Мұса пайғамбар қиссасы | DEGDAR

Мұса пайғамбар қиссасы

6queen-egypt-moses600

Ымыранның ұлы Мұса пайғамбар жайлы қазақ арасында қисса да көп, аңыз да көп. Ол жайлы алдағы уақытта кеңінен айта жатармыз. Әзірге пайғамбардың ғұмыры жайлы кішкене қиссаны оқи отырыңыздар.
Мұса пайғамбар дүниеге келерде оның елі Мысырда құлдықта болатын. Бір күні перғауын қорқынышты түс көреді. Түсінде бір жалын жер дүниені шарпып келіп, перғауынның үйін өртеп жібереді. Перғауын шошып оянып, көрген түсін бақсы-балгерге жорытты. Балшы:
– Ей, патшам! Мысырда биыл бір ер бала дүниеге келеді. Ол сені тақтан төңкеріп, патшалығыңды да опат етеді, – деді. Зәресі ұшқан перғауын жаңа туған балаларды өлтіруге әмір етті. Бұл кезде Ымыранның әйелі Лауһа да жүкті еді. Лауһа босана салысымен, ұлын емізді де, сандыққа салып, дарияға ағызып жіберді. Нілде қалқып жүрген сандықты перғауынның әйелі тауып алды. Қараса, ішінде нәресте жатыр. Баланың қылығы тәтті екен. Түрі де сүйкімді. Оны көрген әйел адамның аналық махаббаты оянып сала беретін. Перғауынның әйелі Әсияның осы балаға жүрегі байланды. Оны қимай, сарайда жасырын бақты. Осылайша перғауын қанша сақтық қылса да, оны жоятын бала патша тағының дәл қасында өсті. «Шебер Алла Мұсаны перғауынның сақалының астында тәрбиелеген» деген сөз содан қалыпты.
Әсия бөпені емізетін сүт ана іздеді. Көп әйелдің емшегінен бір тамшы сүт тамбады. Тек Мұсаның туған анасы Лауһаның ғана омырауы езіліп, сүт ана болып орналасты. Осылай баласы мен анасы сарайда қайта табысты. Бала жасына қарамастан, өте зерек, өте ширақ екен.
Бір күні сәбиді перғауын көріп қойды. Одан қауіптеніп, өлтірмекші болды. Алайда әйелі ара түсіп:
– Патша ием, шақалақ бөпе дұшпандықты біле ме? Егер одан қауіптенсең, сынап көрейік, – деп, бір табаққа алма, екінші табаққа көмірдің шоғын салып әкелді. Әсия:
– Бала шынымен зерек болса, шоқты емес, алманы алады. Ақымақ болса, шоқты ұстап, күйеді. Зерек болса, өлтір, – деді.
Бала алмаға қарай еңбектей жөнелді. Алманы алмақ боп, қолын соза бергенде, Жебірейіл періште ұшып келіп, оның бетінен шапалақпен тартып жіберді. Бала кілт тоқтап, шоқты көсіп алып, аузына салып жіберді. Тілі күйіп, шар ете қалды.
– Өлер жерін білмейтін ақымақ бала екен. Ақылды бала алманы алса керек, – деді Әсия. Перғауынның қаупі сейіліп, көңілі орнына түсті.
Мұса мығым денелі, ірі жігіт боп ер жетті. Бір күні ол құлдарды қамшымен сабап жүрген салықшымен ерегісіп қалды. Екеуі төбелесіп, оны өлтіріп қойды. Мұса жазадан қашып, Мәдина жаққа бой тасалады. Жолай бір құдық басында қой суғара алмай тұрған екі қызды көрді. Бұлар Шұғайып пайғамбардың қыздары еді. Мұса оларға жәрдемдесіп, қойларын суғарды. Шұғайып пайғамбар Мұсаны танып, оған қошемет көрсетті.
– Қаласаң, қызымның біреуін саған некелеп қосайын. Соның қалыңмалы ретінде маған он жыл қызмет ет, саған батамды берер едім, – деді Шұғайып. Мұса келісті. Уағдалы мерзім өткен соң, Мұса кетуге рұқсат сұрады. Шұғайып бірден жібергісі келмеді. Мұса тағы да екі жыл қой бақты. Содан кейін ғана жұбайы Сапураны алып, еліне қарай жол тартты. Бір күні Тұр тауына жеткенде оған пайғамбарлық қонды.
Осыдан кейін Мұса қасына туысқаны Харунды ертіп, перғауынға келді. Оған Алланың көмегімен көптеген мұғжизалар көрсетті. Бірақ перғауын Құдайды мойындамай, қасарысып отырып алды. Соның кесірінен Мысыр халқы көп бәлеге душар болды. Жаңбыр жаумай, қуаңшылық басталды. Елді аштық жайлады. Бақа-шаян қаптап, аспаннан шегіртке жауды. Мұса пайғамбар Мысыр шаһарында жиырма жыл уақыт толассыз насихат айтса да, перғауын өзін: «Мен де Құдаймын», – деп қасарысып отыра береді. Хақ тағала Мұса пайғамбарға Мысырдан көшерде Жүсіп пайғамбардың табытын тауып, қауымын түгел жинап, бір түнде бірге көшуге әмір берді.
Мұса қаладан Жүсіп пайғамбардың табытын іздеп таба алмады. Сол кезде бір әйел келіп:
– Әй, Мұса, Жүсіптің табытын мен айтайын. Бірақ бір шартым бар, – деді.
– Қандай? – деп сұрады Мұса.
– Алладан тіле. Өлген соң жаннатта сенімен көрші болғым келеді, – деді. Мұса келісіп, Алладан дұға тіледі.
Мұса бір түнде қауымын жинап, қаладан қашып шықты. Перғауын әскер алып соңынан қуды. Қызыл теңізге тірелгенде, Алла Мұсаға: «Асаңмен теңізді ұр!» – деді. Мұса теңізді ұрған кезде су екіге жарылып, барлығы арғы жағаға қарай ұмтылды. Перғауын бүкіл әскерімен жарты жолға жеткенде, теңіз қайта жабылды. Самсаған қол суға батып кетті. Ұлық Алла перғауынның бүкіл әскерін итбалыққа айналдырып жіберді. Ал перғауын әупілдек деген құсқа айналып кетіпті.
Мұса Бәйтәл Мұқаддасқа келіп зиярат жасап, Тұр тауына барып Алламен тілдеседі. Оған сол үшін «Мұса Кәлимолла» деген құрметті есім берілген. Ол «Алламен сөйлескен» деген мағынаны білдіреді. Осы тауда пайғамбарға Алладан Тәурат кітабы түсті.
Тәурат кітабы қызыл жақұтпен қапталған еді. Ол он бөліктен тұратын. Әр бөлігінде жүз сүре, әр сүресінде мың аят болды. Бірақ Тәурат кітабы тым ауыр болғандықтан, оны жүз түйеге теңдеген деген сөз бар. Мұса пайғамбар қолына алғанда ғана кітаптың салмағы жеңілдейтін. Мұса халқын Тәурат кітабымен тәрбиеледі.

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Меню Меню