғасырдың түрмесіне қамаласың. Освенцумда жұмысқа жарамсыз адамды отқа жағады. Нарда ұйықтайды. Тоғыз адамға бір көрпе. Жастық жоқ. Аяқ киім жастанады. Тәулігіне 200 грамм нан. Түсте 1 мезгіл сылдыр сорпа. Дәрі-дәрмек жоқ. Қыста қалың киім атымен жоқ. Қылығы жақпаса полицейлер (капо) өлтіріп сабайды. Тырнағының астына ине тығады. Адамды атымен емес қолындағы номерімен шақырады. Барлық құжаты түгел өртеледі. Дүние-мүлкі атам заманда талан-тараж болған. Тұрған үйі, қаласы соғыста түгел жанып кеткен. Барлық туған-туысын өлтіріп, жағып жіберген. Өзі құл сияқты. Айналасы тау-тау боп үйіліп жатқан өлік. Өле қалса ешкім жоқтап жыламайды. Керісінше, жолдастары қуана-қуана киімдерін шешіп алады. Тіпті, бәтеңкенің бауына дейін қалдырмайды. Бәрінен де жаманы — олар өздерінің неше жылға қамалғанын болжап біле алмайтын. Франкл осындай тозақтан өзін ғана емес талай достарын аман-есен алып шықты, — дедім.
— Қызық екен, иә, — деп ұмсына түсті.
— Енді сенің жағдайың қалай болады? Соны өлшейік. Аты-жөнің сақталады. Мүліктерің тұра береді. Дипломың жойылмайды. Жұмысыңды жалғастыра аласың. Әйел бала-шағаңа тиіспейді. Ауырсаң емдейді. Сабап, қинамайды. Тамағың тоқ. Жеке төсек (жастығымен). Қалың көрпе. Құқықтарың тапталса шағымдана аласың.

images (8)

Адвокатың артынан барып тұрады. Ішінде қосымша кәсіптер оқытылады. Кітап оқып, біліміңді толықтыруға рұқсат. Жүріс-тұрысың жақсы болса, мерзіміңнен бұрын амнистияға ілігуге болады. Қашан қайтарыңды біліп отырасың. Ең бастысы – мақсат пен мұратыңнан көз жазып қалмасаң болды. Өмірге не үшін келгеніңді ұмытпасаң, барлық қиындықты қиратып өте шығасың.
— Өмірге не үшін келіппін? Франкл не дейді?
— Франкл «біз өмірге айналадағы жұртты қуанту үшін ғана келдік. Қасыңдағы адамның түріне, жынысына, мәртебесіне, діни сеніміне, әлеуетіне қарамастан оған шаттық сезім сыйлау үшін ғана туылғанбыз» дейді. Егер осы тараптан қарайтын болсақ түрменің іші не сырты не бәрі бір емес пе? Сен бостандықта жүргенде де, Ұлы Мәнге жақындау үшін айналаңа жақсылық жасап, елге қуаныш сыйлауың керек болады. Бірақ, біз бостандықта жүргенде «бала-шаға қамы үшін» деп адамшылықтан аттап кетуге дайын тұрамыз. Атақ пен қызметке таласқанда мақсатты түрде қиянат жасаймыз. Қиянат Мәнді жоятын бірінші фактор. Өмірден Мән кеткен соң, үлкен апаттың болмай қоймайтыны анық. Керісінше, түрмеде Мәнге ұмтылуға шанс көп сияқты. Оның үстіне ол жақта сен сияқты қосақ арасында кетіп қалған бейкүнә адамдардың көптігіне еш күмәнім жоқ. Тіпті мен саған қызығып отырмын, — дедім қалжың аралас.
Ол бірінші рет жымиып күлді. Ары қарай бұл тақырып тереңдеген үстіне тереңдей берді. Ол енді шындап ширыға бастады. «Бәлкім, әлдеқандай себеппен сотталмай қалатын шығармын» деген далбаса дәмеден арылды. Адвокат досым оны алып қалу үшін бар өнерін салды. Оның кінәсіз екенін дәлелдейтін бір құшақ құжат та жинады. Бір күні адвокат онымен сөйлесіп отырып:
— Сәкен, сенен Франкл шықпайтын сияқты, — деді.
— Неге? – деді Сәкен селк ете қалып.
— Себебі, мен істі сындыратын сияқтымын. Сені соттауға еш негіз жоқ. Бәрін былықтырған басшыларың ұсталу керек. Егер сені алып шықсам, логотерапиямен айналыса алмайсың,- деп әзілдеді.
— Қап-ай. Өзімді әбден дайындап, Франкл сезініп жүр едім. Сіз менің жоспарымды бұзатын болдыңыз, — дегенде, күлмеген адам қалмады.
Оның қайғыны жеңгенін сол сәтте анық байқадым. Ол кез-келген жағдайға «келсең кел» деп нық отырды. Мен бәрібір күштінің арты диірмен тартатынын білдім. Солай болды да. Адвокат арамтер боп қала берді.
Көп ұзамай оны алып кетті. Бір кездері дастархандас болған, бірге жүрген жора-жолдастары оны тезірек ұстап беруге барын салып бақты (құдай алдында өздері жауап берер). Жыламаған адам қалмады. Бір жыл тергеуде жатты. 2013-тің ақпанында үкім оқылатын күні сотына бардым. Кісенмен жетектелген үш жігітті залға әкеп қамады. Мен де қарап тұрдым. Соттың оған тура қарауға жүзі шыдамады. Маған керісінше сот Сәкенді емес, Сәкен оны соттап жатқандай әсер қалдырды. Себебі, сот та Сәкеннің жазықсыз сотталып жатқанын жақсы біліп тұрды. Сот әйел басын көтермеген күйі үкімді асығыс оқып шықты да:
— Сәкен, қарағым ренжіме. Саған бұдан төмен бере алмаймын. Біздің жұмысты білесің ғой… Азаматсың. Мені де түсінесей…, — деді жалынышты хәлде.
— Иә, иә, уайымдамаңыз апай. Бәрін байқап, сезіп отырмын. Сізге ренжитін жөнім жоқ, — деді.
— Ой айналайын, түсінгеніңе рахмет. Тезірек босанып шығуға тырыс. Мақұл ма?
— Иә, әлбетте. Ол жағына қам жемеңіз, — деді Сәкен еңсесін түсірмеген күйде.
Сол кезде байқағаным, сот Сәкенді соттағанымен, соттың ішкі дүниесінде оның өзін ары соттап жатты. Ақталуға сылтау таппай, далбасалап оны жұбатқан болды. Ал, біздің жігіт жігерін мұқалтпады. Бұрынғыдай үрейі де жоқ. Себебі, ары таза. Өмірден мағына алып, Ұлы Мәнге жақындауты меңгеріп алған еді. Осы жерде мен бір нәрсені аңғардым.
Алғашқыда Сәкеннің арман-мұраты шаблондардан шықпайтын стандартты болатын. Бала-шағаның жанында болу, жұмыста абыройлы жүру, әйелімен тату-тәтті ғұмыр кешу дегендей. Сол кезде тосыннан келген апат оның өмірлік мақсат-мұратын жаншып жібегендей болды. Көкірегіндегі мақсат-мұраты өзгере алмай, алдында күтіп тұрған түрменің бөлмесімен біріге алмай тоқырап тұрды. Кейін, Виктор Франклдың логотерапиясын оқып, өмірдің мәнін басқаша түсінгенде, оның арман-мақсаты айқындалып, ұлғайып шыға келді. Ол енді қай жерде болса да шабытпен өмір сүруге дайын еді.
— Туыстарыңмен қол берісіп қоштасуға рұқсат, — деді сот. Кезек кезек қоштасып жаттық.
— Ал, давай, Сәке, 8 жылдан соң көріскенше, — деп алақанымды сарт еткізді.
— Нұрланып кетіпсің ғой, Смысл таптың ба? – дедім әзілдеп.
— Иә, кеше душқа түсіп алғанмын, — деді күліп. Сәкенмен солай қоштастым. Сосын оларды алып кетті.         10888801_1543844772568357_1512218652342536551_n2013 жылдың жазында ораза айтпен құттықтап телефон соқты. Даусы өте сергек. Ол бейне бір курортта демалып жатқан адам сияқты қалжыңдап мені әбден күлдірді.
— Логотерапия қалай боп жатыр? – дедім.
— Керемет! Қасымдағы жігіттердің миларына операция жасап шықтым (бұл Франклдың «Сказать жизни ДА» кітабында жиі қолданатын сөз тіркесі). Бәрін өмірге құштар етіп жатырмын. Риза. Мұнда кітап оқимын деген адамға басшылық оң көзбен қарайды. Тегін үйрететін кәсіптерін түгел үйреніп алуға жігіттерді үгіттеп көндірдім. Сабақтан қалмаймыз. Кеше апайымыз:
— Сендер өзі сотталған адамсыңдар ма әлде студентсіңдер ме? — деп таңқалды. Мұнда бір жігіт тіпті мектепті де бітірмеген екен. Ол қазір: «Ой жақсы болды. Сені Құдай кезіктірді. Сенің арқаңда аттестат алып шығатын болдым, — деп, тура бір диплом алатын адам сияқты қуанып жүр. Сенетіндер ораза ұстадық. Ұлы Мәнге ұмтылу тоқтаусыз жүріп жатыр. Құда да риза, құдағи да риза! — деді.
Содан кейін, жарты жыл тым-тырыс жоғалды. 2014 жылдың қаңтарында шетелге оқуға аттанғалы жатқанмын. Телефон шыр ете қалды. Даусынан бірден таныдым. Шаттыққа толы даусы сол күйі өзгермеген. Саңқылдап тұр. Жағдай сұрасып болған соң:
— Ал, айта бер бұйымтайыңды, — дедім.
— Кітап керек.
— Қандай? – дедім. Ол сатырлатып біраз кітаптың тізімін берді. Көбі логотерапияға қатысты. Ішінде ағылшынша сөздіктер де жүр.
— Сөздіктің не керегі бар? – дедім.
— Не керегі бар несі? Шыққанша тіл үйреніп шығамыз. Оған дейін ағылшынға деген сұраныс өсіп те қалар. (Үйде жүргенде шеттілінің негізін біраз оқытып жібергенмін)
-Басқа не жаңалық?
-Жаңалық сол. Кеше түрменің басшысы шақырды. Сәкен, сені басқа жаққа ауыстыру туралы нұсқау келген. Бірақ, мен барымды салып сені алып қалдым. Себебі, сен кетсең мына жерде діншілдік тағы да күшейеді. Бұрындары бәрі мұнда келген соң жаппай дінге ұрынатын. Алақандай аулада 40 қауым боп отырғаны бір-бірімен қырқысып. Шеттерінен фанат. Байқаймын, сенің сөзің басқа сияқты. Саған ұйығанның бәрі оқуға ден қоя бастады. Кімнің-кім екенін біз де білеміз. Қысқасы, дос болайық, — деді. Түрменің бастығы риза. Оны да шаттыққа бөлеп, сол арқылы Ұлы Мәнге тағы да бір табан жақындай түстім, — деді.
Лондонға кетерден бір күн бұрын поштаға барып тапқан кітаптарымды салдым. Ақпан айында ол келіншегіме хабарласып:
— Рахмет! Бәрін алдым, — деп алғыс айтыпты.

Санжар Керімбай

Пікір

  • Кеше ғана (7.12.2015ж) сіздің дәрісіңізде болып ,логотерапия туралы қана тыңдадық бүгін міне ертемен осы бағытта ізденудемін. Мен өзімнің психолог ретінде тәжірибемде колданып жуген әдістерімнің дұрыстына тағы бір көз жеткіздім. СІЗГЕ РАХМЕТ!

    Рахмет! 08.12.2015 09:37 Ответить
  • Санжар оте жаксы логотерапия екен.
    Окып отырып озине куш жинайды екенсин.Рахмет.

    Улбосын. 22.07.2016 17:04 Ответить
  • Керемет

    жан 24.07.2016 23:48 Ответить
  • Негізі жігерлі жан екен.Жігерің жасымасын.

    Шара 29.07.2016 10:15 Ответить
  • Негізі жігерлі жан екен.Жігерің жасымасын.Сəттілік. …

    Шара 29.07.2016 10:17 Ответить
  • Ленин деуші еді сені марқұм Бақыт бауырым

    Буддист 01.08.2016 16:36 Ответить

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню